Дәстүрлі медицина әдістерін регламенттейтін стандарт әзірленеді
|

KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі медицина әдістерін регламенттеу мақсатында стандарт әзірлейді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
- Қазіргі уақытта елімізде дәстүрлі медицинаны регламенттейтін талаптар мен рәсімдер айқындалмаған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дәстүрлі медицина әдістерін регламенттеу мақсатында стандарт әзірлейді. Бұл құжатта дәстүрлі медициналық көмек көрсетудің негізгі міндеттері, тәртібі және оны көрсету шарттары, оның ішінде мамандар мен жабдықтауға қойылатын талаптар реттеледі, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, дәстүрлі медицинаның бірнеше түріне – гомеопатия, рефлексотерапия, фитотерапия, мануалдық терапия, гирудотерапия, су-джок терапияға рұқсат берілген.
Елімізде қандай дәстүрлі медицинаға рұқсат берілген
KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына орай елімізде қандай дәстүрлі медицинаға рұқсат берілген айтты.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес дәстүрлі (халықтық) медицина тәсілдерін диагностика, емдеу және профилактика үшін қосымша тиісті рұқсаты бар медицина қызметкерлерінің ғана пайдалануына болады. Бүгінде елімізде тек дәлелді және дәстүрлі медицина әдістерін қолдануға рұқсат етілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес дәстүрлі медицинаның бірнеше түріне (гомеопатия, рефлексотерапия, фитотерапия, мануалдық терапия, гирудотерапия, су-джок терапия) рұқсат берілген, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, медициналық қызметтің осы түрлерін жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия мен маман сертификаты қажет.
— Жоғарыда аталған медицина түрлеріне жатпайтын емдеу әдістері заңсыз кәсіпкерлік немесе медициналық қызмет саналады. Заңсыз медициналық қызмет көрсеткен жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деді премьер-министр.
Олжас Бектеновтің жауабына берілген анықтамаға сәйкес, медициналық қызметті лицензиялау рәсімі 2015 жылдан бастап автоматтандырылған және «E-License» порталы арқылы көрсетіледі. Порталда «рұқсат беру құжатын іздеу» қосымша бетінен әрбір азамат (маманның ЖСН, БСН деректері бойынша) маманның және дәстүрлі медициналық орталықтардың рұқсат беру құжатының бар-жоғын көруге мүмкіндігі бар.
Марлан Жиембай




