Экологиялық кодекске пластик туралы жаңа тармақ керек – сарапшы
Экологиялық кодекске пластик туралы жаңа тармақ керек – сарапшы
4 жыл бұрын 4212 Айжан Қалиева

Қазақстандық эко-белсенділер пластиктің зияны туралы айтты.

Бүгін Орталық коммуникациялар алаңында «Қазақстанда өңірлердің пластикпен ластануы бойынша зерттеу жобасын іске қосу» тақырыбында өткен брифингте Jasyl Arystan экологиялық қорының өкілдері мен тәуелсіз сарапшы, эколог Әлия Күшбаева жуырда ғана толықтырулар енгізілген экологиялық кодекске пластикке қатысты арнайы тармақ қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі

БІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЫЛЫНА 42 КЕЛІ ПЛАСТИК ҚАЛДЫҒЫН ТАСТАЙДЫ

2019 жылы Қазақстанда көмілген коммуналдық қоқыс көлемі 3,5 млн тоннаны құраса, оның 600 мың тоннасы іріктеліп, 150 мыңы қайта өңделген.

«Қазақстанның әрбір азаматы күн сайын 1,5 келі қоқыс шығарады, кішкентай сәбиден бастап санасақ, бір қазақстандық жылына 42 келі пластик қалдығын тастайды. Жақында қабылданған экологиялық кодексте пластикке қатысты қатты қалдықтар туралы жазылған тармақта ғана бар. Меніңше, пластик жөнінде жеке тармақ болуы керек. Бүгінде пластик Қазақстан даласының ландшафт дизайнының бір бөлігі болып кеткен, бұл келешек ұрпақ үшін қауіпті проблема. Оқу орындарында экология деген арнайы пән енгізіліп, балабақшадан бастап университет қабырғаларына дейін жастарды экологиялық сауаттылыққа баулуды күшейтуіміз қажет, мемлекет тарапынан билбордтарда үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілуі тиіс», - деді Әлия Күшбаева.

«ПЛАСТИК ОБЫР КЛЕТКАЛАРЫН ОЯТАДЫ»

Эколог Марина Дробот пластик қалдығы адам ағзасындағы обыр клеткаларын оятатынын айтты.

«Пластик қалдығы әлемдегі флора мен фаунаға үлкен зиян тигізіп отыр. Мәселен, пластикалық құтыдағы су бір аптадан кейін қауіпті ерітінді зат бөле бастайды. Дамыған көп пластикке қарсы шара қолданып жатыр. Тіпті, бірнеше мемлекет бірреттік пластик ыдыстардан бас тартты. Пластик 70 түрлі қауіпті канцерогенді зат бөледі, ол адам ағзасына өте қауіпті. Жыл сайын миллиондаған адам мен жануар экологияның ластануынан өліп жатады. ДДСҰ пластик обыр аурулары мен генетикалық мутацияның көбеюіне алып келетінін дәлелдеді. Сол себепті, қазір әлемде пластиктен бас тарту үрдісі басталды. Францияда, АҚШ пен Кенияда косметикалық өнімдерге пластик бұйымдарын қосуға тыйым салынған. Біздің ел азаматтарына келсек, пластик өнімдерінің зияны туралы мүлдем ақпараттандырылмаған. Ел тұрғындары қауіпті пластиктерді оңды-солды пайдаланады. Туристік аймақтарда пластик бөтелкелер шашылып жатады. Мәселен, Каспий теңізінен бір күн ішінде 3 тонна қоқыс алынды. Балқаш көлінде өткен сенбілікте 15 тонна қоқыс алынды. Экологтар тарапынан жүргізіліп отырған арнайы мониторинг жоқ. Бұл бір күннің ғана көрсеткіші», - дейді эколог.

Пластик бұйымдарын тұтынбауға шақырған Jasyl Arystan ұйымының мамандары одан келетін зиян жағдайға қатысты үгіт-насихатты күшейтіп, жергілікті басқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқаратынын атап өтті.

0 пікір
Мұрағат