Ел азаматтары тегін алатын дәрілер тізбесі кеңейтіледі
Ел азаматтары тегін алатын дәрілер тізбесі кеңейтіледі
4 ай бұрын 513 kaz.inform.kz naryk.kz aikyn.kz Марлан Жиембай, Есімжан Нақтыбай, Ербол Жанат, Бегім Қайрат

KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарының жекелеген санаттарын белгілі бір аурулармен (жай-күймен) тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін кеңейтпек.

Ашық НҚА порталына орналастырған Денсаулық сақтау министрі бұйрығының жобасында келесі ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттардың 3 жаңа позициясын енгізу көзделген:

— лимфоидты, гемопоэтикалық және онымен байланысты тіндердің қатерлі ісіктері (апластикалық анемия мен иммундық тромбоцитопенияны қоса),
— онкологиялық аурулар,
— псориаз.

Жобаны іске асыру тиімді терапияның қолжетімділігін арттыруға, созылмалы және онкологиялық аурулары бар пациенттердің клиникалық нәтижелері мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Бұйрықты іске асырудың нәтижесінде созылмалы және онкологиялық аурулардан зардап шегетін пациенттер үшін қазіргі заманғы дәрілік заттардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Бұл ретте бұйрық қабылданған жағдайда дәрілік заттарды ел азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне енгізу және оларды ТМККК және МӘМС аясында 2026 жылдан бастап сатып алуды бастау көзделеді.

Бұған дейін жедел жәрдем бригадасынан қандай дәрі-дәрмекті талап ете алатындығыңызды жазған едік. 

Марлан Жиембай

Астаналық ғалымдар күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын түсіретін дәрі синтездеді

KAZINFORM – Назарбаев университеттің (NU – ред.) профессоры Нұршат Нұражы жетекшілік ететін Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің ғалымдары күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын төмендететін дәрілік зат синтездеп шығарды. Авторлар енді жобаны коммерцияға шығарудың мүмкіндіктерін іздеп жатыр.

 

NU ғалымдары мұнайдан өңделетін дәрі-дәрмекті тірі ағзалардың қалдығынан алу жобасын қолға алғанын бұған дейін де жазған едік. 

Жалпы биомассаны мұнай орнына өңдеп пайдалану идеясы әлемде талайдан бері бар. АҚШ Энергетика министрілігі адамзат өсімдіктен алынатын 12 молекуланың реакция тізбегін ашса, мұнайға тәуелділіктен құтылатынын мәлімдеген. Ғалымдарға осы теория кәдімгідей қамшы болып отыр.

Астаналық ғалымдар күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын түсіретін дәрі синтездеді
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Қазақстан ғалымдары биомасса ретінде шөптің, ағаштың, балдырдың, малдың, балық пен құстың тіндерін, сүйектің, жүн-терінің түрлі қалдығын пайдаланудың бірнеше жолын зерттеу нысаны етіп алған. Ол үшін қалдықтың белгілі бір түрін реакторға салып, қыздырады. Одан кейін ерітіндімен араластырып өңдейді. Осы реакциялардың әсерінен бөлініп шыққан целлюлоза мен сұйықтықты тазартып, арнайы құрылғы көмегімен сынақтан өткізеді.

Астаналық ғалымдар күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын түсіретін дәрі синтездеді
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Аталған мектептің аға ғылыми қызметкері Минавар Шаймардан бастаған бірнеше маман дәл осы тәсілмен жүгерінің өзегі мен күріштің қауызын өңдеп, қан қысымын реттейтін дәрінің субстанциясын ойлап тапқан. Одан жасалатын дәрінің медицинадағы ресми атауы – празозин. Бұл дәрі негізінен қантамырларды кеңейтуге, жүрек қағысы әлсіз адамдарға, қуық асты безінің зәр шығаруға кедергісін жеңілдетуге, жарақаттан кейінгі күйзелісті сейілтуге қолданылады.

Астаналық ғалымдар күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын түсіретін дәрі синтездеді
Фото: М. Шаймарданның жеке мұрағатынан
Топ жетекшісі нақты нәтижеге қол жеткізу үшін үш жыл уақыт кеткенін айтады.

- Жүгері мен күрішті таңдағанымыз, болардың құрамында гемицеллюлоза бар. Осы гемицеллюлозадан бағалы молекулаға қажет заттар көп. Жүгерінің өзегін ұнтақтап, арнайы қышқылмен өңдеп, бағалы молекула алдық. Күріштің қауызын да дәл осылай химиялық жолмен ылғалдандырып көрдік. Екеуі де сәтті шықты деуге болады. Бұдан кейін Англиядан арнайы сатып алған қондырғымен төрт сатылы химиялық реакция түзіп, дайын өнім алдық. Дәстүрлі тәсіл бойынша бұл төрт сатының әр сатысын бөлек-бөлек жасайтынбыз. Оның бәріне уақыт, күш-қайрат, қуат керек болатын. Ал мына ағынды типтегі қондырғының арқасында дайын экстрактан қажетті өнімді алатын тізбек құра алдық, - дейді Минавар Шаймардан.

Қондырғыны жасап шығарған англиялық компания Қазақстан ғалымдарының бұл жетістігін LinkedIn-де жариялапты. 

Астаналық ғалымдар күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын түсіретін дәрі синтездеді
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Дәріні жасап шығарумен жұмыс бітпейтіні белгілі. Препараттың молекулалық құрылымын дәлелдеу үшін ядролық магниттік резонанстан (NMR - молекула ішіндегі атомдардың орнын анықтайтын «магниттік сканер») өткізген. Осыдан кейін ғана жүгері өзегі мен күріш қауызынан қан қысымын түсіретін дәрі жасауға болады дейтін ғылыми қорытынды жасауға мүмкіндік алған.

- Ендігі сатыда біз жобаны фармакопия стандарттары арқылы өнімнің тазалығын, уытсыз екенін дәлелдеп шығуымыз керек. Осыдан кейін коммерцияландыруға көшеміз. Өйткені клиникалық сынақта өткізудің қажет жоқ болып шықты. Бұл дәрінің басқа экстракттан жасалған түрлері медицинаға белгілі. Енді соны жүгері мен күріш қауызынан алғанымызды дәлелдесек жетіп жатыр, - дейді ғалым.

Денсаулық сақтау министрлігі жобаға коммерцияландыру сатысында қолдау көрсетуге ниет танытыпты.

Бұл топ жүгері өзегі мен күріш қауызынан фуросемид атты дәрі де синтездеп жатыр.

Минавар Шаймардан
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
- Оны да синтездеп бітірейін деп қалдық. Өткенде Премьер-министр Олжас Бектенов осы университетке келген таңдаулы 87 жобаның ішінде біздің екі жобаға да қолдау көрсету керектігін айтып кетті. Мемлекет деңгейінде қолдау болайын деп тұр. Олай болатын жөні де бар. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да қан қысымына шағымданатын адам көп, - дейді Минавар Шаймардан.

Кейіпкеріміз жоғары білімді Қытай Астанасы Бейжіңде жалпы химия мамандығын бойынша алған. Кейін Қазақстанға қоныс аударып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне магистратураға түседі. Ал докторлық дәрежені Қазақ-британ техникалық университетінде қорғап шыққан.

Астанадағы ұлттық зертханада биомассаны мұнай орнына пайдалану жобасына атсалысып жүргеніне үш жыл болыпты.

Есімжан Нақтыбай

Миллиардтаған қолдауға қарамастан фармацевтикада отандық өнім үлесі 16% ғана

Мәжілісте халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит қорытындылары қаралды.

Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген аудит аяқталды. Нәтижелерін Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында баяндады.

Азаматтар үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. 2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар өзекті мәселелер мен кемшіліктер анықталды. Олар ғылым мен өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен халыққа дәрі-дәрмек беруді ұйымдастыруға дейін барлық деңгейде кездеседі.

Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім.

2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі де жасалмаған. 

«Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен. Соңғы он жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген», — деп атап өтті Ә. Смайылов.

Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін ауқымды көлемде жеңілдіктер мен преференциялар беруде. Соңғы үш жылда осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы бес жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өсті.

«Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқаруда», — деді Палата төрағасы.

Жұмыс істеп тұрған 200-ден астам отандық тауар өндірушінің 34-і ғана ұзақ мерзімді шарттар түрінде  мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана алды. 

Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға мүмкіндік жасайды. Мәселен, 2024 жылы жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Таиландтан сатып алған партиясымен сәйкес келеді. 

«Бұл жағдай шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелін көрсетеді. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда екі есе жоғары бағамен сатылған. Мұндай схемалар импортты алмастыру саясатының мәнін бұрмалап қана қоймай, мемлекетке тікелей залал келтіреді», — деді Ә. Смайылов. 

Палата төрағасы өндірісті локализациялау кезіндегі тәуекелдерді ерекше атап өтті. Кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланады. Бұл тиісті бақылау болмаған жағдайда нарыққа сапасыз өнімдердің түсу ықтималдығын арттырады. Мысалы, компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған.  

Аудит дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғанын және ұзақ уақыт алатынын анықтады. Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі-дәрмекті сатып алуы үшін ол бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет. Қолдан жасалған шектеулер салдарынан сатып алудың басым бөлігі бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкеледі.

Бағаны реттеу жүйесі дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне және бағаның негізділігіне қамтамасыз етпейді. Қолданыста болған үстеме бағалар жүйесі нарық үшін шекті бағаларды өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін, бюджет есебінен сатып алу үшін 35%-ға дейін негізсіз арттыруға мүмкіндік берген.

«Денсаулық сақтау министрлігі біздің нұсқамаларды орындау шеңберінде Баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізіп, үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарады», — деді Ә. Смайылов.

Дәрілік заттарды сараптаудың, тіркеудің және кейіннен қадағалаудың қолданыстағы тәртібі дәрі-дәрмектің қолжетімділігін, қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз етпейді. Препараттарды сараптаудың рұқсат етілген нормативі 210 күн болғанына қарамастан, 2024 жылы сараптаудың орташа мерзімі 334 күнге созылған. Кейбір жағдайларда сараптама ұзақтығы 2,5 жылға дейін жеткен.

Сонымен қатар аудиторлар фармакологиялық қадағалау құралдары тиімсіз деп есептейді. Үш жыл ішінде келіп түскен дәрі-дәрмектердің жанама әсері туралы 8 мыңға жуық хабарламаға қарамастан, Фармбақылау комитеті бір ғана препаратты қолданыстан алып тастаған.

Шарттарды дер кезінде жасамау және жеткізу графиктерін сақтамау пациенттерді дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Бірыңғай дистрибьютор соңғы үш жылда тек амбулаториялық көмек шеңберінде 207 атаудан тұратын өнімді уақытылы сатып алмаған және 164 өнімді мүлдем сатып алмаған. 

Бірқатар препарат ай сайын бөліп таратылудың орнына тоқсан сайын жеткізіліп, тапшылық  туындаған. Соның салдарынан пациенттер оларды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болған.

2024 жылы өндірушілермен жасалған тікелей келісімшарттар бойынша сатып алынған препараттардың үлесі небәрі 9%-ды құраған. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор препараттарды «СТ-KZ» сертификатынсыз сатып алып отырған, бұл соңғы үш жыл ішінде шамамен 258 млрд теңгеге жеткені анықталды.

Логистика шығындары үш жыл ішінде 60% өсіп, өткен жылы 11 млрд теңгеге жеткен. Бұл да дәрі-дәрмектердің бастапқы құнына әсер етеді.

Жарамдылық мерзімінің өтуі жақындаған препараттарды тарату бойынша 67 мыңнан астам факті анықталды. Бұл олардың жарамсыздығына және қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына әкелді. Сонымен қатар пациенттерге қажеттіліктен асатын көлемде немесе клиникалық хаттамаларда көзделмеген препараттарды тағайындау фактілеріне жол берілген.

Аудит барысында ең қымбат 15 препарат бойынша бюджеттік және нарықтық сегменттегі құн айырмасы 600%-ға дейін жеткені анықталды. Бұл жағдайға басты себеп – тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада сатылады. 

«Мұндай фактілер дәрі-дәрмекті беру және оның айналысын бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді», — деп атап өтті Ә. Смайылов.

Отандық денсаулық сақтау жүйесінде 1133 клиникалық хаттама қабылданған. Олардың шамамен 70%-ы 5-12 жыл бойы қайта қаралмаған. Бұл – халыққа ескірген медициналық технологиялар бойынша көмек көрсету деген сөз.

Жалпы екі аудиттің қорытындысы бойынша:

  • 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар;
  • 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны;
  • 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды.

Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.

«Аудит нәтижелері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалардың барын көрсетеді. Анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін қадағалап отырады», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.

Отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізу үшін 7 жоба қарастырылып жатыр

KAZINFORM – Елімізде отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыру үшін 7 ірі жоба қарастырылып жатыр. 

 

– Бізге Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін фармнарықта отандық тауардың үлесін 50 пайызға жеткізу тапсырмасын жүктеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 15 пайызды құрады. Министрлік жұмыс жүргізіп, инвестиция тартумен айналысатын жобалық кеңсе ашылды. Соның арқасында 7 жоба келіп түсті. Біз басқа мемлекеттік органдармен бірге оларды қарап жатырмыз. Бұл 7 жобаны жүзеге асыру үшін 700 млн доллардай инвестиция керек, - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ОКҚ алаңында. 

Спикердің айтуынша, бұл жобалардың бәрі дәрілік заттарды өндіруді жергіліктендіруге бағытталған.

— Оларды іріктеу барысында, бірінші кезекте, жергілікті экономикамен қаншалықты кіріктірілгеніне мән береміз. Қазақстандық шикізат мөлшері көп болуы, бағаның қалыптасуы, жұмыс орындарының саны, сондай-ақ осы жобаның жүзеге асуы арқылы қаншалықты елімізде дәрі-дәрмек қауіпсіздігі қамтамасыз етілетініне мән береміз, - деді вице-министр. 

Бұған дейн ел азаматтары тегін алатын дәрілер тізбегі кеңейтілгенін жазған едік. Сондай-ақ елімізде дәрі-дәрмектің бағасы 30 пайыз арзандайтыны белгілі болды. 

Ербол Жанат

2024 жылы 171,6 млрд теңгенің фармацевтикалық өнімі өндірілді

2024 жылы қазақстандық фармацевтикалық өнімнің көлемі 22% артып, 171,6 млрд теңгеге жетті. Тартылған инвестицияның көлемі екі есеге артып, 91,3 млн АҚШ долларын құрады. Экспорт 32,9% өсіп, 52,1 млн долларға жетті.

Фармацевтикалық өнімнің 2 466 атауына 34 қазақстандық өндірушімен 10 жылға дейінгі мерзімге 90 ұзақ мерзімді шарт жасалды. 

Әлеуметтік мәні бар дәрі-дәрмектерге нақты қажеттілікті есепке алу үшін ұзақ мерзімді шарттар жасасу тәртібі қайта қаралуда. 

Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca сияқты әлемдік компаниялармен келісімшарттық өндіріс туралы келісімшарттар жасалды. 

Локализациялауға қойылатын талаптар күшейтілді, бірегей препараттар өндірісі ынталандырылды, бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, нормативтік базаны қайта қарау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан өндірушілер үшін салықтық және инфрақұрылымдық преференцияларды қоса алғанда, жеңілдікті шарттар қолданылады.

Бүгінгі таңда елімізде 207 қазақстандық тауар өндіруші жұмыс істейді, 2023 жылы олардың 193-і болды, олардың 43-і дәрілік заттарды өндіруге, 164-і медициналық бұйымдарды өндіруге мамандандырылған.

Елімізде дәрі-дәрмектің бағасы 30 пайызға арзандайды

KAZINFORM – Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы 30 пайызға арзандайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтты. 

— Былтыр бізге айтылған сындардан кейін бағаның қалыптасу моделін өзгертетінімізді хабарладық. Министрлік ауқымды жұмыс жүргізіп, бұл модельді өзгертті. Дәрі-дәрмекке қосылатын бірқатар қосымша құн алынып тасталды. Біз маркетингке, кеденге, көлікке жұмсалатын шығынды бағаға қосуды жөнсіз деп таптық, - деді ол ОКҚ алаңында.

Оның айтуынша, осының арқасында дәрі-дәрмектердің бағасы айтарлықтай арзандауы тиіс.

— Бүгінгі күні бір ғана үстеме баға қалдырылды, ол өндіруші зауыт белгілеген құнға қосылады. Аталған модель қазірдің өзінде сынақтан өтіп үлгерді, сондықтан 1 шілдеге дейін Қазақстан аумағында тіркелген барлық дәрілік заттарға қайта есептеу жүргізіледі. Қазір фармацевтикалық қауымдастықпен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз бұл модель бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберіндегі дәрілердің бағасы шамамен 19%-ға, ал көтерме-бөлшек сауда саласында шамамен 30%-ға төмендейді деп болжап отырмыз, - деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейн ел азаматтары тегін алатын дәрілер тізбегі кеңейтілгенін жазған едік.

Ербол Жанат

Барлық ауруға қарсы дәрілерді жасанды интеллект 10 жылда жасайды
ЖИ жасаған жаңа дәрілерді адамдарға сынау басталды. Сынақ сәтті болса, жаңа препараттар коммерциялық қолдануға рұқсат алады.

Google компаниясының DeepMind зертханасынан бөлініп шыққан Isomorphic Labs зертханасы жасанды интеллект көмегімен жобаланған препараттарды адамға сынақтан өткізуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл жаңалықты Isomorphic Labs жетекшісі, Google DeepMind бизнес бөлімінің директоры Колин Мердок айтқан.

Isomorphic Labs зертханасы 2021 жылы құрылған. Компания 2021 жылдан бері DeepMind-тың AlphaFold технологиясына сүйеніп, 5 жыл ішінде ЖИ платформаны дәрі-дәрмек жасап шығару процесіне енгізді. Олардың ЖИ жүйесі биологиялық деректерді талдау, ауруға әсер ететін дәрілерді анықтау және жаңа молекулаларды жобалау сияқты күрделі тапсырмаларды жылдам орындау үшін жасалған.

Компанияның келесі маңызды қадамы – алғашқы клиникалық сынақтар. Егер олар сәтті өтсе, ЖИ жасаған препараттарды коммерциялық қолдануға рұқсат алады. Бұл дәстүрлі дәрі-дәрмек жасаудағы ұзақ және қымбат процестерден әлдеқайда тиімді болмақ.

2024 жылы Isomorphic Labs зертханасы Novartis және Eli Lilly сияқты ірі фармацевтикалық компаниялармен серіктестік орнатқан. Ал 2025 жылдың сәуірінде Thrive Capital жетекшілігімен 600 миллион доллар көлемінде алғашқы сыртқы инвестиция тартты.

Колин Мердоктың айтуынша, олардың басты мақсаты – сынаққа түсу мүмкіндігін арттыру, процесті жылдамдату және нақты нәтиже алу үшін AlphaFold-тың технологиясын барынша тиімді қолдану. Дәстүрлі әдіспен бір ғана препаратты нарыққа шығару үшін фармацевтикалық компаниялар миллиондаған доллар жұмсайды. Ал Isomorphic Labs-тағы ЖИ технологиясы бұл көрсеткішті едәуір арзандатады.

«Біз бұл бағытта жылдамдықты, шығынды төмендетуді және терапиялардың сәттілік мүмкіндігін арттыруды мақсат етеміз. Бір күні «аурудың атын енгізесің де, бір шерту арқылы соған арналған дәрі жасауға болады» деп айтқымыз келеді», – дейді Колин Мердок.

Демис Хассабис: «ЖИ-ді қолданатын ең маңызды сала – адамдардың денсаулығын жақсарту». Фото isomorphiclabs.com сайтынан алынды

Google DeepMind бас директоры Демис Хассабис жасанды интеллект алдағы онжылдықта барлық дерлік ауруды емдеуге көмектесе алатынын айтады. Демис Хассабис пен Джон М.Джампер ақуыздың құрылымын болжауда ЖИ-ді пайдаланғаны үшін 2024 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығын алғанын білеміз.

Бұл жолы Демис Хассабис ЖИ келесі он жыл ішінде көптеген ауруларды емдеуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. CBS телеарнасына берген сұхбатында 48 жастағы британдық ғалым бір ғана дәріні дәстүрлі әдіспен әзірлеуге 10 жыл және миллиардтаған доллар қаражат қажет ететінін айтқан. Ол жасанды интеллектің көмегімен бұл үдерісті бірнеше айға, тіпті апталарға дейін қысқартуға болатынына сенеді.

DeepMind әзірлеген жасанды интеллект алгоритмі таңғаларлық жетістіктерге жеткен. Небәрі бір жылдың ішінде бұл модель 200 миллион ақуыз құрылымын талдап, картаға түсіріп берген. Бұны ғалымдар дәстүрлі тәсілдермен 1 миллиард жыл бойы жасайтын еді. Өйткені бір зерттеушіге бір ғана ақуыз құрылымын зерттеу үшін төрт-бес жыл қажет. Ал ЖИ бір жылда 200 миллион құрылымды өңдеп шыққан.

Ақуыз құрылымдарын түсіну – дәрі-дәрмек әзірлеудегі маңызды мәселе. Хассабистің айтуынша, «егер біз протеиннің қандай функция атқаратынын білсек, ауру кезінде не дұрыс істемей жатқанын түсіне аламыз. Сәйкесінше, оның құрылымын білсек, ақуыздың қажетті беткі бөлігімен байланысатын дәрілер мен молекулаларды жобалай аламыз».

Isomorphic Labs зертханасының артықшылықтары – ЖИ-дің есептеу ресурстарын қолданып, жылдам, тиімді, жоғары дәлдікте препараттар жасау.  Фото cnet.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Компания туралы қысқаша мәліметтер

Isomorphic Labs – Google DeepMind-тен 2021 жылы бөлініп шыққан стартап. Мақсаты – ЖИ-дің көмегімен барлық ауруларға ем табу. Стратегиясы – AlphaFold негізіндегі ЖИ платформасын жаңа дәрілер жасауға қолдану. Жақын уақытта жаңа препараттарды адамдарға клиникалық сынақтардан өткізуді бастайды. Инвесторлары – Novartis, Eli Lilly серіктестері. Thrive Capital жетекшілігімен $600 млн инвестиция тартқан.

Компанияның артықшылықтары – ЖИ-дің есептеу ресурстарын қолданып, жылдам, тиімді, жоғары дәлдікте препараттар жасау.  Қиындықтар – клиникалық сынақтар арқылы жаңа дәрілердің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеу, реттеушілердің талаптарын орындау.

Isomorphic Labs-тың жаңа дәрілерді адамдарға сынауды бастауы ЖИ арқылы дәрі-дәрмек жасау саласында серпінді өзгерістер болатынын білдіреді. Олардың амбициясы – ЖИ көмегімен дәстүрлі фармацевтиканы толықтай өзгерту.

Isomorphic Labs-тың дамуы – медициналық зерттеулерде ЖИ-дің зор мүмкіндігін пайдаланудың нақты дәлелі. Егер сынақтар сәтті болса, онда ауруларға қарсы күресте жаңа дәуірге, жылдам әрі арзанырақ терапияларға қадам жасалары анық. Бұл – ғылым мен технологияның адам денсаулығына қызмет ету бағытындағы жемісті синтезі.

 

 

 

0 пікір
Мұрағат