Елде алиментті есептеу жүйесі өзгереді
Елде алиментті есептеу жүйесі өзгереді
2 ай бұрын 805 24.kz

Қазақстанда алиментті есептеу тәртібі өзгерді, деп хабарлады  24.kz 

Енді азаматтың қаржылық жағдайы қиындаса, соттар оны елеп-ескеруге міндетті. Бұл өзгерісті Конституциялық сот енгізді. Бұған бірқатар тұлғалардан түскен арыз-шағымдар түрткі болған. Алайда, бұдан борышкерлер саны азаймағанын да ескерген жөн.

Елімізде алимент төлеуден жалтарып жүргендермен күрес қалай жүріп жатыр? Жеке сот орындаушысы Қанат Тұрсынов күніне ондаған үйдің табалдырығын тоздырады. Өйткені, алимент төлемей жүрген азаматтарды табуы керек.

"Борышкерлердің көбі жалған мекенжайға тіркеліп, ресми жұмысқа орналаспайды", - дейді ол. Бүгінде Қанат Тұрсыновтың мойнында алиментті өндіру бойынша 680 іс бар. Олар жыл сайын көбейіп келеді.

Қанат Тұрсынов, жеке сот орындаушысы: - Мына жерде орындаудағы істер жиналған. Ал мыналар 18-ден асқан балалардың істері. Кейде ажырасқандар қайта қосылып жатады. Бірақ, арызын қайта алмайды. себебі, кез келген уақытта қайта ажырасып кетуі мүмкін. Сондықтан ешқандай талап-арызым жоқ деп қолхат жазып береді. Ал алименттен жалтарып жүргендерді құрықтауға «Қорғау» жүйесі көмектеседі. Бағдарлама полиция қызметкерлеріне борышкерлердің атына тіркелген көліктің қайда жүргенін көрсетеді.

Руслан Рақышев, қалалық патрульдік полиция жасағының аға инспекторы: - Біз автокөлік тоқтатылғаннан кейін жеке сот орындаушысының өзінің жеке телефон нөмірі болады. Сол нөмірге хабарласамыз. Жеке сот орындаушысы келеді. Мәшинесін айып тұрағына қоямыз. Жаңағы азаматты жеке сот орындаушысына береміз. Ары қарай іс жеке сот орындаушысына кетеді.

«Көлік айып тұрағында борышкер қарызын толық өтегенше тұрады. Егер алимент төленбесе сот шешімімен мүлік аукционға қойылып, сатылады. Бұл олардың берешегінен уақытылы құтылуына түрткі болмақ. Себебі, қыруар қаржы тапса да алимент төлеуге асықпайтындар көп. Тіпті берешегі бола тұра құмар ойынға қатысатындар да бар», – дейді мамандар.

Құдірет Ақылбек, Астана қаласы Нұра ауданының прокуроры: - 24 жылдан бастап Астана қаласы бойынша 8 млн 600 мың теңге қарызы бар 8 борышкер Қонаев қаласында орналасқан, Шучинск қаласында орналасқан казиноларға барып 9 млн теңге қаражатын ойынға салған. Оған қоса 1 млрд теңгеден астам қарызы болған 500 борышкер онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселерде 1,5 млрд теңге көлемінде бәс тіккен.

Прокуратура мәліметіне сай, бұл азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, жеке мүлкін басқа адамның атына тіркеп, табысын жасыратындар бар. Мәселен, астаналық кәсіпкер ірі компанияның басшысы бола тұра өзіне 85 мың теңге жалақы тағайындап, алиментті сол сома бойынша төлеп келген. Бұл туралы оның бұрынғы әйелі мәлімдеді. Сол-ақ екен, әлеуметтік желіде ол басқаратын оптикадан бас тартуға шақыратын жазбалар көбейіп, халық мекеменің рейтингін түсіріп тастады. Пиаршы Зарина Ахметжанова бұл елімізде азаматтық қоғамның қалыптасқанын көрсетеді дейді.

Зарина Ахметжанова, PR кеңесші: - Біріншіден, біздің азаматтық қоғамның дамуы. Екіншіден, заңдардың әлсіздігі. Үшіншіден, әділетілікке деген жоғары сұраныс. Мұндай факторлар жиналған кезде халықтық соттар пайда болады. Оны бүгінгі күні біз cansel мәдениеті дейміз. Яғни, әділет үшін қоғам да күресе бастады. Бұл тек кінәліні жазалау бағытында ғана емес, алимент төлемін әділ белгілеуді сұраудан да көрініс тауып отыр. Мәселен, енді соттар төлем көлемін есептегенде борышкердің табысы азайғанын ескеруге міндеттеледі. Яғни, қаржылық қиындығы пайда болған азамат алимент сомасын төмендету туралы өтініш жолдауға қақылы. Конституциялық сот заңға бұл өзгерісті қазақстандықтың арызынан кейін енгізген.

Әмір Омаров, ҚР Конституциялық сотының өкілі: - Нормативтер борышкердің материалдық және отбасылық жағдайы алимент көлемін өзгертуге себеп бола алмайды деп көрсетілген. Ал неке туралы кодексте керісінше жазылған. Осыған байланысты Конституциялық сот үкіметке қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізуді ұсынды. Бүгінде Астанада 21 мыңнан астам азамат сот шешімі бойынша борышкер деп танылған. Берешектердің жалпы сомасы 18 млрд теңге шамасында.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Диас Қобланбаев. 

Түркияда баламен бірге анаға алимент төленеді

Алимент мәселесі әлем елдерінде өзекті. Міндетінен жалтарғандарға көп елде жаза қатаң. Ал оның мөлшері әр елдің заңына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, Америкада бала 21 жасқа толғанша ата-ана қаржылай қолдауға міндетті. Ал Түркияда ерлі-зайыпты ажырасса, баланы әкесі материалдық тұрғыда қамтамасыз етуі тиіс.

АҚШ-та балаға алимент 21 жасқа дейін төленеді

АҚШ-та алимент мөлшері екі әдіспен есептеледі. Алдымен, ата-ананың табысы біріктіріліп, жалпы қажеттіліктерге қарай бөлінеді. Мұнан бөлек, пайыздық модель де бар. Ата-ананың біреуінің табысынан белгілі бір мөлшерде алимент ұсталады. Мысалы, Нью-Йорк штатында бір балаға жалпы табыстың 17%-ы, екеуіне 25%, үшеуіне 29%-ы төленеді. Ата-ана бала 21 жасқа толғанға дейін қаржылай қолдауға міндетті. Ал мүгедектігі болса 26 жасқа дейін ұзартылады.

Бельгияда алимент бала жасына қарай есептеледі

Ал Бельгияда Азаматтық кодекс бойынша ата-аналар алиментті бірлесіп төлейді. Оларды есептеу кезінде баланың қажеттілігі, ата-ананың табысы, ажырасуға дейінгі отбасының өмір сүру деңгейі ескеріледі. Алимент мөлшерін анықтауда «Ролан Ренар ережесі» деп аталатын әдіс қолданылады. Соған сәйкес, 1-5 жастағы балаларға ата-ана табысының 12%-ы, 6-17 жастағыларға 15%, ал 17 жастан асса 25% мөлшерінде алимент төлеуге міндетті. Ерекше балаларға арналған шығын жоғары болады. Алимент баланың тұрғылықты жеріне қарамастан ай сайын төленеді. Оны төлейтін ата-анаға мемлекеттік салықты 80%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беріледі.  

Таиландта алиментті ата-ана бірігіп төлейді

Таиландта ата-ананың екеуі де бала 20 жасқа толғанша оны қаржылай қолдауға міндетті. Егер ата-анасы заңды некеге тұрмаса, әкесінің бала алдында ешқандай міндеттемесі болмайды. Жергілікті заң бойынша некесіз туған баланы тәрбиелеу анаға жүктеледі.

Австралияда табыстың 25%-ы алиментке бөлінеді

Австралияда алимент мөлшері ата-ананың жылдық табысының 25%-ына тең. Көмекақы бала кәмелет жасына толғанға дейін төленеді. Міндетінен жалтарған ата-ананың шотынан алимент сомасы ескертусіз алынып отырады. Мұнан бөлек, ажырасу кезінде бала тәрбиелеп отырған әкесі мен анасы ортақ мал-мүліктің 65%-ын өз иелігіне қалдыра алады. Бұл процесс шамамен 2 жылдан 4 жылға дейін созылады.

Түркияда баламен бірге анаға алимент төленеді

Түркияда ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесімен қалдырады. Өйткені, отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндетті. Балаға төлейтін алимент мөлшері – айына 100 бен 1000 доллар аралығында. Сондай-ақ, анаға да алимент төленеді. Мәселен, ажырасқан ер адам әйелін екінші рет тұрмысқа шыққанша қаржылай қолдауға міндетті.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

 

 

0 пікір
Мұрағат