Елдегі медициналық туризм әлеуеті артып келеді
Елдегі медициналық туризм әлеуеті артып келеді
2 сағат бұрын 35 24.kz

Елімізге келетін туристер қатары артып келеді, деп хабарлады 24.kz

Шетелдіктер тұмса табиғат аясында дем алу үшін ғана емес, жанына дауа табу үшін де біздің жерге ат басын бұрады екен.

Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда Қазақстанға келген медициналық туристер легі 5 есе көбейген. Расымен солай ма? 

Шетел азаматтары арасында Қазақстанның денсаулық сақтау саласына сенім жоғары. Мұны әлгінде өзіңіз айтқан ресми статистика растайды. Енді осы тақырыпты әрмен өрбітсек. Қазақстанға дертіне ем іздеп келетін саяхатшылардың саны күрт өсті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова халықаралық конференцияда айтты.

Оның сөзінше, соңғы бес жылда медициналық туристер ағыны 5 есе көбейген. Атап айтсақ,  Қытайдан келетін азаматтар саны 24 есе, Үндістаннан – 40 есеге артқан.

«Сонымен қатар, Түркиядан келушілер легі үш есе өскен. Бұл  елдегі медициналық қызмет сапасын арттыру, емдеу мекемелерін халықаралық стандарттарға сай жабдықтау мен туристерге қолайлы жағдай жасаудың жемісі», - дейді ведомство басшысы.

Қазақстанға келетін медициналық турист саны 5 есе өсті

Қытай - 24 есе Үндістан - 40 есе Түркия - 3 есе  өсті 

Шымкент емдеу ісінде көш басында тұр. Мегаполис ауруханаларында былтырдың өзінде шетел азаматтарына 150-ге тарта аса күрделі операция жасалған   . Олардың дені нейрохирургия,  кардиохирургия, трамвтология және таранс-плант-ологиялық ота. Дертіне шипа тапқандардың дені Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей мен Швейцариядан келген.

Жергілікті дәрігерлер 10 жылдан бері ағза трансплантациясымен айналысады. Осы мерзім ішінде бүйрекке жасалған 200-ден астам отаның 95 пайызы сәтті аяқталып, науқастардың өмірі ұзарған. Медициналық туризмнің дамуына емдеу ісіне инновациялық технологиялардың енгізілуі серпін берді. - дейді ақ халаттылар.

Бүгінде ауруханалардың озық құралдармен жабдықталуы 87 пайыздан асқан. Жыл сайын 150-ге жуық маман тұрақты түрде Литва, Ресей, Түркия елдерінде біліктілігін арттырады.

Марат Құлмұрзаев, дәрігер-нейрохирург: - Науқастар көбінесе Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінен келеді. Келетін науқастардың диагнозы нейрохирургиялық диагноз. Инсульттен кейінгі жағдай, миды қоректендіретін тамырлардың іштен бітеле бастауы, атеросклероз. Оған қосымша бас миындағы ісіктер, қиын жерде орналасқан ісік болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайда олар таңдау жасап, бір-бірінен естіп, осында ота жасатып кетіп жатыр.

Астанадағы Ұлттық нейрохирургиялық орталық та туристер үшін тартымды болып тұр. Мұнда жылына 50-ден астам шетел азаматы емделеді. Дәрігерлер жыл сайын аса күрделі 5 мыңнан аса ота жасайды. Басым бөлігі - ми ісіне. Заманауи орталық соңғы үлгідегі жабдықтармен  жарақтанған. Қазір мұнда 150-ге жуық дәрігер болса, соның 40-тан астамы нейрохирур.

Дональд Валлис, науқас: - Мен агроөнеркәсіп саласында өмір бойы еңбек етіп келемін. Қазақстанға алғаш рет 33 жыл бұрын келдім. Кейінгі жылдары аяғым сыр берді. Жағдайым күннен күнге күрт нашарлаған соң, осы орталыққа жүгіндім. Дәрігерлер дереу магниттік-резонанстық томография жасап, аурудың себебін анықтады. Соған сай ем шара жүргізді. Мұндағы ақ халатты абзал жандардың кәсібилігіне тәнті болдым.

Нұрәли Әшіров, дәрігер-нейрохирург: - Бізде мақтанарлықтай гамма-пышақ аппараты бар. Ол Орталық Азия бойынша жалғыз аппарат. Көбіне бас миы ісігінде қолданамыз, сондықтан кейбір науқастар соны тауып, емі жасалатын біліп, бізге келеді.

Иә, елде медициналық туризмнің әлеуеті зор. Мұны әлгіне айтқан стастика растайды. Сондықтан оны дамыту алдағы уақытта да басым бағыт болып қала бермек. Дәл осы тақырып елордада  өтіп жатқан ауқымды форумда талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, медициналық орталық мамандары және халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Форум аясында саламатты қоғам қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаузалды. Ал медициналық туризмді дамыту мақсатында Туризм және Денсаулық сақтау министрліктері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Әлемде қай елдердің медицинасы қымбат?

Әлем бойынша Американың медицинасы ең қымбат. Жалпы тәжірибелі дәрігерден кеңес алу құны орташа есеппен 190 доллар. Бұл теңгеге шаққанда 102 мыңдай. Ауруханада жатып, ем алу одан екі есе қымбат. АҚШ-қа көршілес Канадада оның құны 115 доллар. Ал Швейцарияда басы ауырып, балтыры сыздағандар 20 минут дәрігердің кеңесін алу үшін 103 доллар төлейді. Бұл теңгемен 55 мың. Егер белгіленген уақыттан асып кетсе, әр 5 минутқа үстеме ақы алынады. Бұл баға еуропа елдерінде 5 мың теңгеге арзанырақ. Мәселен, Норвегия мен Германияда дәрігердің кеңесі 75 еуро тұрады. Австралия медицинасы да осы мөлшерде. Ал Азия елдерінің ішінде Сингапурда емделу қымбатқа түседі. Мәселен, көз дәрігеріне жазылу құны 57 АҚШ долларынан басталады. 

АҚШ - $190 Канада - $115 Швейцария - $103 Норвегия мен Германия - $86 Австралия - $86 Сингапур - $57 Бразилия - $23 

Дереккөз: MSH International

Медициналық туризмі кенже қалған елдер

Әлемнің кей елдерінде медициналық туризм саласы кенже қалып отыр. Мұның басты себептері – инфрақұрылымның әлсіздігі, білікті мамандардың тапшылығы және саяси тұрақсыздық. Аталған мәселелер қай елдерде шешімін таппай отыр? 

Медициналық туризмі кенжелеп қалған елдің бірі Папуа – Жаңа Гвинея.  Мемлекет саяхатшылар үшін тартымды болғанымен кей аймақтарында құқықтық тәртіптің әлсіздігі, қылмыс деңгейінің жоғары болуы және әлеуметтік шиеленістер бұл саланың дамуына тосқауыл болып отыр. Сарапшылар оны дамыту үшін инфрақұрылымды жақсарту, кадрларды дайындау және қауіпсіздік мәселелерін шешу бағытында кешенді жұмыс жүргізуі қажет.

«Тек осылай ғана  аралды ел медициналық туризм нарығында өзін көрсете алады», -дейді.

Медициналық туризімі әлі де тұралап тұрған елдің қатарына Филиппинді де жатқызуға болады. Бұл ел арзан медициналық қызмет ұсынуымен танымал болғанымен оның сапасы тек ірі қалаларда жоғары. Жергілікті клиникаларда хирургия, стоматология, пластикалық операциялар және түрлі диагностикалық қызметтер қолжетімді. Дегенмен, қызметтердің барлық түрі үшін сақтандыру жүйесі кең таралмаған. Тайланд, Малайзия сынды елдермен салыстырғанда кенжелеп қалған бағыттар көп.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дамушы мемлекет Лаоста да денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымның төмендігі мен кадр тапшылығы сияқты бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Елде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жеткіліксіз, бұл қызмет сапасына кері әсер етеді. Кәсіби дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің де саны аз.

Орталық Азиядағы дамушы елдердің бірі Тәжікстан да медициналық туризм саласында артта қалған мемлекеттер тізімінде. Елдің денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық қызмет көрсету деңгейі халықаралық туристердің қызығушылығын тарту үшін жеткіліксіз. Көп ауруханалар ескірген және қажетті медициналық құралдар тапшы. Медициналық қызметтерді халықаралық деңгейге жеткізу үшін ағылшын тілі мен басқа шетел тілдерін меңгерген мамандар аз. Бұл шетелдік туристермен қарым-қатынаста қиындық туғызады. Тәжікстанға ем алу мақсатымен келетін шетелдіктер үшін виза алу мәселесі де күрделі. Бұл жағдай елге келетін шетелдіктер санына әсер етіп отыр. 

0 пікір
Мұрағат