Халық балгерлерге бір жылда 280 млн теңге берген
Халық балгерлерге бір жылда 280 млн теңге берген
5 сағат бұрын 70 naryk.kz

2025 жылы Қазақстанда балгерлер, астрологтар, спириттер мен экстрасенстердің ресми тіркелген табысы 279,6 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 2,9 млрд теңгемен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

Алайда, бұл мәліметтер елдегі эзотерикалық қызметтер нарығының толық көлемін көрсетпейді. Өйткені, статистика тек заңды тұлғалар мен тиісті қызмет түрімен тіркелген жеке кәсіпкерлерді ғана қамтиды. Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросы шағын кәсіпорындар мен ЖК-ларды іріктеу әдісімен ғана зерттейтіндіктен, жыл сайын есеп беретін кәсіпкерлер құрамы өзгеріп отырады.

2025 жылғы деректерге сәйкес, балгерлердің (астрологтар мен спириттерді қоса алғанда) табысы 222,8 млн теңгені құрап, экстрасенстердің 56,8 млн теңгелік табысынан шамамен төрт есе асып түсті.

Есеп берген балгерлер мен экстрасенстер барлық табысын халықтан алған. Клиенттердің 96%-ы қала тұрғындары болса, ауыл тұрғындарының үлесі небәрі 4%-ды құрады.

Өңірлер бойынша ең жоғары табыс Қостанай облысында тіркелді. Бұл өңірдегі балгерлердің кірісі 216 млн теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, балгерлердің табысы Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Павлодар облысында да тіркелген.

Ал экстрасенстердің табысының негізгі бөлігі Маңғыстау облысына тиесілі. Бұл өңірде олардың кірісі 36,9 млн теңгені немесе жалпы көлемнің 65%-ын құрады. Екінші орында Қарағанды облысы – 15,1 млн теңге (26,5%). Қалған 4,2 млн теңге немесе 7% Шығыс Қазақстан облысына тиесілі.

0 пікір
Мұрағат