Ішімдіксіз ауылдар ілгері басты
Ішімдіксіз ауылдар ілгері басты
1 сағат бұрын 31 aikyn.kz 24.kz kaz.inform.kz Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин, Ботакөз Кенжеханқызы, Динара Маханова
Жыл өткен сайын Қарағанды облысында ішімдіксіз ауыл саны артуда. Дүкен сөрелерінде ғана емес, той-мерекеде де арақ сатылмайды. Негізінен бұл бастама жоба ретінде қолға алынған болатын. Бүгінде 70-тен астам ауылда дастарқан басына «ащы су» қойылмайды.

Бастаманы қолдаған ауылдың бірі – Шет ауданындағы Төменгі Қайрақты ауылы. Елді мекен тұрғындары алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салу жөнінде бірауыздан шешім қабылдаған. 730 тұрғыны бар Төменгі Қайрақты – шағын, бірақ тыныш әрі көрікті ауыл. 17 көшеде орналасқан 210 үй, сондай-ақ төрт дүкен мен тойхана секілді әлеуметтік нысандар бұл бастаманы толық қолдап отыр. 

Алкогольге тыйым салу мәселесі ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында қаралды. Күн тәртібіндегі сұрақ кең тал­қыланып, жақтаушылар мен қарсы тараптардың пікірі тыңдалды. Ауыл учас­келік инспекторы, әкім және ақсақалдар кеңесі көтерген бұл бастамада олар алкогольдің халық денсаулығына зияны, қылмыс деңгейіне ықпалы және ауылдың әлеуметтік жағдайына әсері туралы нақты дәйектер келтірді. 

Жиын қорытындысы бойынша ұсыныс тұрғындардың басым бөлігінің қолдауына ие болып, шешім бірауыздан қабылданды. Ауыл жұртшылығы бұл қадамның саламатты орта қалыптастыруға, қылмыстық ахуалды жақсартуға және жасөспірімдер тәрбиесіне оң ықпал ететініне сенімді. 

Тағы бір ауыл бұл жобаны 2023 жылы қолдаған болатын. Ол – Ақтоғай ауданы Абай ауылы. Сол уақытта  тұрғындар  арақ-шарапты қоқыс жәшігіне лақтырды.

Абай ауылында 41 отбасы тұрады. Мұндағы халықтың мақсаты – саламатты өмір салтына бет бұрып, азаматтардың маскүнемдікке салынуына жол бермеу. Одан бөлек, бұл қылмыс санын азайтуға септігін тигізеді деп сенеді.

– Ауылымыз арақтан бас тартып жатқаны өте игі іс болды. Ең бірінші бас тартудың себебі – мынау жас ұрпаққа имандылық тәрбиесін беру. Біздің ауылы­мызда араққа аса бір салынып кеткен аз­а­маттар жоқ, әрине. Бірақ сонда да ар­ақ­тың ешқандай да абырой әкелмейтінін олар жақсы біл­еді, – деді тұрғын Айтқадиша Айтжанова. 

Қарағанды облысында құқықбұзу­шылықтың алдын алу жұмыстары бірнеше бағыт бойынша күшейтілуде – тұрмыстық қылмыстардан бастап, жол қауіпсіздігі мен мектептердегі тәртіпке дейін. Негізгі шешімдер ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды.

Тиімді бастамалардың бірі – «Ішімдіксіз ауыл» жобасы. Бүгінде өңірде 74 елді мекен алкогольден толықтай бас тартқан, бұл өз кезегінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

– Бұл ауылдарда отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен алкоголь тұтынуға байлан­ысты қылмыстар тіркелмейді. Сондықтан жобаны әрі қарай кеңейтуді ұсынамыз, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов.

Мемлекеттік органдар деңгейінде қосымша шаралар әзірленіп жатыр: ак­циздерді арттырудан бастап алкоголь өнімдерінің сатылуын бақылауды күшейтуге дейін. Назарда – аула ішіндегі дүкендер мен ойын-сауық орындары, олар үшін тәртіпті жүйелі түрде бұзған жағдайда антирейтинг енгізу ұсынылуда.

Өңірдегі  «Ішімдіксіз ауыл» жобасының арқасында ауылдарда қазір оң өзгеріс өте көп. Жастардың дені спортқа бет бұрған. Соңғы жылдары ешқандай тәртіпбұзу­шылық пен тұрмыстық қылмыс тіркел­меген. Жоба аясында ауыл ақсақалдары мен полиция қызметкерлері күш біріктіріп, ішімдіктің таралуына қарсы күрес жүргізіп жатыр.

«Ішімдіксіз ауыл жобасы» жүзеге асқан елді мекендерде соңғы жылдары қылмыс деректері нөлге дейін төмендеген. 

Кейбір ауылдар да бір жыл емес, тіпті бірнеше жыл қатарынан заңбұзушылық тіркелмеген. 

Биылғы  жылдың 4 айы бойынша мас күйінде жасалынған қылмыс саны облыс бойынша 17,8 пайызға төмендеген. Жобаның негізгі мақсаты – ішімдіктің таралуын шектеу, қылмыстың алдын алу және халықты саламатты өмір салтына көшіру, – дейді Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторы Дәурен Ибраев.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Aikyn.kz

 

Қызылорда облысында спиртті ішімдіктен бас тартқан ауылдар көбейді

Қазір олардың саны 47-ге жетті, деп хабарлады 24.kz

Бұл іске полицейлермен қатар жергілікті дүкен иелері мен ауыл тұрғындары да бір кісідей атсалысып жатыр. Мақсат – ел ішіндегі тәртіпті нығайтып, жастарға дұрыс тәрбие беру. Бұл – Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы. Екі мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде 4 дүкен жұмыс істейді. Бүгінде олардың ешқайсысы арақ-шарап сатпайды.

Тәртіп сақшылары бастаған игі істі ауыл ақсақалдары мен аналар кеңесі де қызу қолдап әкеткен.

Үлкендердің айтуынша, ішімдік тыйылған жерде береке де, қауіпсіздік те болады.

Темірбек Қазымбеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: - Бізде 200-дің үстінде зейнеткерлер бар қазір. Қазір енді зейнет жасындағы кісілер алкогольді сусыннан аулақ қой. Әсіресе, мына жастар мүлде алкогольге жақын емес. Негізі алкогольсіз ауыл атану деген бұл жастарымызға тәрбие беру. Жастарымызды, келешек ұрпағымызға жүрегінде иманы бар балалар тәрбиелеу.

Мамандардың айтуынша, көптеген қылмыс дәл осы ішімдіктің кесірінен болады. Ал ішімдіктен бас тартқан ауылдарда құқықбұзушылық айтарлықтай азайған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес аймақта тағы 8 ауыл арақ-шараптан біржола бас тартты.

Ердаулет Жаукеев, ОПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы: - 2026 жылдың қазір алты айы аралығында 90-ның үстінде қылмыс, осы маскүнемдік жасаған қылмыстар қатарының санатында тіркеліп тұр. Сондықтан біз осы қылмыстардың санын азайту, елдің арасында тәртіп орнату, ішімдіксіз елді мекендердің санын көбейту мақсатындағы жұмыстарды біз тоқтатпаймыз, ары қарай жалғастыра береміз.

Бүгінде облыс бойынша «Алкогольсіз ауыл» атанған 47 елді мекенде 50 мыңнан астам халық тұрады. Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыра түспек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин

ШҚО-да 28 ауыл ішімдіктен бас тартты

KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 28-ге жетті.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Тарбағатай ауданындағы Қамысты ауылы тұрғындары алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

- Бүгінде ауылда 22 үй бар, онда 89 адам тұрады. Тұрғындар санының аздығына қарамастан, ауыл халқы қоғамдық өмірге белсенді араласып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, отбасылық құндылықтарды сақтауға және қоғамдағы қолайлы ахуалды нығайтуға ерекше көңіл бөледі. «Алкогольсіз ауыл» бастамасына қосылу туралы шешімді жергілікті жұрт ерікті түрде және бірауыздан қабылдады, - делінген ақпаратта.

Ауыл халқы алкогольден бас тарту денсаулықты нығайтуға, жауапкершілікті арттыруға және балалар мен жастарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға ықпал ететіндігін жеткізді.

Осылайша, Қамысты ауылы осы бастаманы қолдаған Шығыс Қазақстан облысындағы 28-ші елді мекен атанды.

Жамбыл облысында 56 ауыл ішімдіктен бас тартты
KAZINFORM — Жамбыл облысында 56 ауылдың тұрғындары алкогольсіз өмір салтына көшті. Бұл бастама өңірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қылмыс деңгейін азайтуға бағытталған.

 

Жуырда өңірде «Алкогольсіз ауыл» атты жедел-профилактикалық іс-шара аяқталды. Онда полиция қызметкерлері мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге елді мекендерге барып, тұрғындармен кездесіп, есепте тұрған азаматтарды және сауда нүктелерін тексерді.

Полицейлердің айтуынша, мұндай рейдтердің мақсаты — тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, алкоголь әсерінен жиі туындайтын тұрмыстық жанжалдар мен қақтығыстардың алдын алу.

Төрт күн ішінде профилактикалық есепте тұрған 1676 адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Олардың ішінде 268 адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, 477 адам алкогольді шамадан тыс тұтынатындар қатарында, сондай-ақ 173 қауіп тобындағы отбасы бар.

Сонымен қатар полиция заңсыз алкоголь сату фактілерін тексеріп, 13 бұзушылықты анықтады.

Жалпы рейд барысында 167 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның басым бөлігі қоғамдық орындардағы тәртіпке қатысты болды: алкоголь ішу немесе мас күйде жүрудің 145 жағдайы тіркелді.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысында 56 ауыл алкогольден бас тартқан. Бұл тәжірибе әсіресе Қордай ауданы мен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда кең таралған. Құқық қорғау органдары бұл тәжірибені бүкіл өңірде кеңейтуді жоспарлап отыр.

0 пікір
Мұрағат