Жаңа үйді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салынады
|

ҚР Ұлттық банкі төлемдер мен ақша аударымдары туралы қаулы жобасы әзірленгенін хабарлады. Құжат тұрғын үй құрылысы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңдардың ережелерін жүзеге асыру үшін жасалған.
Жобада «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда үлестік қатысу шарттары (ҮҚШ) бойынша барлық төлемдер қолма-қол ақшасыз нысанда, оның ішінде уәкілетті құрылыс компаниясының банктік шотына банктер арқылы қолма-қол ақша салу арқылы жүзеге асырылуы тиіс екені айтылған.
«Бұл талап тек бастапқы нарықтағы мәмілелерге (көп пәтерлі үйдегі немесе салынып жатқан жеке тұрғын үйлер кешеніндегі үлесті сатып алу) қатысты болады және үлескерлердің құқықтарын тіркелмеген ҮҚШ-мен байланысты қатерден қорғауға бағытталған», — деп атап өтті Ұлттық банк.
Осылайша, төлем жасау үшін үлескер төлем белгілеу кодын (ТБК) және үлестік қатысу шартының нөмірін көрсетуі керек. Мұндай ТБК арқылы төлемдерді қабылдау кезінде банктер бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелген ҮҚШ бар-жоғын тексереді. Егер шарт тіркелмеген болса, яғни уәкілетті әзірлеуші компанияның қаражат жинауға құқығы болмаса, банк төлемді қабылдаудан бас тартады.
Сонымен қатар, оны тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкестендіру бойынша түзетулер енгізілуде. Жобада табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда зардап шеккендерге (жеке тұлғаларға) төленген қаражатты үшінші тұлғаларға жинауға тыйым салатын жаңашылдық қарастырылған.
«Бұл талап осындай төлемдердің сақталуын және халықтың оларды мақсатты пайдалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Осылайша, банктер төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге өтемақы төлеуге қатысты болса, үшінші тұлғалардың өндіріп алу туралы талаптарын орындамайды», — деп түсіндірді бас банктің баспасөз қызметі.




