|
Жасөспірім аппараттан энергетикалық сусын сатып алса, жауапкершілік кімге жүктеледі
|
KAZINFORM — Елімізде 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды. Жаңа тыйымның мән-жайын заңгер Аржан Сәдуақас түсіндіріп берді.
— Қаңтар айынан бастап 21 жасқа толмаған жастарға энергетикалық сусын сатуға қатаң тыйым салынды. Егер кәсіпкер сатқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады, яғни 15 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынады. Егер де екінші рет сатқаны дәлелденсе, айыппұл көтеріледі, үшінші, төртінші жағдайда мүмкін, қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Әкімшілік құқық бұзушылық қайталанып жатса, әрекеттері үшін оның жазасы көбейе береді, — деді Аржан Сәдуақас Kazinform агенттігіне берген сұхбаты барысында.
Одан әрі заңгер кәсіпкерлердің жағдайына тоқталды.
— Сатып жатқан кәсіпкерлер ғой, түсінбейді де автоматты аппарат қойып қояды, сатушы жоқ. Ондай жағдайда автоматты аппараттың иесі жауапкершілікке тартылады. Сатушы болмаса да иесі болғандықтан бүкіл жауапкершілікті өзі алады. Басқа да өз өзіне қызмет көрсететін дүкендерден сатып алған болса, міндетті түрде сол автоматты аппараттың иесі жауапқа тартылады. Одан бөлек, сөрелерде 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі сатылмайды деген ескерту жазба тұрады, сол сияқты дүкендерде, сөрелерде және кассаның жанында міндетті түрде «21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынады» деген жазба болуы тиіс. Егер жазба болмаса, алдымен ескерту жасалады, екінші жағдайда айыппұл, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл бір жағынан адамға психологиялық тұрғыдан әсер етеді, сатып алушы 21 жасқа дейін болмайды деген жазуды көріп тұрады. Бізге тұтынушы ретінде дүкендер сатуға міндетті, бірақ осындай талаптары бар, — дейді ол.
Оның айтуынша, дүкен иесі немесе сатушы тұтынушының 21 жасқа толғанына күдіктенсе, жеке басын куәландыратын құжатты сұрауға құқылы.
Еске сала кетейік, Мәжіліс жастарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салу туралы заңды былтыр қабылдады.
Дәулет Ізтілеу
Энергетикалық сусынға тәуелділіктен қалай құтылуға болады — дәрігер кеңесі
KAZINFORM — Kazinform агенттігінің «Біздің орта» атты подкастында елімізде 21 жасқа толмаған жасөспірімдер мен жастарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салу мәселелері талқыланды.
Әңгіме барысында дәрігер Дінмұхаммед Бақтиярұлынан энергетикалық сусынға тәуелділікпен күрес туралы сұраған едік.
— Организмге үш-ақ нәрсе керек — ұйқы, дұрыс тамақтану және физикалық белсенділік. Егер осыларды дұрыс пайдаланған жағдайда, адамдар артық ештеңе қажет ептейді. Мен қазір мектеп жасындағы балаларға жыныстық сауаттылық бойынша лекциялар, сабақ өтемін. Жыныстық жетілу кезіндегі маңызды жайттарды айтамын, оның ішінде ұйқының маңыздылығы бар. Күнделікті өміріміздің 8 сағатын ұйқымен өткіземіз, демек 60 жыл жасасақ, 20 жылымыз ұйқымен кетеді, бұл біз үшін маңызды, өйткені организм қалпына келуі керек. Түнде сағат 22:00–де ұйықтау керек деп айтады, бірақ телефон қарайды, басқа нәрселер жасайды, сөйтіп түнгі сағат 2-3-те ұйықтайды да 8 сағатын толтырады, ол дұрыс ұйқы емес. Өйткені, организмде белгілі бір уақытта бөлінетін гармондар бар, оның үстіне жасөспірімдер үшін маңызды, — деді Дінмұхаммед Бақтиярұлы әңгіме барысында.
Маманның айтуынша, жасөспірімнің жетілуінде өсу гармоны маңызды әрі басты рөл атқарады.
— Осы уақытта ұйқы дұрыс емес болса, бойдың өсуі, салмақтың жиналуы бойынша проблемалар туындайды. Бізде таңға жақын кортизол гормоны өседі, ол күйзеліс гормоны ол да организмнің өсуіне кері әсер етеді. Оны басу үшін салқын сумен шайынуға болады, ол энергетикалық сусынның орнын басады және пайдалы. Барлық ритмді реттеп отырғанда ғана организмге сырттан ештеңе керек емес. Дұрыс тамақтану да маңызды, энергетиктен бөлек бізде ішіп-жейтін ас көп. Бургердің құрамы қант пен көмірсу. Көмірсулар организмді артық салмаққа алып келеді, артық салмақ қысымның көтерілуіне, тестостеронның төмендеуіне, ұйқының қанбауына, жұмыс істеуге ниеттің болмауына алып келеді. Одан кейін физикалық қозғалыс, адам аптасына 150 минут аэробикалық жаттығулар, 2 рет күш жаттығуларын жасап тұруы тиіс, бұл база, — дейді ол.
Дәрігер келтірген зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердің 80%, ересектердің 46% аталған базалық жаттығуларды жасамайды.
Энергетикалық сусындарды сатуға лицензия беру керек пе — заңгер пікірі
KAZINFORM — Kazinform агенттігінің «Біздің орта» атты подкастында елімізде 21 жасқа толмаған жасөспірімдер мен жастарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салу мәселелері талқыланды.
Студия қонағы заңгер Аржан Сәдуақас энергетикалық сусындарды сатуға рұқсат беретін лицензия енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
— Лицензия енгізуге болады, бірақ әртүрлі салаларға тым көп лицензия беру тиімсіздікке алып келуі мүмкін. Сол себептен қарайды, қандай нәрсеге лицензия беру керек, темекіге акциздер бар. Бұл жерде энергетикалық сусындарға акциз жоқ, сол себептен де лицензия жоқ шығар. Бұл жағын ойлану керек, лицензия жасөспірімдерге энергетикалық сусынды сатпаудан сақтайды ма, оның тиімділігі қандай болады, — деді Аржан Сәдуақас әңгіме барысында.
Сондай-ақ заңгер энергетикалық сусындарды жасөспірімдерге (21 жасқа толмаған) сатуға тыйым салатын лицензияға қатысты ұсыныс айтты.
— Мүмкін лицензияны енгізіп, егер кәсіпкер жасөспірімге сатқан болса, ол лицензиясынан жарты жылға, бір жылға немесе мәңгіге айрылады. Демек оның дүкенінде ешқашан энергетикалық сусын сатылмау керек, басқалар сата берсін, — дейді ол.