Жұмыссыздардың үштен бірі 35–44 жаста. Жұмыссыздарға арналған ваучердің шарттары мен мүмкіндіктері жария болды
Жұмыссыздардың үштен бірі 35–44 жаста. Жұмыссыздарға арналған ваучердің шарттары мен мүмкіндіктері жария болды
2 сағат бұрын 37 naryk.kz inbusiness.kz kaz.inform.kz Досбол Атажан

Halyk Finance жариялаған 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларына арналған есепте Қазақстандағы еңбек саласындағы келесі негізгі процестер айтылған. Бұл туралы naryk.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Номиналды жалақы өсіп жатыр, ал нақты жалақы төмендеуде

2025 жылдың тоғыз айындағы орташа номиналды жалақы 433 312 теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6% көп.

Алайда қыркүйектегі инфляция 12,9% ж/ж деңгейіне жетті, бұл нақты жалақының 0,4%-ға төмендегенін білдіреді.

Экономика өсімі әзірге халықтың әл-ауқатының айтарлықтай жақсаруына әсер етіп отырған жоқ.

Салалар бойынша жалақы айырмашылығы

Ең жоғары жалақы — тау-кен өндіру өнеркәсібінде: орташа 930,5 мың теңге, нақты өсім +0,1% ж/ж.

Екінші орында — қаржы және сақтандыру саласы: 900,6 мың теңге, бірақ нақты төмендеу –2,2% ж/ж.

Ақпарат және байланыс: 833,1 мың теңге, өсім +13,2% ж/ж.

Оның ішінде IT саласы: орташа жалақы 1,3 млн теңге, өсім +16,6% ж/ж.

Ең төмен жалақы «өнер, ойын-сауық және демалыс» саласында — 297,2 мың теңге, нақты өсім +4,1%.

Мысалы, білім беру саласында 1,1 млн адам жұмыс істейді (барлық жұмыспен қамтылғандардың 29,2%), бірақ жалақы орташа деңгейден 25,6% төмен және 3,4% ж/ж қысқарған.

Бұл жағдай жоғары жалақы аз қызметкерлер жұмыс істейтін тар салаларда шоғырланғанын, ал халық көп жұмыс істейтін салалардың айтарлықтай артта қалғанын көрсетеді.

Жұмыс күші, жұмыссыздық және жұмыспен қамту құрылымы

Жұмыс күші — 9,8 млн адам (+1% ж/ж).

Ресми жұмыссыздық деңгейі — 4,6% (448,6 мың адам), өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ.

Ерекше назар аударар жайт: 35–44 жас тобында 151 мың жұмыссыз бар (барлық жұмыссыздардың 33,6%-ы), ал олардың еңбекке жарамды халықтағы үлесі – 28,9%.

Бос жұмыс орындарының саны — 63,9 мың, бұл 35–44 жас тобындағы жұмыссыздардан 2,4 есе аз.

Жұмыспен қамту құрылымы: жалдамалы қызметкерлер — 76,7% (7,2 млн), өсім +1,9% ж/ж; өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 23,3% (2,2 млн), төмендеу –1,8% ж/ж.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың азаюы мен жалдамалы қызметкерлердің көбеюі жасырын жұмыссыздықтың төмендеуін көрсетуі мүмкін.

Экономика өсімі мен еңбек нарығы сапасының жүйелі мәселесі

2025 жылы ІЖӨ айтарлықтай өскеніне қарамастан (Tengiz Future Expansion Project жобасы және мемлекеттік трансферттердің жоғары болуы есебінен), нақты жалақының төмендеуі экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқаты арасында әлсіз байланыс барын көрсетеді.

Келесі жылы фискалдық ынталандыру екі есе қысқарады деп жоспарланып отыр, бұл еңбек нарығындағы жағдайдың жақсаруын одан әрі қиындатуы мүмкін.

Қорытынды

Қазақстанның еңбек нарығы номиналды көрсеткіштердің өсімін көрсетсе де, шынайы табыс төмендеп келеді. Салалық теңсіздіктер мен еңбек ресурстарының айтарлықтай қоры (әсіресе, 35–44 жас тобы) экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуіне қатер төндіреді.

Негізгі мәселе «өсу көлемінде» емес, оның «сапасы» мен құрылымында. Егер еңбек нарығының құрылымы өзгермесе, экономикалық өсім мен халықтың өмір сүру деңгейі арасындағы тиімділік коэффициенті төмендей бермек.

Жұмыссыздарға арналған ваучердің шарттары мен мүмкіндіктері жария болды

Өтінімдерді 1 қаңтар мен 1 қараша аралығында беруге болады.

Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы Career Enbek кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өтуге мүмкіндік беретін бір реттік ваучер алуға жағдай жасайды. Биыл 442 ваучер беріліп, 220 адам біліктілікті тану рәсімін толық тәмамдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған электрондық құжатты алу үшін тіркелген жұмыссыз азаматтар Career Enbek платформасындағы жеке кабинеті арқылы өтінім беруі тиіс. Өтінімге білім туралы және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелері қоса тіркеледі. Одан кейін тізілімнен қажетті мамандықты және процедураны жүргізетін кәсіптік біліктілікті тану орталығын таңдау қажет.

"Өтінім түскеннен кейін Мансап орталығының мамандары өтініш берушінің жұмыссыз мәртебесінің бар-жоғын және осы жылы оған бұған дейін ваучер берілмегенін тексереді. Тексеру нәтижесі бойынша жеке кабинетке ваучер беру немесе беруден бас тарту туралы хабарлама жолданады. Оң шешім қабылданған жағдайда ваучер автоматты түрде Career Enbek жүйесіндегі жеке кабинетте көрсетіледі және белгіленген мерзім ішінде (45 күнтізбелік күн) қолданылады. Осы кезеңде азамат алдын ала таңдаған біліктілікті тану орталығында өз біліктілігін тану рәсімінен өтуі тиіс. Процедура ақысыз, өйткені шығындар ваучермен жабылады", – делінген баспасөз мәліметінде.

Бір реттік ваучер жылына бір рет беріледі. Белгіленген мерзімде рәсімнен өтпеген жағдайда ваучердің күші жойылады.

Медициналық сақтандыруды жұмыссыз қалғанда сақтап қалуға бола ма

KAZINFORM — 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне кемі 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген азаматтардың мәртебесі төлем уақытша тоқтаған жағдайда 6 ай бойы сақталады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының мәліметінше, мұндай өзгерістер «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға енгізілді. Келесі жылдан бастап МӘМС жүйесіне кемінде 5 жыл қатарынан жарна төлеген адамдар жұмыссыз қалса да, жарты жыл тегін медициналық қызмет ала алады.

— Бұл өзгерістер жұмысынан айырылған немесе уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған тұрғындардың медициналық көмектен қағылмауын қамтамасыз етеді. Бірақ табыс тұрақтанғаннан кейін төленбеген айлар үшін берешекті өтеу қажет болмақ, — деді МСҚ Алматы қалалық филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан.

Қазір қолданыстағы нормаға сәйкес, төлемдер тоқтаған жағдайда сақтандырылған мәртебесі 3 ай сақталады.

Еске салайық, бұған дейін МӘМС бойынша жеке клиникаларда қандай жағдайда қаралуға болатынын жазғанбыз.

Досбол Атажан

0 пікір
Мұрағат