ЛГБТ насихатына қарсы заң керек пе?
ЛГБТ насихатына қарсы заң керек пе?
4 ай бұрын 641 24.kz kaz.inform.kz Дәулет Ізтілеу
ЛГБТ насихаттың 73 пайызы әлеуметтік желіден тарап жатыр 

KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихат қоғамға, оның ішінде жас буынға кері әсер етеді деп есептейді.

— Былтыр ЛГБТ насихатына қарсы петицияға аз уақыттың ішінде 50 мыңнан астам адам қол қойды. Комиссия отырысында біраз мәселе көтеріліп, дискуссия болды, онда барлық тарап қатысты. Сол жерде Мәжіліс депутаттары ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу жөнінде ұсыныс жасадық, бірнеше рет депутаттық сауал жолданды. Былтыр комиссия отырысының қорытындысы бойынша осы бағытты зерттеу жөнінде шешім қабылданды. Бір жыл бойы сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар, қор өкілдері зерттеу жүргізіп бүгін соның қорытындысын ортаға салып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, үш аспектіні атаған жөн. Біріншіден, насихат балалар мен жасөспірімдерге қалай әсер етеді? Толық қалыптаспаған жасөспірімнің психологиясына, эмоциясына, ішкі мазасыздық пен толғанысына ЛГБТ насихаттың кері әсер ететіні анықталды, — деді Еділ Жаңбыршин БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, халық қалаулысы ЛГБТ насихаттың қайда жүріп жатқанын сөз етті.

— Ақпараттың 73% әлеуметтік желілердегі контенттен алады екен, яғни әлеуметтік желі насихатқа жол ашып отыр. Екінші орында бұқаралық ақпарат құралдарында 1550 материал шыққан, бұл өте көп. Бұны ақпараттық шабуыл деп айтуға болады. Үшінші жайт, былтыр комиссия отырысында бұл адамның құқығы деген мәселе айтылды. Женева конвенциясының отбасылық құндылық, әйелдердің денсаулығына қатысты декларациясы бар. АҚШ сол құжатқа сүйеніп, ЛГБТ-ға тыйым салу жөнінде заң қабылдады. Адамдардың құқығы қорғалуы керек, неге біз көпшіліктің емес азшылықтың құқығын қорғауымыз керек? Тағы бір жайт, бұл өте жеке мәселе, оны жарияға жар салудың қажеті жоқ, — дейді ол.

Оның айтуынша, зерттеу нәтижесі бойынша негіз пайда болды.

— Заңды қабылдау кезінде бұл норма керек пе, керек емес пе дәлелдеуіміз керек. Бұл норманың қандай әлеуметтік-саяси маңызы бар? Бүгін зерттеу нәтижесін көріп отырмыз, ЛГБТ насихат қоғамға, оның ішінде жастарға кері әсер етеді. Біздің рухани бірлігімізге, мемлекеттік қауіпсіздігімізге қауіпті деп есептейміз. Демографиялық өсімге де кері әсер етуі мүмкін. Біз балалар мен жасөспірімдерді ЛГБТ насихатынан қорғауымыз керек, — деп түсіндірді депутат.

Айта кетейік, бүгін елордада ЛГБТ насихаттың балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттеу нәтижесі талқыланды. Аталған шараға сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Бұған дейін Қазақстанда ЛГБТ насихатқа қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынысы туралы жазған едік. 

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында ЛГБТ-ға қатысты пайым айтты. 

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұған дейін ЛГБТ өкілдерін жазалау мәселесін көтерген еді. 

Еске салайық, былтыр 1 тамызда «Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!» петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті. 

 

Қазақстанда ЛГБТ насихатқа қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды

KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны ашық және жанама жолмен насихаттаған адамдарды қылмыстық жазаға тартуды ұсынды.

— ЛГБТ насихатқа заңмен тыйым салу керек. Бұл әркімнің жеке мәселесі, оны ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы насихаттауға болмайды. Бір топ депутат ЛГБТ насихатына қарсы норманы әзірлеп бергенбіз, бірақ, өтпей қалды, жан-жақтан қарсылық болды. Сол себепті петиция пайда болды. Халық қолдап, комиссия құрылып, ғалымдар, сарапшылар зерттеп бұның зиян екенін көріп отырмыз, — деді Еділ Жаңбыршин БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Одан әрі халық қалаулысы ЛГБТ насихатқа жауапкершілік енгізу мәселесін көтерді. 

— Біз тек қана тыйым салып қоймауымыз керек, егер тыйымды бұзып әлеуметтік желіде немесе БАҚ-та және басқа жанама жолмен жарнамалайтын болса, оған әкімшілік жауапкершілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы керек деп ойлаймын, — дейді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, бүгін елордада ЛГБТ насихаттың балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттеу нәтижесі талқыланды. Аталған шараға сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. 

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында ЛГБТ-ға қатысты пайым айтты. 

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұған дейін ЛГБТ өкілдерін жазалау мәселесін көтерген еді. 

Еске салайық, былтыр 1 тамызда «Қазақстан Республикасында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға қарсымыз!» петициясы бойынша шешім жобасына жария талқылау өтті. 

Қазақстандықтардың 80% ЛГБТ насихатты заңмен шектеуді қолдайды — сауалнама

KAZINFORM — «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы республикалық деңгейде ЛГБТ насихатына қатысты сауалнама жүргізді. Оның қорытындысы туралы аталған орталықтың жетекшісі Ольга Симакова айтып берді.

— Қазір қоғамда некенің екі түрі қалыпты нәрсе ретінде қабылданып жатыр. Соған қарамастан, әрбір үшінші азамат отбасылық құндылыққа қауіп төнді деп есептейді. Әрбір төртінші респондент күнделікті өмірде ЛГБТ үгіт-насихатына тап болған. ЛГБТ үгіт-насихаты ақпараттық кеңістікте бар екенін мойындауымыз керек. Себебі әрбір төртінші адам, қаласа да, қаламаса да, жиі немесе сирек болса да, күнделікті өмірде бұл тақырыппен бетпе-бет келеді, — деді Ольга Симакова.

Оның айтуынша, адамдар ЛГБТ насихаты туралы неғұрлым көбірек білсе, қоғамда ашық немесе жасырын үгіт-насихаттың бар екенін соғұрлым жиі айтады.

— Қазақстандықтардың 10-нан 7-і ЛГБТ насихатты қауіпті деп санайды. Зерттеуге қатысқан респонденттер ЛГБТ тақырыбына қатысты контентке алаңдаушылық білдірді. Респонденттердің 80%-ы ЛГБТ насихатқа заңмен шектеу қоюды қолдайды. Дәстүрлі құндылықтар мен балаларды қорғау жөніндегі уәждер кең қолдау тапты, әсіресе ер азаматтар, отбасылы адамдар және орта арнаулы білімі бар азаматтар қолдап отыр. Біз өз зерттеуіміз аясында мынадай сұрақ қойдық: «Қазақстандық жастар үшін ЛГБТ үгіт-насихаты қауіп төндіре ме? нәтижесін көріп отырсыздар, сауалнамаға қатысқандардың дені насихаттың өсіп келе жатқаны ұрпақ үшін белгілі бір деңгейде қауіпті екенін мойындады. Олардың әрбір төртіншісі қауіптің жоғары деңгейде екенін атап өтті. Демек, бұл тақырыпқа қатысты қоғамда қорқыныш пен алаңдаушылық бар деген қорытынды жасауға болады. Жас ұрпаққа төнетін қауіп бар екені негізінде мұндай насихатты шектеу немесе тыйым салу туралы аргумент қоғамда көпшіліктің қолдауына ие екенін және өміршең екенін көрсетіп отыр, — деп толықтырды орталық басшысы.

Айта кетейік, бүгін елордада ЛГБТ насихаттың балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттеу нәтижесі талқыланды. Аталған шараға сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Дәулет Ізтілеу

0 пікір
Мұрағат