Мобильді аударым арқылы минималды жалақыдан көп ақша түссе тексереді. 2026 жылдан бастап салықшылар шетелден ақша алатын ұйымдарды тексере алады
Мобильді аударым арқылы минималды жалақыдан көп ақша түссе тексереді. 2026 жылдан бастап салықшылар шетелден ақша алатын ұйымдарды тексере алады
2 сағат бұрын 59 naryk.kz

Қаржы министрі Мәди Такиев банктердің қазақстандықтардың банк шоттарындағы қалдықтар мен ақша қозғалысы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар операциялар туралы салық органына мәліметтер ұсыну нысандарын бекітетін бұйрыққа қол қойды. Құжат 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

«Бұйрықтың жаңалығы – жеке тұлғалардың банк шоттарындағы операцияларды кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар операцияларға жатқызу үшін шектеудің енгізілуі», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Бұған дейін салық органы жасырын кәсіпкерлік қызмет үшін тек аударымдар саны бойынша, яғни, үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан аударым түссе ғана күдіктене алатын. Бұйрықтың жаңа редакциясы бойынша, сол кезеңдегі түскен қаражаттың жалпы сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуға тиіс. Қазақстанда 2026 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгені құрайды. Осылайша, үш ай қатарынан жалпы сомасы 1,02 млн теңгеден асатын 100 және одан да көп мобильді аударымдар түскені кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгісі деп есептеледі.

2026 жылдан бастап салықшылар шетелден ақша алатын ұйымдарды тексере алады

 

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі аясында мемлекеттік кірістер органдарының құзыреті кеңейеді. Енді олар шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың сол қаражатты қалай жұмсап жатқанын және талаптарды қаншалықты сақтайтынын тексереді.

 «Бұл шара салық органдарына шетелден қаржы алатын ұйымдарға тексерулер (рейдтер) жүргізуге мүмкіндік береді. Мақсат — қаражаттың не үшін жұмсалып жатқаны туралы мәліметтерді анықтау және бюджетке салықтың дұрыс төленуін қадағалау», — деді Вице-премьер мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Қазірдің өзінде Қазақстанда шетелден ақша алатындардың тізілімі (реестрі) бар. Бүгінде онда жобалық қызметті жүзеге асыру үшін шетелдік қаржы алып отырған 186 заңды және жеке тұлға тіркелген.

Бұл тізілімді алдағы уақытта кеңейту жоспарланып отыр. Оған қаржыландыру көздері (донорлар) мен сомалары туралы мәліметтер қосылады. Бұл тек коммерциялық емес емес, коммерциялық ұйымдарға да, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына да қатысты болмақ.

Шетелдік көмек алғаны туралы мәліметті салық органдарына өткізбегендерге 50-ден 250 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал егер декларация әдейі тапсырылмай, соның салдарынан бюджетке ірі көлемде салық төленбесе, Қылмыстық кодекстің 245-бабы (Салық төлеуден жалтару) бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

0 пікір
Мұрағат