|
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін күннен қуат алатын шағын көліктер жасалды
|
Түркістан қаласындағы Қ.А.Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Ферхад Чайыр шәкірттерімен күн сәулесінен қуат алатын көліктер құрастыруда
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шағын көліктерге деген сұраныс та арта бастаған. Жуырда олар мүмкіндігі шектеулі 23 жанға шағын көліктерді тегін сыйға тартып, қуаныш сыйламақ.
«Университетте талапты шәкірттер көп. Біз оларға тегін курс ұйымдастырып, үйретеміз. Ал қажетті құрал-жабдықтарды Қытайдан арнайы алдыртамыз. Өйткені, ол жақтан шағын көлікті сатып алғаннан гөрі, қажетті бұйымдарды алдырып, өзімізде құрастырған әлдеқайда тиімді, бағасы арзанға түседі», - дейді өнертапқыш Ферхад Чайыр.
Былтыр осы ерікті жандар 3 мүмкіндігі шектеулі жанға қуаныш сыйлаған. Олардың арасында 31 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны Жәнібек Бердімұратов та бар. Ол мүгедектерге арналған қоларбасын осындай шағын көлікке айырбастаған.

«Өте ыңғайлы. Күннен қуат алатын қондырғының күшімен жүреді. Жылдам қозғалады. Өзгенің көмегін қажет етпейсің. Көп күш жұмсаудың да қажеті жоқ. Тек жүру мен тоқтату тетігін басып отыру керек. Біз сияқты жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандарға осындай сый жасап, ұсынған жандарға шексіз алғысымды білдіремін», - дейді Жәнібек Бердімұратов.
Ферхад Чайыр шәкірттерімен бұдан басқа да күннен қуат алатын көліктер құрастырып, «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға қызу дайындалып жатыр.