Nestle өнімдері Қазақстан, Қырғызстан, БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы және Қатар нарығынан кері қайтарылып жатыр
Nestle өнімдері Қазақстан, Қырғызстан, БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы және Қатар нарығынан кері қайтарылып жатыр
17 сағат бұрын 187 kaz.inform.kz Тастан Тоянов, Еркежан Смағұлова, Зарина Туғанбаева

KAZINFORM – «Нестле Фуд Қазақстан» ЖШС Қазақстан аумағында сақтық шарасы ретінде балалар тағамының шектеулі партияларын ерікті түрде кері қайтарып жатыр. 

Компания мәліметінше, кері қайтарып алу құрғақ тез еритін сүт және қышқыл сүт қоспаларына, сондай-ақ аминқышқылдары негізіндегі емдік диеталық қоспаның белгілі бір партияларына қатысты. Бұл шешім сыртқы жеткізушіден алынған шикізатта цереулид токсинінің болуы мүмкін деген ықтимал қауіпке байланысты қабылданған.

«Нестле Фуд Қазақстан» уәкілетті органды хабардар етіп, қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Өнімді қайтару және қаражатты өтеу тәртібі туралы мәлімет жақын арада жарияланады.

Компанияның хабарлауынша, кері қайтарып алу тек шектеулі партияларға ғана қатысты және Қазақстанда сатылатын балалар тағамының басқа өнімдеріне әсер етпейді.

Қосымша ақпарат алу үшін тұтынушылар тәулік бойы жұмыс істейтін қолдау қызметіне хабарласа алады: 8 800 080 55 44.

Еске салсақ, Қазақстанда 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты қолданысқа енгізілді.

Тастан Тоянов

Қырғызстанда Nestlе балалар тағамының жекелеген партиялары кері қайтарылып жатыр

KAZINFORM – «Nestlе Ресей» шикізатта токсин бар болуы қаупіне байланысты Қырғызстандағы бөлшек сауда желісінен балалар тағамының белгілі бір партияларын ерікті түрде кері қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

«Nestlе» балалар тағамы өнімдерінің ресми дистрибьюторы «Forester» ЖШҚ компаниясының мәліметінше, кері қайтарып алу белгілі күндері шығарылған NAN 1 OPTIPRO, NAN OPTIPRO 2, NAN EXPERTPRO, NAN 2 Optipro, PRENAN, NAN LACTOSE FREE сауда белгілерімен шығарылатын құрғақ еритін сүтке, ашытылған сүтке және лактозасыз қоспаларға қатысты.

Шикізатта цереулид токсині (арахидон қышқылы) болуының ықтимал қаупі анықталғандықтан бұл өнімдерді кері қайтарып алу сақтық шарасы ретінде жүзеге асырылып жатыр.

Бұған дейін Nestle өнімдері Қазақстан нарығынан кері қайтарылып жатқанын жазған болатынбыз. 

Еркежан Смағұлова

БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы және Қатар Nestlе балалар тағамын кері қайтара бастады

KAZINFORM — Парсы шығанағы елдерінің реттеуші органдары шикізаттың ластануына күдіктенгеннен кейін тұтынушыларды балалар тағамының белгілі бір партияларымен байланысты ықтимал қауіптер туралы ескертті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі бейсенбіде Nestlе балаларға арналған сүт қоспасының шектеулі санын ерікті және алдын алу мақсатында кері қайтарылатынын жариялады.

БАӘ-нің Дәрі-дәрмек басқармасының мәліметінше, бұл шара өндірушіге пайдаланылған шикізат құрамдастарының бірінде Bacillus cereus бактериясы шығаратын токсиннің болуы мүмкін екендігі туралы хабарланғаннан кейін басталды.

БАӘ-де кері қайтарылып алынған өнімдер тізіміне NAN Comfort 1, NAN OPTIPRO 1, NAN SUPREME PRO 1, 2 және 3, S-26 Ultima 1, 2 және 3 және Alfamino қоспаларының жекелеген партиялары кірді. Дәрі-дәрмек және денсаулық сақтау басқармасы барлық партиялар қоймаларда оқшауланғанын және бөлшек саудаға түспей жатқанын, ал қалған көлемді толық кері қайтарып алу жұмыстары Nestlе компаниясымен үйлестіру арқылы жүргізіліп жатқанын нақтылады.

БАӘ реттеушісі қазіргі сәтте аталған өнімдер партияларын пайдаланумен байланысты ешқандай ауру немесе жағымсыз әсерлер туралы хабарланбағанын атап өтті. Сондай-ақ БАӘ нарығында қолжетімді басқа Nestlе-нің басқа тұтынушылар үшін қауіпсіз деп саналатыны атап өтілген.

Осыған ұқсас шаралар аймақтың басқа елдерінде де қабылданды.

Сауд Арабиясында Азық-түлік және дәрі-дәрмекті бақылау басқармасы NAN, ALFAMINO, S-26 GOLD және S-26 ULTIMA брендтерімен шығарылатын Nestlе-нің нәрестелерге арналған қоспаларының белгілі бір партияларын жол берілмеуіне қатысты ескерту жариялады.

Реттеуші тұтынушыларға өнімдерді пайдалануды дереу тоқтатып, оларды тастауды кеңес етті. Басқарма бүгінгі күнге дейін ешқандай ауру жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді, алайда оларды қолдану денсаулыққа қатысты мәселелерді тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Онда бұл токсиннің әсері жүрек айну, жиі құсу және іштің ауыруы сияқты белгілерге әкелуі мүмкін екендігі нақтыланды.

Қатарда Денсаулық сақтау министрлігі нәрестелер қоспасының белгілі бір партияларының церулид токсинімен ластанғанына күдіктенгенін хабарлады. Ведомство азық-түлік қауіпсіздігі департаменті арқылы барлық күдікті өнімдерді нарықтан дереу алып тастауды бұйырды және сауда нүктелеріне тиісті нұсқаулар берді. Тұтынушыларға сатып алынған өнімдерді дүкендерге қайтару немесе жою ұсынылған.

Қатар билігі қазіргі кезде балалар денсаулығына кері әсер ету жағдайлары анықталмағанын және зертханалық тексерулер жалғасып жатқанын нақтылады.

Министрлік, сондай-ақ, өндірушімен үнемі байланыста екенін мәлімдеп, жаңа ақпарат келіп түскен сайын қоғамды хабардар етуге уәде берді.

Кувейт те азық-түлік жағдайы туралы ескерту жариялап, Nestlе компаниясының нәрестелерге арналған сүт қоспасының белгілі бір партияларын алдын ала ерікті түрде кері қайтару жүргізілетінін хабарлады.

Билік сондай-ақ аталған сүт қоспасы өнімдерінің ұлттық азық-түлік карточкасында көрсетілмегенін растады.

Өнімді кері қайтарып алу Таяу Шығыстың сегіз еліне әсер етті: Бахрейн, Мысыр, Иран, Кувейт, Оман, Қатар, Сауд Арабиясы және БАӘ.

Бұған дейін Nestle өнімдері Қазақстан нарығынан кері қайтарылып жатқанын хабарлаған едік. 

Сондай-ақ, Қырғызстанда Nestlе балалар тағамының жекелеген партиялары кері қайтарылып жатқанын жаздық. 

Зарина Туғанбаева

0 пікір
Мұрағат