Орталық Азиядағы алғашқы халал қор: ITSS-тің шариғат кеңесшісімен сұхбат
Орталық Азиядағы алғашқы халал қор: ITSS-тің шариғат кеңесшісімен сұхбат
2 сағат бұрын 51 naryk.kz

НАРЫҚ агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында исламдық қаржы саласындағы жаһандық жобалардың жетекші шариғат кеңесшісі, мүфти Ибрагим Эсса халал инвестициялаудың эволюциясы, шариғат талаптарына сай Орталық Азиядағы алғашқы ITSS биржалық қорының іске қосылуы және Қазақстанның исламдық қаржының өңірлік хабы ретіндегі әлеуеті туралы айтып берді.

– Мүфти Ибрагим, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет. Исламдық инвестициялар туралы айтып өтсеңіз. 2026 жылы осы жаһандық нарықта қандай негізгі трендтерді байқап отырсыз?

– Шақырғандарыңызға алғыс білдіремін. Бүгінгі таңда исламдық қаржы нишалық өнімдер санатынан шығып, толыққанды этикалық қаржы жүйесіне айналды. Исламдық қаржы нарығының жиынтық активтері $5 трлн-нан асады деп болжанадв – бұл өте ауқымды сома.

Мен мұнда үш негізгі трендті бөліп көрсетер едім.

Біріншісі – ауқымды институционалдану. Ірі ұлттық әл-ауқат қорлары, зейнетақы қорлары мен активтерді басқарушы компаниялар шариғатқа сай стратегияларды өз қызметіне енгізе бастады. Бұл стратегиялар мұсылман инвесторлар үшін де, мұсылман емес инвесторлар үшін де бірдей тиімді жұмыс істейді.

Екіншісі – цифрландыру. Исламдық биржалық қорлар мен шариғаттық скринингке арналған финтех-шешімдер осы құралдарға қолжетімділікті едәуір жеңілдетті. Бұл әсіресе жас инвесторлар мен дамушы нарықтар үшін маңызды, өйткені бұған дейін мұндай өнімдер іс жүзінде қолжетімсіз болатын.

Үшіншісі – ESG қағидаларымен жақындасу. Иә, шариғат пен ESG – әртүрлі жүйелер, бірақ олардың ортақ іргетасы бар: зиян келтірмеу және этикаға сай келмейтін қызметтен бас тарту. Осының арқасында исламдық қаржы дініне қарамастан, әлемдегі барлық этикалық инвесторлар үшін тартымды шешімге айналуда.

– Исламдық қаржы әлемінде қолданылатын терминдер – мысалы, риба, ғарар – көптеген оқырман мен инвесторға бейтаныс болуы мүмкін. Осыған байланысты сұрақ туындайды: осы шариғаттық шектеулер исламдық қаржының дамуын тежемей ме? Қазіргі заманғы қорлар олармен қалай жұмыс істейді?

– Бұл – кең таралған жаңсақ пікір. Шын мәнінде риба (пайыз), ғарар (шектен тыс белгісіздік) – және тыйым салынған қызмет түрлері кедергі емес, керісінше тәртіпке келтіретін сүзгілер. Олар индустрияны неғұрлым креативті әрі жауапты болуға мәжбүрлейді.

Қазіргі заманғы қорлар бұл шектеулермен тиімді жұмыс істеуді үйренді. Негізгі құрал – қаржылық коэффициенттерді скринингтен өткізу. Біз компанияның пайыздық қарыздарының деңгейін, рұқсат етілмеген көздерден түсетін кірістің үлесін, депозиттердегі ақшалай қаражат көлемін бақылап отырамыз. Егер көрсеткіштер белгіленген шектерден асып кетсе, компания сүзгіден өтпейді.

Сонымен қатар тек қарыздық міндеттемелерге емес, нақты активтермен қамтамасыз етілген құрылымдар қолданылады. Бұлар – акционерлік капиталға негізделген өнімдер, серіктестік модельдер. Егер қандай да бір жағдайда рұқсат етілмеген кірістің аздаған бөлігі пайда болса, оны қайырымдылық мақсаттарға аудару арқылы тазарту тетіктері бар.

Нәтижесінде шамадан тыс қарыздануды және белгілі бір алыпсатарлық ауытқуларды автоматты түрде болдырмайтын, неғұрлым орнықты қаржылық модель қалыптасады.

– Еуразия – мұсылман халқы көп, ауқымды аймақ. Осы кеңістікте исламдық қаржы үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

– Еуразия – исламдық қаржының өсуі үшін табиғи аймақ. Бұл өңір бірнеше маңызды факторды біріктіреді: мұсылман халқының едәуір үлесі, капитал нарықтарының жеткілікті дамымауы және этикалық инвестициялық мүмкіндіктерді іздейтін өсіп келе жатқан орта тап.

Шариғат талаптарына сай әрі жергілікті жағдайларға бейімделген биржалық қорлар, индекстер және капитал нарығының өзге де құралдарын құрудың әлеуеті бар. Сонымен қатар жаһандық стандарттарды сақтау аса маңызды – өнімдер сапалы болып, халықаралық деңгейде танылуы тиіс.

– Енді нақты мәселелерге көшейік. Өткен жылы АХҚО-да тіркелген ITS сауда алаңы Орталық Азиядағы алғашқы шариғатқа сай ITSS биржа қорын іске қосты. Мұны өңір үшін маңызды, символдық оқиға деп санауға бола ма?

ITSS-тің пайда болуы Орталық Азиядағы исламдық қаржы үшін бетбұрысты білдіреді. Бұл – теориялық талқылаулардан практикалық шынайылыққа көшу.

Алғаш рет бөлшек және институционалдық инвесторлар офшорлық схемаларды қолданбай-ақ, шариғат талаптарына сай келетін, реттелетін әрі ашық үлестік өнімге қол жеткізді. Бұл сенім қалыптастырады, легитимділікті қамтамасыз етеді және өңірдегі болашақ исламдық қаржы құралдары үшін прецедент орнатады.

– ITS тобы ITSS бойынша кеңес алу үшін сізбен қалай байланысьы? Орталық Азияда халал портфельді қалыптастыру барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

ITS – Орталық Азиядағы алғашқы исламдық сауда инфрақұрылымының операторы, маған нақты мандатпен жүгінді: шариғат талаптарына толық сәйкес келетін, базалық қағидалар бойынша ешқандай ымыраға бармайтын биржалық қорды іске қосу.

Негізгі үш сын-қатер болды. Біріншісі – бұған дейін өңірде болмаған мүлде жаңа өнім санатын енгізу. Екіншісі – сүйенуге болатын жергілікті шариғаттық бенчмарктердің болмауы. Үшіншісі – реттеуші орта енді ғана қалыптасып жатқан жағдайда исламдық қаржы институттарының бухгалтерлік есеп пен аудиті жөніндегі AAOIFI халықаралық стандарттарына толық сәйкес келу қажеттілігі.

Біз бұл міндеттерді қатаң скрининг хаттамалары мен тұрақты шариғаттық бақылау арқылы шештік. Бір реттік сертификаттаумен шектелмей, үздіксіз мониторинг жүргізу принциптік тұрғыдан аса маңызды болды.

– Сіз әлемнің түкпір-түкпіріндегі жобаларда кеңес бересіз. Неліктен дәл ITSS-пен жұмыс істеуге келістіңіз?

Себебі ITSS үш сирек кездесетін қасиетті көрсете алды, сондықтан келістім.

Біріншіден, олар шариғатты шын мәнінде сақтауға ұмтылды, оны тек маркетингтік құрал ретінде пайдаланған жоқ. Көбіне компаниялар белгілі бір аудиторияны тарту үшін «исламдық» деген атауды қолданады, бірақ іс жүзінде ішінара ымыраға да барады. Бұл жерде ондай жағдай болған жоқ.

Команда мұндай өнімді іске асыру үшін не қажет екенін жақсы түсінді және жай ғана сертификат алып, сонымен шектелуге емес, тұрақты мониторингке дайын болды.

Табыстың басты кепілі – олардың ұзақ мерзімді көзқарасы болды. Олар жылдам пайдаға емес, бүкіл өңірлік қаржы жүйесін трансформациялауға бағытталды.

Мен көптеген жобамен жұмыс істедім. Шариғатты кедергі ретінде қабылдайтын жобалар табысқа сирек жетеді. Ал ITSS оны жобалаудың негізі ретінде қабылдады – және бұл бәрін өзгертті.

– ITS өңірде исламдық қор нарығының толыққанды инфрақұрылымын алғаш болып құрды. Сонымен қатар команда құрамында тек мұсылмандар ғана емес. Бұл халал қаржы үшін қаншалықты қалыпты жағдай?

Исламдық қаржы паспортпен немесе діни ұстаныммен емес, қағидалармен айқындалады.

Бүгінде халал қаржы саласындағы ең тәртіпті, ең этикалық және ең дәл жұмыстарды кейде мұсылман емес мамандар атқарып жатады. Олар бұл жүйені құрметтейді және оның ережелерін мүлтіксіз қолданады. Кей жағдайда тіпті кейбір мұсылмандарға қарағанда да қатаң ұстанады.

ITS – соның айқын үлгісі. Олар исламдық қор нарығының толыққанды инфрақұрылымын қалыптастырды. Халал қаржы дәл осылай шариғат нормалары бағыт беретін кәсібилік арқылы дамуы тиіс. Жобаны кім жүзеге асырып жатқаны маңызды емес, ең бастысы – қағидалардың қаншалықты дәл сақталатыны.

– Әлемде HLAL және Wahed сияқты танымал исламдық қорлар бар. ITSS олардың деңгейіне және AAOIFI халықаралық стандарттарына қаншалықты сай келеді?

ITSS халал қаржыға арналған халықаралық стандарттарды әзірлейтін AAOIFI ұйымының скрининг қағидаларын ұстанады. Біз қарыз деңгейлерінің шектерін, рұқсат етілмеген кіріс лимиттерін тексереміз, қызмет түрлері бойынша скрининг жүргіземіз – барлық негізгі талаптар толық сақталады.

HLAL және Wahed-пен салыстыруға келсек – иә, олардың дамыған нарықтарда ұзақ операциялық тарихы бар. Алайда ITSS кей тұстарда тіпті консервативтілікке жол береді. Бұл дамушы нарықтың контексімен және белгілі бір шектерді қатаңырақ түсіндірумен байланысты. Біз сәйкестікке қатысты ең кішкентай күмәнға да жол бере алмаймыз – өйткені өңірдегі бүкіл бағыттың беделі алғашқы өнімге тәуелді.

– ITSS портфелінде Apple, Nvidia сияқты ірі технологиялық компаниялар бар. Мұндай активтерге қатысты шариғаттық скрининг қалай жүргізіледі?

Скрининг процесі бірнеше негізгі критерийді қамтиды. Біріншісі – компанияның негізгі қызмет түрінің рұқсат етілуі. Екіншісі – пайыздық қарыз коэффициенттері, олар әдетте нарықтық капитализацияның 30%-ымен шектеледі. Бұл ретте нөлдік қарыздың болуы шариғатқа сәйкестік үшін міндетті шарт емес екенін түсіну маңызды, капитал құрылымы жөніндегі шешімдерді жекелеген акционерлер емес, менеджмент қабылдайды. Үшіншісі – пайыздық кірісті тазарту, сондай-ақ қаржылық гигиенаның өзге де шаралары.

Технологиялық алыптар халал инвестициялау инновацияға қарсы бағытталмағанын көрсетеді. Керісінше, шариғат талаптарына сай инвестициялау нақты экономиканың өнімді компанияларына табиғи түрде басымдық береді.

– Үздіксіз мониторинг туралы айтып өтсеңіз, нарықтар өзгерген кезде қор қалай халал болып қала береді? Егер индекстегі актив халал талаптарына сай болмай қалса, не болады?

– Мониторинг – бір реттік тексеру емес, үздіксіз процесс. Компаниялар үнемі өзгеріп отырады: жаңа қарыздар алады, бизнес-моделін өзгертеді, әртүрлі көздерден табыс табады.

Егер актив қаржылық шектерді бұзса, ол бірден қайта қарауға арналған тізімге енгізіледі. Бұзушылықтың сипатына қарай жеңілдік кезеңі қолданылуы мүмкін. Егер сәйкессіздік сақталса, актив портфельден алынып тасталады.

Сонымен қатар кез келген рұқсат етілмеген табыс қайырымдылыққа аудару арқылы тазартылады. Бұл маңызды тетік: рұқсат етілмеген табыс инвестордың табысына есептелмейді және қайырымдылық мақсаттарға бағытталады.

– Қазіргі жаһандық инвестициялық трендтер – цифрландыру, тұрақты даму және жаңадан бастаушылар үшін қолжетімділік. ITSS осы трендтерге қалай сай келеді?

– ITSS осы трендтердің барлығына тікелей сәйкес келеді әрі бұл кездейсоқ емес.

Бүгінде биржалық қорларға салынатын жаһандық инвестициялардың 60%-дан астамы цифрлық форматта жүзеге асады, әсіресе 35 жасқа дейінгі инвесторлар арасында. ITSS электрондық форматта саудаланады – делдалдарсыз және шариғатты терең білуді талап етпей-ақ халал инвестиция жасауға мүмкіндік береді. Бұл ашықтық пен басқару сапасын арттырады, ал бұл – шариғаттың тікелей талаптарының бірі.

Әдетте шариғаттық скрининг компаниялардың қарыз жүктемесін шектейді. Пайыздық қаржыландыруды, шамадан тыс қарызданған компанияларды және зиянды салаларды алып тастау арқылы ITSS табиғи түрде ESG активтерімен тоғысады. Бұл қорды нарықтық дағдарыстар кезінде неғұрлым орнықты етіп, тіпті мұсылман емес этикалық инвесторлар үшін де тартымды етеді.

Ал қолжетімділікке келсек, төмен кіру шегі мен кіріктірілген әртараптандыру жаңадан бастаушыларға инвестициялауға мүмкіндік береді, ал кәсіби шариғаттық бақылау скрининг пен тазарту процестерін өз мойнына алады. Бұл процестерді жеке инвестордың өз бетінше іске асыруы мүмкін емес, оған ресурстар, сараптама және тұрақты мониторинг қажет.

– ITSS жұмыс істеген алғашқы жылы шамамен 25% жылдық табыстылық көрсетті. Сіздің ойыңызша, оны Орталық Азиядағы бөлшек инвесторлар үшін әлемдік деңгейдегі өнім деп атауға бола ма?

– ITSS кешенді шешім ұсынады. Біріншіден, портфельді көптеген секторлар бойынша әртараптандыруды қамтамасыз етеді – инвестор бір ғана құрал арқылы жаһандық көшбасшыларға қол жеткізеді.

Екіншіден, сәйкестікті тұрақты мониторингпен қамтитын кәсіби шариғаттық скрининг бар. Мұны жеке инвестордың өз бетінше жүзеге асыруы өте қиын – білім, ресурстар және уақыт қажет.

Үшіншіден, кіру шегі төмен. Бөлшек инвесторлар үлкен мөлшердегі бастапқы капиталсыз-ақ қатыса алады.

Және де – дәлелденген табыстылық. Жылына 25% – халал инвестициялаудың тек этикалық қана емес, сонымен қатар тиімді де бола алатынын растайтын мықты нәтиже.

– Жас инвесторға қандай кеңес берер едіңіз? Айталық, оның қолында $1000 бар. Неліктен бұл қаражатты криптовалютаға немесе Apple акцияларын тікелей сатып алуға емес, ITSS-ке салған дұрыс?

– ITSS бірнеше себеп бойынша осы екі нұсқадан да басым.

Криптовалютада ішкі құн жоқ. Ол – шамадан тыс ғарарға, яғни шариғат тыйым салатын белгісіздікке негізделген алыпсатарлық актив. Бұл мәселеде бірыңғай пікір жоқ, дегенмен көптеген шариғат ғалымдары криптовалютаны жоғары құбылмалылығы және әсіресе спекулятивті саудаға тән ғарар элементтерінің көптігі үшін сынға алады.

Жекелеген акциялар, тіпті Apple сияқты мықты компаниялардың өзі инвесторды шоғырлану тәуекеліне ұшыратады. Бір компанияда қандай да бір мәселе туындаса, бүкіл капиталдан айырылып қалу қаупі бар.

Ал ITSS халал әртараптандыруды және тәуекелдерді кәсіби басқаруды ұсынады. Сіздің мың долларыңыз әртүрлі секторлардағы ондаған компанияға бөлініп инвестицияланады.

– Соңғы сұрақ – алдағы 3–5 жылда ITSS пен Орталық Азиядағы исламдық инвестициялардың болашағын қалай көресіз? Қазақстан посткеңестік кеңістікте исламдық қаржы хабына айнала ала ма?

Жаһандық исламдық капитал нарықтары жыл сайын 7–9% қарқынмен өсіп келеді. Ал Орталық Азия сияқты дамушы өңірлер нарықтың төмен қанықтылығы мен жоғары қанағаттандырылмаған сұранысқа байланысты 12–15% өсім көрсетуі мүмкін.

ITSS үшін алдағы 3–5 жыл активтердің үш-бес есе өсуін алып келуі тиіс. Бұл – жаңа нарықтардағы биржа қорларының дамуына тән үлгі. Сондай-ақ ірі институционалдық ойыншылардың, атап айтқанда, зейнетақы қорларының, такафул компанияларының нарыққа кіруін көреміз. Ең бастысы, исламдық капитал нарығы құралдарының өнімдік желісі кеңейеді.

Қазақстанға келсек, ел реттеушілік ашықтықты, геосаяси бейтараптықты және исламдық нормаларға мәдени жақындықты үйлестіріп отыр. Реттеушілер исламдық қаржымен жұмыс істеуге дайын, бұл халық үшін бөтен ұғым емес. Қазақстанда реттеушілік тұрақтылық пен тиімді географиялық орналасу бар. Ел шын мәнінде бүкіл посткеңестік аймақ үшін исламдық қаржы хабына айнала алады.

Инвесторларға берер кеңесім қарапайым: ерте бастаңыз, жүйелі түрде инвестициялаңыз және алыпсатарлықтан гөрі шариғатқа сәйкестікті бірінші орынға қойыңыз. Халал инвестициялау – бұл тез ақша табу емес, байлықты жауапкершілікпен сақтау және арттыру.

0 пікір
Мұрағат