|
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арнайы банк шотын ашуы керек болады
|
Ұлттық банк банк шоттарымен және қолма-қол ақшасыз төлемдермен жұмыс істеу ережелерін жаңартады: орталық банк шоттарды ашу және жүргізу, сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдер ережелерін өзгертетін қаулы жобасын дайындады. Құжат 22 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Өзгерістер ғылыми және технологиялық жобаларды гранттық қаржыландыру кезінде қаражатты пайдалануды бақылауды күшейтуге бағытталған.
Атап айтқанда, эскроу-шоттар гранттық жобалар бойынша контрагенттермен тікелей есеп айырысу үшін пайдаланыла алады — бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуының ашықтығын және бақылауын арттырады.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жаңа Салық кодексіне сәйкес арнайы банк шоттарын ашып, жаңа салық режимі шеңберінде операциялар жүргізе алады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар зейнетақыға қанша аударуы керек?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР) енгізіледі: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР, оңайлатылған декларация негізінде АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР (ШФҚ). Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салық қана емес, сонымен қатар зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін төлеуін де реттейді.
2026 жылдан бастап енгізілетін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР жеке кәсіпкерлерге жатпайтын (ЖК) және жалдамалы жұмыскерлердің енбегін пайдаланбайтын жеке тұлғаларға (Қазақстан азаматтары, қандастар) арналған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР ҚР Үкіметі бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне қолданылады.
АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың күнтізбелік айдағы кіріс лимиті тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 300 еселенген мөлшерінен (жылына 3 600 АЕК) аспауға тиіс.
Осы АСР-ды қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) алған табыстарынан өздері төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР бойынша зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі:
- МЗЖ – табысының 1%,
- ЖМЗЖ – табысының 1%.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар осы АСР-ды арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, төлем чектері және өзге көздерден алынған кірістер туралы басқа да мәліметтер негізінде қолданады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ орындардағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР өздері әзірлеген қарапайым нысанда жүргізіледі. Тек операциялардың күні, атауы, әрбір операция нәтижесінде алынған сомалар, әрбір күндегі, айдағы қорытынды соманы көрсету керек.
Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалану арқылы жүзеге асыратын және АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан МЗЖ мен ЖМЗЖ-ны интернет-платформа операторы ұстап, аударады.
Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалану арқылы жүзеге асыратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлейтін зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі де жоғарыдағыдай:
- МЗЖ – табысының 1%,
- ЖМЗЖ – табысының 1% (интернет-платформа операторының (агенттің) жеке қаражаты есебінен).
Айта кетсек, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі хабарланды.
Сонымен қатар оңайлатылған декларация негізіндегі АСР үшін жеке кәсіпкерлер төлейтін зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері белгілі болды.