|
Қарулас достар бірін-бірі 73 жылдан кейін тапты (видео)
|
Соғыста бірге болған қарулас достар Әлі Жүнісов пен Байғазы Баетұлы 73 жылдан кейін бір-бірін тапты. Қос қарияның жеңістен кейінгі тағдырлары да оңай болмаған. Майдандастар тіпті күні бүгінге дейін бір-бірінен мүлдем бейхабар екен. Жалындаған жас жігіттер Әлі мен Байғазы неміс басқыншыларына қарсы бірге соғысып, ажырамыс дос болған. Қиын қыстау кезеңдерде бір үзім нанды бөліп жеген. Алайда 1943 жылы екеуінің бөлімі екі жаққа кеткен. Тоқсанның төріне шыққан қарт жауынгер үшін жеңістің 71-көктемі күтпеген қуанышқа толы болды. Мереке қарсаңында ардагерін ардақтаған елдің жаңалығын көріп отырып, өз көзіме өзім сенбедім дейді. Өйткені көгілдір экраннан 73 жыл бойы бейхабар болып келген қарулас досы Байғазы Баетұлын көрген. Әлі Жүнісов, соғыс ардагері: - «24 KZ» арнасынан шыққан екен. Сол «24 KZ» арнасын азаннан кешке дейін үйде болсам, жібермей көріп отырамын. Сонда арнаны қойып қалсам, болып жатыр екен. «Ой, мынау баяғы Байғазы ғой» деп өзімнен-өзім ұшып кетейін деп отырдым. Әлі атаның қарулас досы Байғазы ақсақал қазір Атырау облысында тұрып жатыр.102-ге келген соғыс және еңбек ардагері жары екеуі – 10 бала өсіріп, одан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Тіпті бір немересінің атын Әлі деп қойыпты. Қарулас достар соңғы рет 1943 жылы Украинада бір-бірінен көз жазып қалған. Содан бері 73 жыл өтіпті. Әлі ата 18 жасында қан майданға Төлеби ауданынан аттанған. Ол әрдайым алдыңғы шепті штабпен байланыстырып отырған. Әлі Жүнісов,соғыс ардагері: - Жалғап жатасың, бомбалап болмаса атып жатады. Кейбірде 15-20 шақырым тылда қаламыз. Содан бағана басына шығып тұр едім, бір неміс шабуылдаушы ұшағының даусы шықты. Қарасам, маған тіке келе жатыр екен. Орыстың баласы жарты шақырымда тұрған еді. Маған «слезай, слезай» деп айқайлады. Қолыммен бағананы қысып, жерге сырғып түстім. Сонда әлгі неміс «патр-патр» еткізіп, оқ жаудырып атып өтті. Әлі ата осылайша Чехословакия мен Австрияға дейін жаяулатып жүріп барған. Жеңісті сонда естіпті. Қираған қалалардағы байланысты қалпына келтіріп болған соң барып елге оралған. Қариямен бірге бір әулеттен 5 жан соғысқа аттаныпты. Әлі ата солардың ішінен жалғыз өзі тірі келген. ОҚО-дан қан майданға 140 мыңнан астам адам аттанған. Қолына қару алып, Отанын жаудан қорғаған әрбір азаматтың есімі мемориалдағы мәрмәр тастарға қашалып жазылған. «Даңқ» аллеясы бүгінгі таңда көзі тірі қалған ардагерлердің келіп, қарулас достарына тағзым етіп, бүгінгі ұрпаққа соғыстың не екенін және оның қандай зардаптары болатынын түсіндіріп отыратын рухани орталыққа айналған. Қарт жауынгер соғыстан кейін елдегі ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек еткен. 11 перзентінен 50 немере мен шөбере сүйіп отыр. Ержан Жүнісов, Әлі атаның кенже ұлы: - Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында әкемнің соғыста бірге болған майдангер досын тауып отырғанына біз өте қуаныштымыз. Әкемнің соғыста бірге болған майдангер досымен кездесуге мен бар мүмкіндігімді саламын. Әкемнің сондай арманын бар екен, неге орындамасқа?