Қазақстан азаматтығын алуға қойылатын талаптар жаңартылды
Қазақстан азаматтығын алуға қойылатын талаптар жаңартылды
3 ай бұрын 1043 kaz.inform.kz Дәулет Ізтілеу, Бақытгүл Абайқызы. Коллаж: Kazinform/Freepik

KAZINFORM — Қазақстан азаматтығын алуға үмітті адамдар мемлекеттік тіл (қазақ тілі), Қазақстан тарихы және Конституцияны білу деңгейі бойынша емтихан тапсырады.

— «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға сәйкес, азаматтыққа қабылдау немесе азаматтықты қалпына келтіру туралы өтініш мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасының Конституциясы негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын уәкілетті орган айқындайтын көлемде білуі негізінде қабылданады, — делінген құжатта.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алғысы келетін азаматтарға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізді:

— мемлекеттік тілді (қазақ тілі) қарапайым деңгейде білу — кемінде 15 балл (бұрын 36 балл болатын);
— Қазақстан Республикасының Конституциясы негіздерін білу — кемінде 20 балл (бұрын 9 балл болатын);
— Қазақстан тарихын білу — кемінде 15 балл (өзгеріссіз).

Бұйрық 2025 жылғы 26 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңартылған талаптармен толығырақ сілтемеге өтіп танысуға болады. 

Еске сала кетсек, Қазақстан азаматтығын алуды жеңілдететін құжат жобасы талқылауға биыл шілде де шығарылған еді. 

Дәулет Ізтілеу

Шетелдік азаматпен некеге тұру үшін қандай құжаттар қажет

KAZINFORM — Қазақстанда шетелдік азаматпен некеге тұру үшін міндетті түрде АХАТ бөліміне барып, өтініш беру керек, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қазіргі таңда Қазақстанда некеге тұру үшін құжаттарды тапсырудың екі жолы бар:

АХАТ бөліміне барып, өтініш жазу.

Бұл жағдайда қалыңдық пен күйеу жігіттің екеуі де жеке келуі қажет, әрқайсысы құжаттарды өз қолымен толтырады.

Онлайн тапсыру.

Электронды үкімет порталы (eGov) немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы өтініш беруге болады. Мұнда екі тараптың да ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңбасы) болуы қажет.

Алдымен бір тарап өтініш береді, екіншісі оны растауы тиіс. Осыдан кейін болашақ жұптар 15 күн ішінде АХАТ бөліміне барып, құжаттарға қол қоюы керек. Бұл кезеңде екі тараптың да жеке келуі міндетті. Егер біреуі келмесе, өтініш автоматты түрде жойылады.

Шетелдікпен некеге тұру кезіндегі қосымша талаптар

Павлодар қаласы АХАТ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Инеш Маусенованың айтуынша, егер некеге тұратын азаматтардың бірі шетелдік болса, онда бірқатар қосымша құжаттар талап етіледі:

Шетелдікпен неке жалпы талаптар бойынша тіркеледі, бірақ бұл қызметті eGov арқылы рәсімдеуге болмайды.

Қалыңдық пен күйеу жігіт міндетті түрде АХАТ бөліміне келіп, жазбаша өтініш береді.

Сонымен қатар шетелдік азамат:

Өз елінің уәкілетті органынан неке қиюға қабілеттілігі туралы анықтама (яғни, қазіргі уақытта басқа некеде емес екенін растайтын құжат);

Паспортының нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынуы тиіс.

Егер бұрын некеде болған болса, онда сол некенің бұзылғанын немесе тоқтатылғанын растайтын құжат қажет.

Инеш Маусенованың айтуынша, шетелдіктер бұл анықтамаларды алу үшін көбіне өз елдеріне барып келеді. Дегенмен, оларды Қазақстандағы елшілік арқылы да алуға болады, бұл – той күнін жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс маңызды фактор.

Шетелдік азаматтардың анықтамаларының берілу мерзімі – олардың өз елінің мемлекеттік органдарымен реттеледі.

Айта кетейік, Қазақстанда тамызда 16,9 мыңға дейін неке қиылады.

Бақытгүл Абайқызы

Қазақстанда шетелдіктерге арналған жаңа қосымша әзірленді

Елде шетелдіктер үшін QazETA мобильді қосымшасы іске қосылды, деп хабарлады 24.kz 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша, жаңа платформада бірқатар сервис қолжетімді. Олардың ішінде көші-қон, туризм, байланыс, транспорт және іскерлік мақсаттағы қызметтер қарастырылған. Мобильді қосымша Playmarket-те орналастырылды.

«Ал AppStore алаңына осы айдың аяғына дейін шығарылады», – деді ведомство басшысы.

Премьер-министр көші-қон саясатын жетілдіру бағытында мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: - Осы жылдың мамыр айында жедел профилактика шаралары барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам фактісі анықталды. Мұндай жағдайлардың уақытылы жолын кесу керек. Ол үшін цифрлық құралдарды да белсенді түрде енгізу қажет. Еңбек және цифрлық даму министрліктері осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз етуі тиіс.

 

0 пікір
Мұрағат