Қазақстан климаттық стандарттарды жаңартты
Қазақстан климаттық стандарттарды жаңартты
24 күн бұрын 309 aikyn.kz inbusiness.kz kaz.inform.kz М. ТӨЛЕУ, Балжан Смаилова, Асхат Райқұл
Еліміз көміртек бейтараптығына көшуді халықаралық талаптармен тікелей үйлестіру мақсатында климаттық стандарттарды жаңартуға шешім қабылдады.

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «ҚазСтандарт» екі жаңа ұлттық стандарт әзірледі, олар: СТ РК ISO 14068-1 «Климаттың өзгеруін басқару. Таза нөлге көшу. 1-бөлім. Көміртектік бейтараптық» және СТ РК IWA 42 «Көміртек бейтараптылығы жөніндегі нұсқаулық».

«Бұл екі стандарт халықаралық ISO 14068-1:2023 және IWA 42:2022 стандарттарымен бірдей. Олардың қабылдануы Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясында көзделген міндеттерді іске асырудағы маңызды кезең болды. Сондай-ақ бұл стандарттарды қабылдау Қазақстанның жаһандық климаттық саясаттағы рөлін күшейтеді. Олар шығарындыларды жауапты басқаруға және ғылыми негізделген климаттық шешімдерді енгізуге негіз қалайды», – делінген министрліктің хабарламасында.

Жаңа стандарттар экологиялық және талдама­лық ұйымдар, қоршаған ортаны мони­торингі­леудің ұлттық және өңірлік орталықтары, эко­логиялық қауымдастықтар үшін бірыңғай тәсіл­дер мен қағидаттарды белгілейді. Енді олар пар­никтік газдар шығарындыларын басқарудың негізгі аспектілерін қамтиды, бағалау мен азай­тудан бастап, қалдық шығарындыларды өтеп, кли­маттық есеп жүргізіп отырады.

Стандарттарды іске асырған соң еліміз ұлттық MRV (бақылау, есептілік және валидация) жүйесін халықаралық тәжірибелермен үйлес­тіруге; климаттық деректердің ашықтығы мен анықтығын арттыруға; қазақстандық компания­лардың халықаралық нарықтардағы бәсекеге қа­білеттілігін нығайтуға; өнеркәсіпте төмен көмір­текті технологиялар мен инновацияларды енгізуге ықпал етуге мүмкіндік алады.

Бұл стандарттар мүдделі тараптардың, ғылыми ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтардың қатысуымен әзірленген.

М. ТӨЛЕУ

Aikyn.kz

 

Климаттық өзгерістер соңғы он жылда 250 млн адамды қоныс аударуға мәжбүр етті

Мұндай мәліметті БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы келтірді. 

Бразилияда климаттың өзгеруіне арналған жыл сайынғы БҰҰ-ның конференциясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Бұл саммит символдық кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Париж келісіміне қол қойылғанына 10 жыл толды. 200-ге жуық ел ғаламшардың жылынуын өнеркәсіпке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5°C шегінде ұстап тұруға және жылынудың 2°C-тан асуына жол бермеуге келіскен. Себебі ғаламдық жылыну ауыр зардаптарға, атап айтқанда, бұрын-соңды болмаған табиғи апаттарға, жаппай көші-қонға және кедейліктің өсуіне әкелуі мүмкін.

COP30 (Conference of the Parties) – БҰҰ-ның климаттың өзгеруі мәселелеріне арналған конвенциясына қатысушы елдердің халықаралық конференциясы. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен конференция кезінде тиісті атау қабылданған. Биылғы жиын 10-21 қараша күндері аралығында өтеді. 

БҰҰ бағалауы бойынша бүгінгі таңда парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі барлық міндеттемелер толық орындалған күннің өзінде, ғасыр соңына қарай жердің орташа температурасы 2,3–2,5 °C-қа дейін өсуі мүмкін. Тиісті деректер БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының жаңа есебінде жазылған. Климаттың өзгеруіне байланысты туындаған төтенше ауа райы жағдайлары салдарынан соңғы он жылда әлем бойынша 250 миллион адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Мұндай мәліметті БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы келтірді. 

Су тасқыны, дауыл, құрғақшылық, аптап ыстық сияқты табиғи құбылыстар халықтың көшуіне себеп болып отыр. Бұдан басқа шөлейттену, теңіз деңгейінің көтерілуі және экожүйелердің бұзылуы азық-түлік пен су қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр.

Мемлекеттер COP30 конференциясына дейін шығарындыларды азайту жөніндегі жаңартылған стратегияларын әзірлеуі тиіс болған. Десек те, қазан айының соңында қатысушы елдердің үштен бір бөлігі ғана бұл міндетті орындаған.

Балжан СмаиловаБалжан Смаилова

Париж келісіміне - 10 жыл: әлем климаттық өзгерістермен күресте неге қол жеткізді

KAZINFORM – 2025 жылы Париж келісіміне қол қойылғанына тура он жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде әлем жаңартылатын энергия көздерін дамытуда айтарлықтай жетістікке жеткенімен, көмірқышқыл газының шығарындылары әлі де өсіп келеді, деп хабарлайды DW.

10-21 қараша аралығында Бразилияның Белен қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған 30-конференциясы — COP30 өтеді. Ғалымдар жаһандық жылынудың әрбір үлес градусы миллиондаған адамның өмірі мен қауіпсіздігіне әсер ететінін ескертеді.

Париж келісімі 2015 жылы қабылданып, 200-ге жуық елді ғаламдық температураны 2°C-тан төмен деңгейде ұстап тұруға және ғасыр соңына дейін 1,5°C шегінен аспауға міндеттеді. Бірақ БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының 2025 жылғы есебінде бұл меженің енді іс жүзінде орындалуы мүмкін еместігі айтылған.

Жер бетіндегі елдер қазіргі міндеттемелерін толық орындаса да, 2100 жылға қарай жердің орташа температурасы 2,3-2,5°C-қа көтеріледі деп болжанып отыр. Бұл өткен жылғы болжамнан (2,6-2,8°C) төмен болғанымен, жаһандық жылынудың қарқыны бәсеңдемегенін көрсетеді.

Соңғы онжылдық — адамзат тарихындағы ең жылы кезең болды. Өткен жылы ауа температурасы рекордтық деңгейге жетті. Ғалымдардың есебінше, жылу әсерінен минут сайын бір адам көз жұмады, ал ауа ластануы жыл сайын 2,5 миллион адамның өмірін қысқартады.

2024 жылы атмосфераға шығарылған парниктік газ көлемі 53,2 гигатоннаға жетіп, 1990 жылмен салыстырғанда 65%-ға артқан. Негізгі үлес энергетика саласына тиесілі. Шығарындылардың үштен екісі сегіз ірі экономикаға — Қытай, АҚШ, ЕО, Үндістан, Ресей, Индонезия, Бразилия және Жапонияға тиесілі.

Соңғы он жылда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі үш еседен астам өсті. Қазір олар әлемдік электр энергиясының 40% қамтамасыз етеді. Тек Қытайдың өзі бір жылда қалған барлық елдер қосқаннан да көп күн станцияларын орнатқан.

Күн және жел энергетикасына салынған инвестициялар алғаш рет қазба отынына құйылған қаржыдан екі есе асып түсті. Электромобильдер нарығы да жылдам дамуда: соңғы он жылда олардың үлесі 1%-дан 25%-ға дейін өсті.

Бірақ көмір мен мұнай да артта қалған жоқ. Жасыл технологияның жетістігіне қарамастан, көмір тұтыну көлемі 2024 жылы тарихи максимумға жетті. Ал қазба отындарын субсидиялау көлемі жылына 1,6 триллион долларға дейін өскен.

Париж келісімі мақсаттарына жету үшін не істеу керек? БҰҰ баяндамасына сәйкес, 2035 жылға қарай қазіргі міндеттемелер жаһандық шығарындыларды бар болғаны 10%-ға қысқартпақ.

Мақсатқа жету үшін:

көмір тұтынуды 10 есеге азайту,

орманды кесуді тоқтату шараларын 9 есеге күшейту,

жаңартылатын энергияның өсімін екі есе арттыру,

климаттық қаржыландыруды жылына 1 триллион долларға дейін көбейту,

ірі қалаларда қоғамдық көлікті кеңейту қажет.

Сарапшылар атап өткендей, климаттың өзгеруіне қарсы нақты іс-қимылдарсыз ғасыр соңында әлем жылына 57 күнге созылатын ыстықпен бетпе-бет келеді.

Париж келісімінің 10 жылдығы — адамзаттың табиғатпен қарым-қатынастағы жауапкершілігін қайта бағамдайтын сын сәтке айналды.

Айта кетейік, кейінгі 100 жылда жер температурасы қалай өзгергенін мынау сілтемеден оқыңыз.

Асхат Райқұл

0 пікір
Мұрағат