Қазақстанда 100 тоннаға жуық алтыны бар кен орындары табылды
Қазақстанда 100 тоннаға жуық алтыны бар кен орындары табылды
23 күн бұрын 300 naryk.kz

Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде республика аумағында қатты пайдалы қазбалардың бес жаңа кен орны анықталды, деп хабарлады Индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шархан.

Оның айтуынша, нәтижесінде алтын қоры 98 тоннаға, мыс – 36 мың тоннаға, марганец – 11 млн тоннаға артқан.

«Геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша алғаш рет бес кен орны есепке алынды. Олардың қатарында — Көк-Жон (Болаттөбе учаскесі – Kursiv), Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр бар. Жалпы қор өсімі шамамен 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс, 11 млн тонна марганец және 1,3 млн тоннадан астам фосфоритті құрады», — деді ол Үкімет отырысында.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда ел бойынша пайдалы қазбалардың 103 түрі мен шамамен 10 мың кен орны мемлекеттік есепке алынған.

Атап айтқанда, қатты пайдалы қазбалар бойынша 2 907 лицензия мен 251 келісімшарт әрекет етуде. Тек биылдың өзінде барлауға 707 лицензия, өндіруге 22 лицензия берілген.

Индустрия және құрылыс министрлігі ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы шақырымға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Қазірдің өзінде 2 млн 14 мың шаршы шақырым аумақ зерттелген, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млн 38 мың шаршы шақырымға дейін артады.

2024 жылы аяқталған жобалардың нәтижесінде 104 мың шаршы шақырым аумақ зерттеліп, 38 учаске анықталған. Олардың ішінде сирек жер, түсті және асыл металдарға бай нысандар бар.

Сонымен қатар, Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөл учаскесінде сирек жер металдарының өнеркәсіптік маңызы бар қорлары расталған.

Келесі кезеңде геологиялық барлау жұмыстары 1:50 000 масштабына дейін нақтыланады. Бұл тәсіл учаскелерді ертерек анықтауға және барлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

2026–2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттеледі, ал одан кейін жыл сайын шамамен 30 мың шаршы шақырым зерттеу жалғасады.

Жұмысты жеделдету үшін жаңа геологиялық түсіру стандарттары бекітілді, және үкімет резервінен 240 млн теңге бөлініп, 20 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланып отыр. Жұмыстарды Ұлттық геологиялық қызмет, «Центргеолсъемка», Сәтбаев атындағы геология институты және салалық жетекші мамандарды біріктіретін консорциум атқарады.

Барлау барысында аэро-геофизикалық, геохимиялық және цифрлық технологиялар, сондай-ақ «Тау-Кен Самұрық» компаниясының қатысуы қарастырылған.

Келесі жылға алдын ала 44,4 млрд теңге көлемінде қаржыландыру бекітілді. Бұл қаражат кешенді геолого-геофизикалық зерттеулер, сейсмобарлау және салалық инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына бағытталады.

0 пікір
Мұрағат