Қазақстанда 16 мыңнан астам адам артық салмақтан зардап шегеді
|

Бұл дәрігеге барып, ресми түрде тіркелгендері ғана, деп хабарлайды 24kz.
Мұндай деректерді Ұлттық денсаулық сақтау орталығы таратты. Былтыр 5,5 мыңнан астам адам семіздікке шалдыққан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда көп. Елдегі алтыдан тоғыз жасқа дейінгі әрбір бесінші балаға артық салмағы бар деген диагноз қойылады.
Балалар арасында семіздік белең алды — мамандар дабыл қағып жатыр
KAZINFORM — Соңғы кездері балалардың арасындағы семіздік мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Балалар тұтынып жүрген тамақтар қаншалықты пайдалы? Баланың дені сау болу үшін не жеу керек? Kazinform тілшісі мамандардан жауап алып көрді.
— Жалпы біздің ата-бабамыз «Ауру — астан» деп айтып кеткен. Шын мәнінде, не нәрсе болса да астан басталады. Қазіргі балалардағы артық салмақтың себебі — тек тәтті, газдалған сусындар, чипсы, фастфуд емес. Бүгінде Қазақстанда шамамен 95% балада қан аздық бар. Балаларға витаминдер жетіспейді. Темір, йод, В, D тобы дәрумендерінің тапшылығы салдарынан ағзада гормондардың жұмысы бұзылып, бұл артық салмаққа әкеледі, — дейді эндокринолог.
Гүлжан Аманбай бұл мәселенің қайдан пайда болғанын да түсіндіріп берді.
— Ал неге біз мұндай дәрумен-минерал жетіспейтін заманға келдік? Сіздер «Біз бұрын ешқандай дәрумен ішкен жоқпыз, нанға май жағып жеп өстік қой» деулеріңіз мүмкін. Бірақ ол кездегі азық сапалы еді. Қазір тамақтың құрамында қажетті дәрумендер жоқтың қасы. Оған қоса, ағзаға сырттан түсетін улы заттар өте көп. Соның кесірінен ішіп-жеген витаминдеріміз де залалсыздандыруға жұмсалып кетеді. Балаларға жеміс-жидек жеу керек дейміз, бірақ олар қай жерде, қандай топырақта өсірілді? Оны біреу тексеріп отыр ма? Жоқ. Сондықтан сапасыз тағамның салдарынан балаларда түрлі жетіспеушілік пайда болады. Ал бұл дефициттер міндетті түрде гормондардың жұмысына әсер етеді, — дейді маман.
Эндокринолог қазіргі балалардың денсаулығында жиі кездесетін мәселелерге де тоқталды.
— Гипотиреоз деген ауру бар — қалқанша без қызметінің баяулауы. Қазір бұл диагноз тіпті 2 жасар балаға да қойылып жатыр. 1 жастағы баланың шашы ағарып, тістері үгітіліп жатыр. Бұл не деген сөз? Ішектегі микрофлора тәтті мен газдалған сусындардан өліп қалған. Кальций, магний, йод тапшылығы. Ал мұндай балалар өсе келе тәттіге құмартып тұрады. Мен «Ана мен бала» орталығында 13 жыл жұмыс істегенде, 1-типті қант диабетімен келген балаларды көп көрдім. Бұл диагноз қойылған сәттен бастап біз ата-анаға тәтті жеуге болмайтынын бірден айтамыз. Бұл жерде баланың жылауы, көнбеуі — маңызды емес. Себебі бұл — өмір мен өлім мәселесі. Бала 2–3 күн жылайды, бірақ үшінші күні бәрі бір қалағаны берілмейтінін түсінеді, — дейді Гүлжан Аманбай.
Психолог маман баланы дұрыс тамақтануға үйрету үшін ең алдымен ата-аналар пайдалы тағамдарды тұтыну керектігін айтады. Себебі бала ата-анасынан көргенін қайталайды екен.
— Балаға үлгі болу — ең басты міндет. Мысалы, біз өзіміз үйде дұрыс тамақтану тәртібін ұстанбай тұрып, баладан соны талап ете алмаймыз. Эмоциялық тұрғыдан алғанда, мысалы темекі шегіп тұрған жасөспірім — өзін «ересек» етіп көрсеткісі келетін, ішкі эмоциялық қажеттілігі қанағаттанбаған бала. Бұл үйде онымен санаспайтынын, оның эмоциясын елемейтінін көрсетеді. Мұндай бала достары не істесе, соны қайталайды: чипсы жейді, тәттіге үйір болады, жеке гигиенасына мән бермейді, — дейді балалар психологы Мөлдір Тоғжанова.
Ал дәрігер баланың дені сау болып өсуі үшін ет жеуі керектігін жеткізді. Себебі, ет жемейтін бала түбінде семіздікке шалдығуы мүмкін екен.
— Бізде балалар анемия болғандықтан, ағза ақуызды тағамдарды қабылдамайды. Ет, тауық, балық жемейді. Қымбатты ата-аналар, егер балаңыз етті дастарханда ысырып отырса — бұл оның ағзасында етті қорытуға ресурс пен фермент жетіспейтінін көрсетеді. Ал ақуыз дегеніміз — ағзаның құрылыс материалы. Ақуыз жетпеген соң баланың қарны тоймайды. Бала таңертең бір-екі түйір ет, жұмыртқа, қияр, сары май жағылған нан жеп шықса — түске дейін аш қалмайды. Ал егер ботқа не печенье жесе — екі сағаттан кейін тағы ашығады. Осылайша инсулин жұмысы бұзылады. Инсулиннің бұзылуы артық салмаққа әкеледі, — дейді Гүлжан Аманбай.
Эндокринолог балалардың жалқау болуының себебі де дұрыс тамақтанбаудың әсерінен екенін айтады.
— Мен, балалар эндокринологы ретінде айтамын: баланың болашағы жарқын болу үшін — алдымен дені сау болуы керек. Денсаулығы жоқ бала алға мақсат қоя алмайды. Біз көбіне балаларды жалқау дейміз. Бірақ жалқаулықтың түп-төркіні — қан аздық. Анемиямен жүрген бала үнемі шаршап жүреді. Сондықтан сіздерге ешкім арнайы қатаң ереже ұстаныңдар деп жатқан жоқ. Тек бұрын өзіміз жеп, ішіп өскен нәрселерді қайтадан қалпына келтірейік, — дейді дәрігер.
Мамандардың айтуынша, соңғы 7 жылда 1-типті қант диабеті 66%-ға өскен. Себебі ата-аналар балаларына махаббатын тәтті беру арқылы білдіреді дейді дәрігерлер. Салдарынан жеткіншектер жасына жетпей семіздікке де шалдығады. Ал баладағы артық салмақпен қалай күресу керек? Гүлжан Аманбай жауап берді.
— Егер бала артық салмақпен күрескісі келсе — бірінші кеңес: ұйқы. Балалар түнгі 1–2-де емес, 22:00–22:30-да ұйықтау керек. Дамыған елдерде балалар 20:00–де ұйықтап қалады. Себебі түнгі ұйқы кезінде ағза демалады, гормондар бөлінеді. Қазір жаз — түнгі 12–1-ге дейін аулада ойнап жүрген балаларды көріп жүрміз. Бұл біздің ұлттың болашағына балта шабу. Ештеңе етпейді деп қарауға болмайды. Гормондарды қалыпқа келтіру үшін, бірінші ұйқының дұрыс болуы маңызды, — дейді ол.
Баланың дені сау болу үшін тек ұйқыны реттеу жеткіліксіз. Дәрігерлер оған қоса, спорт пен таза ауада серуендеуді де әдетке айналдыру керек дейді.
— Сосын таза ауада көп жүру маңызды. Қазір балалар далада ойнамайды, қозғалыс жоқ. Барлығы үйірмеге барады. Зияткерлік мектеп, ағылшын, математика, ҰБТ-ға дайындалады. Спортқа уақыт жоқ. Бірақ дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданған бала кез келген тестті жақсы тапсырады. Тағы бір маңызды нәрсе — су. Балаңызға қарапайым, таза су ішуді үйретіңіз. Қазақстанда жылына 3 миллиард литр тәтті сусын сатылады. Бұл сусындар балалардың ағзасындағы барлық минералды сорып алады. Сондықтан, егер балаңызға витамин, минерал бере алмасаңыз — тым құрыса тәтті сусын бермеңіз, — дейді эндокринолог.
Биыл елімізде мектеп жасындағы балалардың тамақтануына арнайы зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесінде Ұлттық салауатты тамақтану орталығының мамандары біраз олқылықтарды анықтағанын айтады. Мәселен, жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, мектепте білім алатын балалардың 59%-ына мектеп мәзірі мен ұсынылған тағамдар ұнайтын көрінеді. Оқушылардың 21%-ы асхана ұсынатын тамақтың ұнамайтынын жеткізген. Ал өзге 20% бала мектеп асханасынан мүлде тамақ жемейді екен.
— Зерттеу барысында мектептегі тамақтану мәзірлері көптеген оқушыға ұнамайтыны анықталды. Тамақтың дәмділігі мен мәзірдің әртүрлілігі жағынан талаптарға сәйкес келмеуі байқалды. Осыған орай, білім беру саласында тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жаңа стандарт әзірленіп, наурыз айында қолданысқа енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап осы стандарттарға сай мектеп тамақтануында жаңа мәзірлер ұсынылады, — дейді Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының профессоры Ардақ Шүйінбекова.
Мектеп жасындағы балалардың тамақтануындағы мәселелер мұнымен біткен жоқ. Мамандар оқушылардың арасында семіздіктің белең алғанын айтып, дабыл қағып отыр.
— Бірінші кезекте, мектеп жасындағы балалардың тамақтануын зерттеу барысында балалар арасында артық салмақ пен семіздік мәселесінің өте өзекті екені анықталды. Сонымен қатар, жалпы тамақтанудағы тамақтану мәдениетінің қалыптаспауы да байқалады. Көптеген бала тамақтану кезінде түрлі гаджеттерге үңіліп отырады, бұл олардың зейін белсенділігін төмендетеді. Тамақтану барысында гаджеттерге қызығушылықтың артуы тамақтану мәдениетінің өзгеруіне алып келеді. Сонымен бірге, балалар арасында зиянды тағамдарға деген құмарлық шектен тыс жоғары екенін көрдік, — дейді Ардақ Шүйінбекова.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы қоғамдық тамақтану орындарында улану жағдайлары жиілеген.
Одан бөлек, биыл мектептерде халықаралық ұсынымдарға сәйкес әзірленген жаңа тамақтану мәзірі қолданысқа енгізіледі.
Аружан Махмут
2035 жылы жер бетінде семіз адамдар көбейеді
Әлемде кейінгі жарты ғасырда семіздікке шалдыққан адамдардың саны үш есе өсті. 2035 жылға қарай жер шарындағы халықтың жартысынан астамы осы дерттен зардап шегуі мүмкін. Бұл - Семіздікпен күрес жөніндегі дүниежүзілік қауымдастықтың болжамы.
Сарапшылар семіздік, әсіресе, кедей мемлекеттерде таралады дейді. Яғни, Африка мен Азия аймағында мәселе ушығуы мүмкін. Сөйтіп, семіздіктің себебі не? Мұның алдын алу үшін не істемек керек? Әлем жаңалықтарының шолушысы Әсия Нұрлыбаева баяндауға әзір.
Иә, жыл сайын 2 млн 800 мыңдай адам артық салмақтан көз жұмады. Сорақысы, бұл дерт балалар мен жеткіншектер арасында да көбейіп барады.
2035 жылы жер бетінде семіз адамдар көбейеді
2035 жылға қарай жер бетін семіз адамдар қаптайды. Артық салмағы барлар 4 млрд-қа жетсе, тағы 2 млрд адам семіздіктен зардап шегеді. World obesity Atlas дүниежүзілік семіздікке қарсы ұйымы кейінгі есебінде осындай болжам жасады.
2020 жылы бұл көрсеткіш 0,81 млрд болса, алдағы 10 жылда бұл екі есе көбеймек. Бірінші кезекте бұл табысы төмен елдерге әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, жер шары тұрғындарының семіздікке шалдығуына қант диабеті, жүрек қан-тамырлары аурулары себеп. Мұнан бөлек, ғалымдар парниктік газ шығарындылары сияқты климаттық өзгерісті туғызатын әрекеттер де адам денсаулығына әсері барын айтудан жалықпайды.
Джоанна Ралстон, Дүниежүзілік семіздікке қарсы федерацияның бас директоры: - Біздің кейінгі есебіміз жер шары бойынша семіздікпен күресу әдісін өзгерту керек екенін байқатты. Сол себепті, жас пен кәрі, дамыған және дамушы елдер деп бөлмей, бұл мәселені жан-жақты қарауға тиіспіз. Өйткені семіздік көпсалалы шешімді қажет ететін жаһандық мәселеге айналып барады.
Аралды елде семіз адамдар көбейді
ДДСҰ-ның 2022 жылғы мәліметіне сәйкес, артық салмақтан арыла алмай жүрген елдердің тізімін аралды мемлекет Тонга корольдігі бастап тұр. 170 аралдан тұратын мемлекетте халықтың 70.54 %-ы семіздікке шалдыққан. Тонгалықтардың толық болуы олардың дұрыс тамақтанбауынан. Әдетте бұл ел Жаңа Зеландиядан жеткізілетін қой етін жейді. Өйткені, арзан әрі қолжетімді. Бірақ, құрамында трансмайы көп. Плезант аралындағы Науру мемлекетінде де осындай жағдай. Халықтың 70,18 пайызы толық. Тувалу, Самоа, Багам аралдары семіздіктен зардап шегетін елдердің алғашқы бестігін толықтырып тұр. Ал алпауыт АҚШ 42 пайызбен 13-орынға жайғасыпты. Қазақстан бұл тізімде 119 орында тұр. Халықтың 19,34 пайызы семіздікке шалдыққан.
Семіздікке сапасыз өнім себеп
АҚШ-ты жәй айт отырғанымыз жоқ. Өйткені, америкалықтардың көбі дұрыс тамақтанбайды. Жылдам дайындалатын фаст фуд өнімдері олардың басты ас мәзіріне енген. АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау және тамақтану орталығы келтірген статистикаға сүйенсек, АҚШ-та халықтың 36,6 пайызы, яғни 84,8 миллион адам күнде фаст-фуд жейді.
Мамандардың айтуынша, артық салмақ жинағандардың шамамен 90%-ы дұрыс тамақтанбайды.
Голливуд жұлдыздары жаппай арықтап жатыр
Бірақ, Голливуд жұлдыздары мәселең шешімін әлдеқашан тауыпты. Қазір әртістер бір-бірінен қалыспай, америкалық препарат іш арықтап жатыр. Тіпті, осы жылдың Оскар сыйлығын табыстау рәсіміне келген танымал жұлдыздардың көбін жұрт танымай қалды. Өйткені, бұрын етжеңді өнер иелері бір-ақ сәтте арықтап шыға келген. Олардың қатарында америкалық әнші Ариана Гранде, Джорджина Чапман, Джессика Честейн мен Минди Калинг бар. "Тесланың" негізін қалаушы Илон Маск те сиқырлы дәрінің арқасында 13 келі салмақ тастапты. Негізі бұл препарат қант диабетін емдеуге арналған. Бірнеше жыл бұрын семіздікке қарсы әсері барын да байқатты. Бірақ, ДДСҰ өкілдері Мұның негізгі дәрі-дәрмектер тізіміне кірмейтінін айтты. Өйткені, емделу уақыты қанша мерзімге созылатыны туралы еш ақпар жоқ. Ал мұндай дәрі ішкен адамның емді тоқтатқаннан кейін бұрынғы салмағы қайта қалпына келуі мүмкін, - дейді мамандар.
Бенедикт Хуттнер, ДДСҰ сарапшысы: - Сараптама комитеті препараттың қасіздігі туралы мәліметтер жеткіліксіз деп санайды. Сондай-ақ, емдеу әдістерін қанша уақыт қолдану керектігі де анықталмаған. Сол себепті, оны тізімге қосу үшін деректер жеткіліксіз.
Үндінің толық қыздары – байлықтың символы
Артық салмақ біреуге уайым болса, енді біреуге мақтаныш. Мысалы, Үндістанда толықша келген әйел сұлулықтың, байлықтың, молшылықтың символы. Сол себепті, жас жігіттер үйленетін шақта толық қыздарды таңдауға тырысады. Өйткені, үнді қоғамында дене бітімі ірі бойжеткендер бай, дұрыс тамақтанған, қамқор отбасыдан шыққан деген түсінік бар. Тіпті, әйгілі Болливуд жұлдыздарының өзі нәзік белді болғанымен, ірі денелі.
Мавританияда қыздарды әдейі семіртеді
Қара құрлықтағы Мавритания, Нигерияда да ірі денелі қыздар сұраныста. Мысалы, Мавританияда қыздарды әдейі семірту дәстүрі бар. Лефбид дәстүрі бойынша отбасы мүшелері қыз баланы 5-6 жасынан бастап баптап, қойдың сүті, майлы ет тағамдарын беріп салмақ қостырады. Бұл болашақта жақсы күйеуге шығуына сеп болады-мыс. Нигерияда да ірі денелі қыздар сұраныста. Қыз-келіншектердің томпақтығы ауқатты отбасыдан шыққанын әрі дені сау екенінің белгісі.
Денелі ер адам алып күш иесі саналады
Африка демекші, кей аймақтарда ірі денелі, семіз ер адамдар алып күш пен биліктің, әлеуметтік мәртебенің символы іспетті. Бұл түсінік, әсіресе, дәстүрлі қоғамда байқалады. Мысалы, Эфиопияның Боди тайпасында ірі денелі ер адамдар ерекше құрметке ие. Тіпті, жыл сайын мұнда «Семіздік фестивалі» ұйымдастырылады. Ең семізі тайпаның ең мықты, беделді адамы саналады. Оңтүстік Африканың Зулу мәдениетінде де толық ер адамдар ру көсемі, жауынгер саналады. Ер адамның ірі денелі болуы отбасын асырай алатынын әрі бай екенін аңғартса керек. Бірақ, қазіргі қоғамда Африканың біраз аймағында бұл түсінік қалыс қалып барады. Батыстық өмір салтына бейімделіп, арық әрі бұлшықетті дене сәнге айнала бастаған. Қалай болғанда да, артық салмақ күш бергенмен сән емес.
Семіздік қант диабеті, созылмалы жүрек аурулары, қатерлі ісік тудыруы мүмкін. «Ал одан арылудың жолы – препарат емес, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану», - дейді мамандар.




