|
Қазақстанда әрбір екінші ересек артық салмақтан зардап шегеді
|
Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары қатысатын семіздікке қарсы жедел әрекет ету жоспарын жүзеге асыруға арналған арнайы миссия басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жұмыс артық салмақтың алдын алу мен оны емдеудің заманауи тәсілдерін медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесіне енгізуге мүмкіндік беретін ұлттық "Жол картасын" әзірлеуге бағытталған.
Мәселенің өзектілігі алаңдатарлық деректермен байланысты. STEPS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы 18 жастан асқан тұрғындардың 58 пайызы артық салмақпен өмір сүріп жатыр. Оның ішінде семіздіктің клиникалық түрі халықтың 22,4 пайызында анықталған.
Балалар арасында да жағдай күрделі. COSI (2020) зерттеуіне сәйкес, 6-9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызында артық салмақ бар, ал 6,6 пайызы семіздікке шалдыққан. Бұл көрсеткіштер мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажеттігін айқын көрсетеді.
Аталған жұмыс Үкімет басшысының семіздіктің таралуын төмендетуге және салауатты тамақтану ортасын қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүргізіліп отыр. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін салалық ведомстволардың күшін біріктіріп, теориялық тұжырымдамалардан нақты практикалық құралдарға көшу қажет екені айтылды.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова қабылданатын шешімдердің стратегиялық маңызын атап өтті.
"Семіздік – тек медициналық мәселе емес. Бұл қоғамдық денсаулық пен экономикаға әсер ететін жаһандық сын-қатер, сондықтан оған ұлттық деңгейде жедел әрекет ету саясаты қажет. Біздің міндетіміз – халықтың дұрыс тамақтануына жағдай жасау, салық саясатын жетілдіру, медициналық және профилактикалық көмектің қолжетімділігін арттыру арқылы халықаралық дәлелденген құралдарды елдің басымдықтарына бейімдеу", – деді вице-министр.
Халықаралық сарапшылар да бұл бастамаларды жүзеге асыруда Қазақстанды қолдауға дайын екенін жеткізді. ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла семіздікпен күресте жан-жақты тәсіл қалыптастырылып жатқанын атап өтті.
"Біз әріптестерімізбен бірге тәтті сусындардың қолжетімділігін шектеу, балаларды агрессивті маркетингтен қорғау, дәрігерлерді оқыту және емдеудің заманауи әдістерін енгізу бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ортақ мақсат – семіздік пен оған байланысты аурулардың таралуын айтарлықтай азайту", – деді ол.
Алға қойылған міндеттерді орындау үшін Қазақстан салауатты тамақтану әдеттерін реттеу және насихаттауды қамтитын бірқатар шараларды енгізуді жоспарлап отыр. Негізгі бағыттардың қатарында қант қосылған сусындарға салық салу, балаларға арналған зиянды өнімдердің жарнамасын шектеу, сондай-ақ тұтынушыларды ақпараттандыру мақсатында өнім қаптамасына фронтальды таңбалау енгізу бар.
Сонымен қатар, бастапқы медициналық буынды жаңғырту жұмыстары қолға алынады. Жалпы практика дәрігерлері "қысқа араласу" әдістемелері бойынша оқытылып, бұл семіздік қаупін ерте кезеңде анықтауға және пациенттерге кешенді, көпсалалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Үш күнге жоспарланған миссияның қорытындысы нақты іске асыру мерзімдері мен жауапты тараптары айқындалған практикалық "Жол картасын" бекіту болмақ. Бұл жоспарды 2030 жылға дейін жүзеге асыру елде тұрақты әрі салауатты тамақтану ортасын қалыптастырып, алдын алу жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
2040 жылға қарай семіздікке шалдыққан балалар саны 228 миллионға жетуі мүмкін
2040 жылға қарай тарихта алғаш рет артық салмағы бар балалар саны 228 миллионға жетуі мүмкін. Бұл туралы "Әлемдік семіздік атласы – 2026" баяндамасында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Баяндаманы Дүниежүзілік семіздікпен күрес федерациясы жариялады. Құжатта 180-нен астам елде балалар арасында артық салмақ пен семіздік көрсеткіші өсіп жатқаны айтылған. Бұл өсім табысы төмен және орташа деңгейдегі елдерде жылдам байқалады. Себебі әлемдегі балалардың басым бөлігі осы мемлекеттерде тұрады.
2025 жылы әлемде 5-19 жас аралығындағы 177 миллионға жуық бала семіздікке шалдыққан. Бұл барлық балалардың 8,7 пайызына тең. 2040 жылға қарай олардың саны 228 миллионға жетіп, жалпы балалардың 11,9 пайызын құрауы ықтимал.
Дүниежүзілік семіздікпен күрес федерациясының өкілдері Симон Баркер мен Джоанна Ралстонның сөзінше, шұғыл шаралар қабылданбаған жағдайда, семіздік деңгейінің өсуі денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Сарапшылар бұл жағдайға ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр.
Алғаш рет әлемдік деңгейде 5-19 жас аралығындағы семіздікке шалдыққан балалар саны салмағы жеткіліксіз балалар санынан асып түспек. Бұл өзгеріс 2027 жылға дейін болуы мүмкін деген болжам жасалған. Сарапшылар мұны жаһандық тамақтану мәселесіндегі үлкен өзгеріс ретінде бағалап отыр.
Бүгінде семіздік көрсеткіші бойынша ең жоғары өсім Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Шығыс Жерорта теңізі аймағында және Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан елдерде байқалады. Еуропада балалар арасындағы семіздік көрсеткіші азаюы мүмкін. Болжамға сәйкес, 2025 жылы 14 миллионнан 2040 жылға қарай 13 миллионға дейін төмендейді.