Қазақстанда пәкістандық цифрлық банк пайда болуы мүмкін
Қазақстанда пәкістандық цифрлық банк пайда болуы мүмкін
2 ай бұрын 585 naryk.kz

Kazakh Invest пәкістандық Welt Konnect  компаниясымен жасыл энергетика және инфрақұрылым саласындағы жобаларды талқылады. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Welt Konnect (Pvt) Ltd. пәкістандық компаниясының бас атқарушы директоры Барристер Хабил Ахмед Ханмен кездесу өткізді.

Компания Қазақстанда ірі инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыруға, жаңартылатын энергетиканы дамытуға, туризмге, жылжымайтын мүлік пен құрылысқа, цифрлық банк құруға және білім беру бағдарламаларына қатысуға қызығушылық танытты.

Мадияр Сұлтанбек Қазақстанның экономикадағы өңдеуші секторларға жетекші шетелдік компанияларды тартуға мүдделі екенін және бірлескен бастамаларды іске асыруда қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

«Қазақстан экономикадағы өңдеуші секторларға сапалы инвестиция тарту үшін жағдайды жүйелі түрде жасап келеді. Welt Konnect сияқты компаниялармен ынтымақтастық жасыл энергетика мен инфрақұрылым саласында жаңа бастамаларды іске асыруға және біздің елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді ол.

Өз кезегінде Барристер Хабил Ахмед Хан Welt Konnect компаниясының Қазақстанды Орталық Азиядағы басым әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол елдің жасыл энергетика мен инфрақұрылым саласында жоғары әлеуетке ие екенін және ұзақ мерзімді инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.

Айта кетсек, Welt Konnect — штаб-пәтері Исламабадта орналасқан, энергетика және инфрақұрылым саласындағы инжинирингтік және девелоперлік қызметтерге маманданған жеке компания. Компания Пәкістанда, Сауд Арабиясында, Германияда және Қытайда жобаларды жүзеге асырады, инновациялар және энергетика саласын жаңғырту бағытында жұмыс істейді.

0 пікір
Мұрағат