Қазақстандықтарға шетелде қиын жағдайға тап болған кезде кім көмектеседі
Қазақстандықтарға шетелде қиын жағдайға тап болған кезде кім көмектеседі
1 сағат бұрын 28 kaz.inform.kz Тастан Тоянов. Фото: freepik.com

KAZINFORM - Былтыр 31 желтоқсанда Сыртқы істер министрінің бұйрығымен республикалық бюджетте көзделген «Қазақстан Республикасының шетелдегі мүдделерін білдіру» бағдарламасы бойынша қаражатты пайдалану қағидаларына өзгеріс енгізілді.

Атап айтқанда, құжат атауы «Форс-мажорлық жағдайларды қоса алғанда, қиын жағдайға тап болған Қазақстан Республикасының азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шараларды іске асыру қағидалары, сондай-ақ, болған мемлекетте қайтыс болған Қазақстан азаматтарына қатысты шаралар қабылдау қағидалары» деп өзгертілді.

Сонымен қатар, қағидалардың өзі жаңа редакцияда баяндалды. 

Осы қағидаларда қиын жағдай деп келесі жайттарға байланысты туындаған жағдайлар есептеледі: 

- Форс-мажорлық ахуалдарға орай пайда болған жағдайлар (еңсерілмейтін күш, яғни, осы жағдайлар кезінде төтенше және алдын алуға болмайтын мән-жайлар, оның ішінде болу мемлекетіндегі дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай); 

- Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекетке заңсыз әкелу; 

- Қазақстан Республикасына қарсы бағытталған құқыққа қайшы іс-әрекеттер;

- Қазақстан Республикасының азаматтары шетелде осы Қағидалардың 10-тармағының 5) тармақшасында көзделгеннен тыс жағдайларда қайтыс болса. 

Қаржылай көмектің түрлеріне төмендегі шығыстар жатады:

- Шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына дейінгі көлік шығыстарын төлеу (экономкласты әуе билетінің құнынан аспайды);

- Бір жолғы материалдық көмек:

тамақтану (Қазақстан азаматына күніне 80 АҚШ долларына баламалы сомадан аспайды) 3 тәуліктен артық емес;

тұру (күніне 100 АҚШ долларына баламалы сомадан аспайды) 3 тәуліктен артық емес;
бірінші қажеттіліктегі заттар болмаған жағдайда оларды сатып алу (280 АҚШ долларына баламалы сомадан аспайды).

- Жүкті жөнелту, Қазақстан Республикасының қайтыс болған азаматының денесін (қайтыс болғандардың күлі салынған cауыттар мен табыттарды) елге тасымалдау, бальзамдау, мәйітханада денені сақтау, болған мемлекетінде жерлеу немесе кремациялау жөніндегі қызметтерге ақы төлеуді қамтиды.

- Қаржылық көмек көрсету қиын жағдайда қалған Қазақстан азаматы ақша қаражатын пайдаланбаған немесе пайдалана алмаған жағдайда осы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар аталған құжатқа сәйкес, еліміздің азаматтарына шетелде қиын жағдайға тап болған кезде қаржылай көмек Сыртқы істер министрлігі мен оның шетелдегі мекемелері арқылы өтініш негізінде көрсетіледі. Жағдай мен құжаттар тексеріледі, заң бұзу немесе өзге де негіздер болған жағдайда көмек көрсетілмейді. Ал қаржылай көмек қайтарымсыз түрде қолма-қол немесе ақша аудару арқылы беріледі. Осыған байланысты толық ақпаратты сілтеме арқылы оқи аласыз. 
Аталған бұйрық 2026 жылғы 16 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетейік, Қазақстан посткеңестік кеңістікте санитарлық авиация жүйесі дамып келе жатқан санаулы ғана елдердің бір екенін жазғанбыз. 

Тастан Тоянов

 

0 пікір
Мұрағат