ҚМДБ: БИЫЛ РАМАЗАН АЙЫ 11 НАУРЫЗДА БАСТАЛАДЫ. Рамазан кестесі - 2024. ПІТІР
ҚМДБ: БИЫЛ РАМАЗАН АЙЫ 11 НАУРЫЗДА БАСТАЛАДЫ. Рамазан кестесі - 2024. ПІТІР
2 ай бұрын 501 muftyat.kz ҚМДБ Баспасөз қызметі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні бекітілді.

Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.

Сондай-ақ өзіңізге қажетті облыс, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін жоғары сапада pdf форматта muftyat.kz сайтынан https://www.muftyat.kz/kk/page/ramadan сілтемесі бойынша жүктеп алуға болады. 

Рамазан кестесі - 2024

Тұрғылықты жерді таңдаңыз

                              Облыс немесе қаланы таңдаңыз                                                              Республикалық маңызы бар қалалар                                                              Абай облысы                                                              Ақмола облысы                                                              Ақтөбе облысы                                                              Алматы облысы                                                              Атырау облысы                                                              Шығыс Қазақстан облысы                                                              Жамбыл облысы                                                              Жетісу облысы                                                              Батыс Қазақстан облысы                                                              Қарағанды облысы                                                              Қостанай облысы                                                              Қызылорда облысы                                                              Маңғыстау облысы                                                              Павлодар облысы                                                              Солтүстік Қазақстан облысы                                                              Түркістан облысы                                                              Ұлытау облысы                                                       
 
                              Қаланы таңдаңыз                                                           
 
                              Ауданды таңдаңыз                                                           
 
                              Ауылды таңдаңыз                                                       
ПІТІР – МҰҚТАЖДЫ ҚУАНТАТЫН САДАҚА

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. 

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі нисаб [1] мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманға беруі – уәжіп [2]. Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.

Ибн Омардан жеткен хадисте былай дейді:

فرض رسول الله زكاة الفطر من رمضان صاعا من تمر أو صاعا من شعير على العبد الحر والذكر والأنثى والصغير والكبير من المسلمين وأمر بها أن تؤدى قبل خروج الناس إلى الصلاة

«Алланың Елшісі Рамазан айында пітір садақасын әр бір азат мұсылманға, ер мен әйелге, үлкен мен кішіге бір сағ құрма немесе арпадан беруді міндеттеді.  Әрі оны адамдар айт намазына шықпас бұрын өтеуді әмір етті» [3].  

Ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадисте:

 فرض رسول الله صلى الله عليه وسلم زكاة الفطر طهرة للصائم من اللغو والرفث  وطعمة للمساكين  

«Алланың Елшісі  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пітір садақасын беруді рамазан айындағы ораза кезінде жіберілген қателіктерді тазарту үшін әрі міскіндерге бір той болу үшін міндет еткен» [4], - делінген.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.

Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан бір сағ (4 кг), яки осылардың ақшалай құны беріледі [5].

2024 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:

Бидай 2 кг – 341 теңге.

Ұн 2 кг – 640 теңге.

Арпа 4 кг – 701 теңге.

Мейіз 2 кг – 5745 теңге.

Құрма 4 кг – 8536 теңге.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады[6]. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.  

Осыған орай 2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы[7]. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.  

Сансызбай ШОҚАНОВ,

ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти

Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі 

[1] Нисаб – шариғат бекіткен байлықтың зекет беруге жеткен ең аз мөлшері.

[2] «Әл-ихтияр ли тағлили әл-мухтар», 1/387.

[3] Бұхари, №1503.

[4] Әбу Дәуіт, №1609. Ибн Мәжә, №1827.

[5] «Әл-Һидая шарху бидаяту әл-мубтади мәғә шархи әл-әлләмәти Абдулхаи әл-Ләкнәуи», 2/235. Мухаммад Мәжид Итр, «Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 285. «Әл-Фәтәуа әл-һиндия», 1/210-211.

[6] «Фәтху бәби әл-инәя», 1/554.

[7] «Әл-Фәтәуа әт-Татархания», 2/117.

0 пікір
Мұрағат