|
Қоян шаруашылығы – табыс көзі (видео)
|
Ақтөбе облысында қоян өсіріп, табыс тауып отырғандар көбейді. Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Ержан Мұхамәди қоян шаруашылығын дамытуда. Мемлекеттік бағдарлама көмегімен 2 млн 300 мың теңге несие алған. Өткен жылдың күзінде осы істі толық қолға алған. Қыс бойы қоян басын көбейтіп, 60-тан асырды. Қыстан қоңды шыққандарын сатып үлгерген. Қояндар арнайы үйшікте бағылады. Жерден биік орналасқан үйшік тазалыққа жақсы. Жаз мезгіліне арнап ашық қора салмақ. Жалпы, қоянның еті асқазанда 95%-ға дейін қорытылады. Адамның иммунитетін күшейтіп, ағзадан улы заттарды шығаратын қасиеті бар. «Таңсық әрі экологиялық таза етке сұраныс болады», - дейді шаруа. Ешкімге иек артпай, өз күшімен кәсіп бастаған ол шаруашылығын одан әрі кеңейтуді көздейді. Ержан Мұхамәди, қоян шаруашылығының жетекшісі: - Біз қоян санын көбейтіп, үлкен нарыққа шықсақ деп ойлаймыз. Қазір 30 қоянымыз ғана бар. Негізі қоян тез көбейеді. Мен сияқты іс бастаймын, еңбек етемін деген жастарға мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, болашаққа біраз жоспар жасадық.