Қымыздан жасалған балмұздақ: табиғи қасиетін жоғалтпаған төл өнім
|

Forbes Kazakhstan жас кәсіпкермен қымыздан балмұздақ жасау идеясының түп-төркіні мен кәсіпорынның қазіргі жетістіктері туралы сұхбаттасқан болатын
Серікқазин Айдын Серікқазыұлы — ІТ маманы. Абай облысында дүниеге келген. 2019 жылы Семей қаласындағы Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледждін тәмамдаған соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастаған. Қымыз бен саумалдан балмұздақ өндіретін Qazice компаниясын құрған Айдын қазір осы сауда белгісімен өз өнімін нарыққа шығарады.
Айдын мырза, қымыз бен саумалдан балмұздақ жасау — бұл алғашқы кәсібіңіз бе?
— Алғашқы кәсібім дей алмаймын. Өйткені, оған дейін де шағын көлемде ептеп сауда-саттықпен айналыстық. Одан бөлек, біз жылқы шаруашылығымен айналысамыз. Асыл тұқымды жылқы өсіреміз. Бие сауып, қымыз-саумал сатамыз дегендей. 2019 жылы Қырғызстанда қымыздан балмұздақ жасалатынын білдім. Қымыз қазақтың ұлттық сусыны болғандықтан елімізде де осындай өнім болуы тиіс деген ойға келдім. Сөйтіп бірден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан беріліп жатқан 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант алуға өтініш бердім. Осылайша кәсібімізді бастап кеттік.
2019 жылы 200 АЕК — 505 мың теңге көлеміндегі қаражат еді. Бұл қаражат осындай ірі жоба бастауға қаншалықты көмектесті?
— Иә, оған дейін де қымыз бен саумал өндіріп келгендіктен бізде дайын шикізат бар еді. Сондықтан, біз енді балмұздақты жасау технологиясын ойластырдық, көп іздендік. Қымыз ғана емес саумалдан да балмұздақ шығару жолын қарастырдық. Өзіміз құрамын ойлап таптық. Өнім дайын болғаннан кейін оны пайдалы модельге патенттедік. Шикізат пен өнім құрамын осылай анықтаған соң бізге тек балмұздақ шығаратын жабдық қажет болды. Мемлекеттен алған грантты осындай жабдық сатып алуға жұмсадық, яғни, шағын цех ашып, балмұздақ өндіріп, оны сатуға шығардық. Айта кететін жайт, мұз күйінде де қымыз бен саумал өзіне тән тағамдық құндылығы мен қасиеттерін жоғалтпайды. Сұйық күйдегі жылқы сүтіне тән барлық дәрумендерді балмұздақтардың да құрамынан таба аласыз.
Қымыздан жасалған балмұздақты алғаш қырғыз бауырларымыз әзірлегенін білдім дедіңіз. Бірақ, елімізде бие сүтінен балмұздақ жасауды алғаш Қазақ тағамтану академиясы қолға алғаны белгілі. Белгілі ғалым, профессор Төрегелді Шарманов кезінде академия қабырғасында осындай өнім шығарған болатын. Тағамтану академиясының сол тәжірибесін зерттеп көрдіңіздер ме?
— Әрине, Төрегелді Шарманов кезінде саумалдан жасаған балмұздақты бір көрмеге шығарған болатын. Алайда, одан кейін ол балмұздақты ешкім әрі қарай дамытып, өндіріске шығармады. Дегенмен, біз сол өнімді зерттеп, өз балмұздақтарымызбен салыстырып көрген жоқпыз. Айтайын дегенім, біз шығарып отырған қымыз бен саумалдан жасалған балмұздақ Төрегелді Шарманов ағамыздың идеясын қайталау, болмаса көшіру емес. QazIce балмұздақтары өзіміздің төл идеямыз, өзіміз ойлап тапқан өнім.
Қазіргі таңда қымыз бен саумалдан жасалатын балмұздақтардың патенті Қазақстан бойынша QazIсe деп аталатын біздің компанияға ғана тиесілі. Тағам ретінде сәйкестік сертификаты, мемлекеттік стандартқа сәйкестілігін айғақтайтын барлық құжаттарын рәсімдедік. Сонымен қатар, 2024 жылы «Географиялық нұсқама» бойынша «Семейдің балмұздағы» деген ресми статус алдық.
2019 жылдан бері бұл кәсібіңіздің ауқымы қаншалықты ұлғайды? Байқаймыз, қымыз бен саумалдан жасалған балмұздақты көпшілік жылы қабылдаған секілді…
— Көпшілік өте жылы қабылдады. 2019 жылы Семей қаласында бұл кәсіпті ашқан кезде қалада 300 мың халық бар, әр балмұздақтың құны 300 теңгеден, сонда айналымымыз 90 млн теңге болады деп есептеген едік. Сол есебіміз бізді алдамады.
Оның үстіне, жылқы өсіру — қазаққа ежелден таныс ата кәсіп. Сондықтан одан алатын өнімді жаңа заман талабына сай түрлендіру — заңдылық деп ойлаймын. Біздің балмұздақтың көпшіліктің көңілінен шығуына да негізгі себеп осы болса керек.
Ең алғашқы мемлекет грантына алған жабдығымыз сағатына 12 келі балмұздақ шығаратын. Қазір біздің жабдықтарымыз сағатына 80 келі балмұздақ өндіреді.
Qazice компаниясының өніміФото: Баспасөз қызметінің архивінен
QazIсe балмұздақтарының түрлері мен құрамы туралы айтып өтсеңіз…
— Біздің балмұздақ екіге бөлінеді: бірі — қымыз негізіндегі, екіншісі — саумал негізіндегі. Қымыздан жасалғаны сәл қышқылдау дәм береді, ал саумалдан жасалғаны тәттілеу болады. Біздің балмұздақтың басты ерекшелігі — құрамында ешқандай химиялық қоспа жоқ. Таза қымыз бен саумалдан жасалады. Жалпы, 18-ден астам түрі бар. Олардың құрамына әртүрлі жеміс-жидек пен табиғи қоспалар қосылады. Қымыздан жасалған балмұздақ 6 ай бойы бұзылмай сақталады. 100 грамм өнімнің құрамында майдың массалық үлесі 8%, ақуыздар 2,9%, энергетикалық құндылығы 427 кДЖ құрайды. Бұл өнімді шығарудағы басты мақсат — әсіресе, балаларға арнап, экологиялық таза тағам өндіру болатын. Балалар негізінен қымыз-саумал ішпейді, бірақ, балмұздаққа құмар. Әдеттегі балмұздақтардың құрамында әртүрлі бояғыштар кездесіп жатады, ал бізде ондай жоқ. Біз ең алдымен балалар қызығатын және соларға пайдалы тәтті дәм әзірлеуге ниеттенген болатынбыз.
Өткен жылдан бері тағы бір жаңа өнім әзірлеп, қазір оны нарыққа саудаға шығаруға дайындап жатырмыз. Ол қымыздан әзірленген йогурт. Оның дәмі қышқылтым. Дегенмен, көпшілікке ұнайды деп үміттенеміз. Сонымен қатар, түйе сүтінен, яғни шұбаттан да балмұздақ жасауды қолға алдық. Оны да осы 2025 жылы нарыққа, сатылымға шығару жоспарда бар. Қазіргі таңда бұл өнімді тіркеу, сертификаттау, яғни құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Құжаттары реттелген соң жаңа өнім дүкен сөрелеріне қойылады деген үміттеміз.
Кәсіпорынның қазіргі ауқымы, қаржылық айналымы қандай? Абай облысынан өзге өңірлерде мұндай балмұздақтар сатылымға шығарылды ма?
— Кәсіпорынның айналымы орта есеппен айына 5 млн теңге шамасында, жылына 60 млн теңгеге дейін жетеді. 2024 жылы компаниямыз «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде тағы бір өтеусіз грант алды. Бұл қаржы кәсіпті кеңейтуге және жаңа өнімдер шығаруға мүкіндік берді.
Қазіргі таңда біздің өнімдер Қазақстанның 6 қаласында: Астана, Алматы, Балқаш, Өскемен, Қызылорда, Семейде және Алакөлдегі демалыс орталықтарында сатылады. Алакөл мен Семейде өзіміз айналысамыз, қалған бес қалада серіктестерімізбен франшиза бағытында жұмыс істейміз. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы 500 дүкенде біздің балмұздақтар сатылымға шықты. Біздің өнімнің басты артықшылығы — оны тасымалдау да ыңғайлы. Өйткені, балмұздақты тасымалдау барысында ол еруі мүмкін. Әдеттегі балмұздақтар еріген соң формасын және өнімге тән қасиетін жоғалтады. Ал қымыз бен саумалдан жасалған балмұздаққа қатысты мұндай «қауіп» жоқ.
Алдағы уақытта бие сүтінен жасалған балмұздақтарды еліміздің барлық қалаларында сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа жеткен соң, шет елдерге экспорттау жағын қарастыратын боламыз. Әзірге тек Германия мен Қырғызстанға өнімімізді сынақ ретінде жіберіп көрдік.
Қазақстан бойынша бәсекелестеріңіз бар ма? Ол компаниялардың өнім жасаудағы тәжірибесін зерттеп көрдіңіз бе?
— Қазақстанда бәсекелестеріміз жоққа тән. Біз секілді ауқымда жұмыс істеп жатқан компаниялар жоқ.
Өнімді ілгерілету бағытында қандай жұмыстарға көңіл бөлдіңіздер? Көпшілік сіздердің өнім туралы қалай біледі?
— Сенесіз бе, балмұздақ шығарумен айналысқан бес жыл ішінде анау айтқандай ауқымды маркетинг шараларын жасап көрмеппіз. Тіпті, әлеуметтік желілерде ақылы таргетке де салып көрген жоқпыз. «Сарафан радиосы» дейді ғой, көпшілік арасында ауыздан-ауызға таралып, органикалық түрде танылды. Арнайы стратегия жасағанымыз жоқ. Дегенмен, мемлекеттен грант алып, оны табысты іске асырып отырғандықтан жетістігіміз елеусіз қалған жоқ. «Семейдің балмұздағы» деген ресми атауымыз бар. Сонымен қатар, Абай облысы бойынша үздік деп танылып, «Қазақстанның үздік тауарлары» көрмесіне қатыстық. Қырғызстаннан бастау алған «Бір ауыл — бір өнім» жобасы бойынша да жеңімпаз атандық.
Бизнес бастауға жүрексініп отырған замандастарыңызға, өзіңіздей жас кәсіпкерлерге қандай кеңес айтар едіңіз?
— Қазақстанда бизнес ашамын деген адамға игерілмей жатқан тың салалар өте көп. Мысалы, қымыз құятын әйнек бөтелкелер керек. Тіпті, сіріңкенің өзін көрші Ресейден аламыз. Бүкіл Қазақстан бойынша қант зауыты бар-жоғы төртеу ғана. Кәсіп ашамын деген азаматқа мемлекет тарапынан төмен пайызбен кредит алуға мүмкіндік бар. Сондықтан, ынталы азаматтар осындай мүмкіндіктерді пайдалана білсе, өздеріне де, бізге де, тұтынушы қауымға да тиімді болады деп ойлаймын.