Әссәләмуғалейкум! Кәріс елінде кәрістердің қабірін қазуға жұмысқа жалдануға бола ма? Үкімі қалай? Дәлелмен айта кетсеңіздер.
Діні бөтеннің қабірін қазып беруге бола ма?
|

Бисмилләһир рахманир рахим
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Діні бөтен адамның қабірін екі жағдайда қазуға болады:
1) Қазатын ешкім болмаса, мұсылман адамның оның қабірін қазып беруінің әбестігі жоқ. Әзіреті Әлидің дінді қабыл етпеген әкесі қайтыс болған кезде, Алла елшісі (с.а.у.) Әзіреті Әлиге: «Барып, әкеңді жер қойнауына тапсырып кел» деп айтқан. Әзіреті Әли былай әңгімелейді: «Мен Алла елшісіне барып: «Адасқан (дінді қабыл етпеген) көкеңіз қария қайтыс болды» дедім. Ол (с.а.у.): «Барып әкеңді жерле. Жерлеп болғаннан соң ештеңе айтпай маған кел» деді. Мен барып әкемді жерлеп, сосын қайтып келдім. Алла елшісі (с.а.у.) маған шомылуымды бұйырды, мен шомылдым. Сосын ол мен үшін Аллаға дұға етті»1.
Осы хадистен, екі нәрсені түсінуге болады:
-
Туысы мұсылман болмаса да, оның жерлеуіне қатысуға болатындығын.
-
Егер жерлейтін ешкімі болмаса, жерлеу керектігі.
2) Қабірін қазуға жалдану. Діні бөтеннің қабірін ақшаға қазып беруге болады. Бұған қатысты, Имам Ахмедтен (р.а.) бір кісі: «Мұсылман адам зимми (мұсылман жеріндегі діні бөтен адам) үшін ақыға қабір қазып бере ала ма?» деп сұрайды. Имам Ахмед (р.а.): «Оның әбестігі жоқ» деп жауап береді. Ханафи фиқһ кітаптарында да, мұсылманға шіркеу тұрғызуға немесе синагога тұрғызуға жалдануына болады деп келтірген2.
1Әбу Дәуід: «Сүнән». №3214 хадис.
2Ибн Нүжәйм: «Бәхрур Раиқ».