Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) қабірінде тірі ме?
|
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) қабірінде тірі ме?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қабірінде бейнебір тірілік халінде өмір кешуде және оның денесі бәз қалпында сақталған, шірімейді, Ол (с.а.у.) құлшылықпен айналысуда. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне сәлем айтып, салауат жолдаған үмбетіне жауап қайырып, жарылқау тілейді1. Мұның солай екендігіне қатысты Ислам ғұламаларының "ижмасы" бар. Алла елшісі (с.а.у) өзінің бір асыл сөзінде былай дейді: «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі және олар құлшылықпен айналысуда». (Әбу Яълә, Бәйһәқи келтірген). Имам Сүбки (р.а.) айтқан: «Пайғамбарлар мен шейіттердің қабірдегі тірілігі – осы дүниедегі тірілік сияқты» деген2. Ханафи ғалымы Имам әш-Шурунбүләли (р.а.) де өзінің «Марақи әл-Фәлләх» атты еңбегінде былай деген: «Сарапшылардың пікірінше, Алла елшісі (с.а.у.) тірі, ризықтануда, әрі оған барлық амалдар мен ғибадаттардың (сауабы) жетеді. Бірақ ол нәрсе жоғары мәртебелілердің құрметінен мақрұм қалған адамдардың көзінен перделенген (әркімге біліне бермейді)»3. Ханафи ғұламасы, мұхаддис Абдулхақ әд-Дәһләуи (р.а.) бұған қатысты былай деп мәлімдейді: «Пайғамбарлардың тірі екендіктерінде иттифақ бар, оған ешкім қайшы пікір білдірмеген, олардың тірілігі – рухани, мағнауи тірілік емес, дүниедегідей денелік тірілік, шейіттер секілді».
Ендеше, Алла Тағала Мұхаммед пайғамбарға және басқа да пайғамбарларға бейнебір тірілік сыйлап, бізге белгісіз халде қабірлерінде тірі күй кешуде, ал оның қалай екендігі бір Аллаға мәлім, біздің ол жағдайға шектеулі ақылымызбен жетіп, нафсаниятпен көмкөрілген жүрек көзімізбен сезуіміз мүмкін емес. Және де бұл ақиқатты қазбалап, түбіне жетуге де бұйырылмадық. Солай екендігіне сенеміз, одан арғысына бас ауыртпаймыз.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1Ахмед әл-Ъаторий әл-Мәдәни: «Ижәбәтус Сәилин ъан ъақоидиль мүслимин». Карачи-Пәкістан.
2Ахмед әл-Ъаторий әл-Мәдәни: «Ижәбәтус Сәилин ъан ъақоидиль мүслимин». Карачи-Пәкістан.
3Имам Хасан ибн Аммар ибн Али әш-Шүрунбүләли: «Мәроқи әл-Фәлләх».
4Ахмед әл-Ъаторий әл-Мәдәни: «Ижәбәтус Сәилин ъан ъақоидиль мүслимин». Карачи-Пәкістан.