Пайғамбардың (с.а.у.) зәрін абайсызда ішіп қойған адамның оқиғасын желеу етіп, дінге тіл тигізіп жатқандар бар. Бұған қандай уәж айтасыздар?
Пайғамбардың (с.а.у.) зәрін абайсызда ішіп қойған адамның оқиғасын желеу етіп, дінге тіл тигізіп жатқандар бар. Бұған қандай уәж айтасыздар?
4 ай бұрын 1716

Пайғамбардың (с.а.у.) зәрін ішіп қойған адамның оқиғасы жайында не айтасыздар? Осыны желеу етіп, біреулер халыққа күмән салып жатыр. Пайғамбарға тіл ұзатып жатқандар да бар. Не деп жауап беруге болады?

Құрметті сауал жолдаушы! Ондай оқиға, яғни, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) зәрін абайсызда ішкен қызметші әйелдің оқиғасы кейбір хадис кітаптарында келтіріледі. Алайда, хадис ғұламалары ол риуаяттың «әлсіз» екендігін айтқан. Себебі, риуаятты жеткізушілердің риуаят тізімінде «үзік» бар. Бұл хадистің «сахих» (рас) екеніне күмән салады. Екіншіден, хадисті жеткізуші риуаятшылардың арасында беймәлім адам бар дейді ғалымдар. Бұл да, аталмыш риуаяттың әлсіз екендігін көрсетеді. Оның үстіне риуатшылардың арасында хадис ғылымында хадистері алынбайтын адамдардың да есімі орын алған. Сондықтан да, бұл хадис әлсіз хадис, сахих емес. Әлсіз хадис дегеніміз, растығында күмән бар деген сөз.

Алайда, бұл риуаятты сахих деп, ондай оқиғаның расында да орын алғандығын қабыл еткен күннің өзінде, мына маңызды пунктарды назарда ұстау керек:

  • Біріншіден, Алла елшісі (с.а.у.) зәрін іш деп ешкімге айтпаған. Ондай дерек мүлдем кездеспеген. Қателікпен болған жағдай.

  • Екіншіден, зәрін ішіп қою жағдайы абайсызда, қателіктен болған іс. Мысалы, біреудің зәрін басқа біреу абайсызда су екен деп, қателесіп ішіп қойса, оған зәр иесін кінәлауға бола ма? Бұл да сол сияқты. Біздің заманда да уксусты да қателесіп ішіп қойғандар кездескен.

  • Үшіншіден, зәрін ішу оқиғасы бір рет қана болған, онда да абайсызда. Зәрін қателесіп ішіп қойған кісі - Алла елшісінің кішкене күнінен бері қызмет етіп келген Үмму Әйман есімді қызметші әйел еді (Бәрәкә бинт Сәъләб). Және екінші риуаятта зәрді ішкен қызметшінің аты Бәрәкә Үмму Юсуф екендігі айтылады. Екеуі бір адам дейтіндер бар.

  • Пайғамбарымыз (с.а.у.) ешкімге зәрін ішуді айтпаған. Егер Алла елшісі (с.а.у.) зәрін жұртқа таратып, ішіңдер деген болса, онысын оғаш көруге болар еді. Бірақ ондай оқиға мүлдем орын алмаған. Ол да адам ретінде түзге шығып, әжетін өтейтін.

  • Алла елшісінің (с.а.у.) зәрі су сияқты таза болған болса, неге ол жайында жаппай сахабалар риуаят етпеген? Демек, оның олай екендігін Ол (с.а.у.) ешкімге айтпаған және ешкімге ішкізбеген. Бірақ, қызметшісі абайсызда су екен деп қателесіп ішіп қойғаннан соң ғана зәрі де таза екендігі білініп отыр. Одан кейін де оның зәрін теберік көріп ішушілер кездеспеген.

  • Шариғатта «Алла елшісінің зәрі тап таза болған» деген үкім жоқ.

  • Оның зәрін бір ғана адамның ішкендігі тіркелген, онда да, қателесіп. Демек, зәрін теберік ретінде көрушілік деген нәрсе сахабалар арасында болмаған деген сөз. Зәрін біреу қателесіп ішіп қойған болса, ол үшін Пайғамбарды қалай кінәлауға болады?

  • Исламда зәр нәжіс болып саналады. Шариғатта зәр ішу харам. Дінде зәрді теберік ету деген үкім жоқ.

  • Алла елшісінің денесінен шыққан терісінен жұпар иіс шығып тұратын болған екен. Бұл Алла Тағаланың пайғамбарына берген ерекшелігі. Демек зәрі де таза болған болуы мүмкін. Ол үшін Алла елшісіне кінә артуға бола ма? Тұла бойы сондай пәк болған асыл адам. Жаратылысындағы ерекшелік үшін қалай кінәлауға болады? Түсінемін, егер зәрін жұртқа таратып, ішіңдер деген болса, онысын оғаш көруге болар еді. Алайда, әлдекімге зәрімді іш деген дерек мүлдем кездеспейді. Егер Алла елшісі зәрін ішуді ұсынған болса, Оның әрбір сөзін және ісін жеткізіп отырушы сахабалардан ондай хадис жетер еді.

Енді аталмыш оқиғаны баян еткен хадистің мәтініне орын берелік. Ол келесідегідей:

« أخبرنا أحمد بن كامل القاضي ، ثنا عبد الله بن روح المدائني ، ثنا شبابة ، ثنا أبو مالك النخعي ، عن الأسود بن قيس ، عن نبيح العنزي ، عن أم أيمن - رضي الله عنها - قالت قام النبي - صلى الله عليه وآله وسلم - من الليل إلي فخارة من جانب البيت فبال فيها ، فقمت من الليل وأنا عطشى فشربت من في الفخارة وأنا لا أشعر ، فلما أصبح النبي - صلى الله عليه وآله وسلم - ، ص: 86 ] قال : " يا أم أيمن قومي إلى تلك الفخارة فأهريقي ما فيها   " قلت : قد والله شربت ما فيها ، قال : فضحك رسول الله - صلى الله عليه وآله وسلم - حتى بدت نواجذه ثم قال : " أما إنك لا يفجع بطنك بعده أبدا " .

Жоғарыдағы хадисті Алла елшісіні (с.а.к.) кішкене күнінен бері бағып, қаққан және кейіннен азаттығын алған қызметшісі Үмму Әйман деген әйел кісі жеткізген (Толық аты: Бәрәкә бинт Сәъләбә). Үмму Әйман – Алла елшісінің ата-анасының күңі еді. Олар қайтыс болғаннан кейін Үмму Әйман кішкене Мұхаммедтің қасынан айырылған жоқ, Алла елшісі есейгенде де оған қызмет етуін жалғастыра берді. Кейіннен Алла елшісі есейіп, Хадишаға үйленгеннен кейін, Ол оған азаттық беріп, оны Убайда деген кісіге тұрмысқа берді. Алла елшісі Үмму Әйманды қатты сыйлайтын, кейде оны «анам» деп айтатын болған. Алла елшісінің зәрін абайсызда ішіп қойған кісі осы кісі еді. Ол жайында Үмму Әйман былай әңгімелейді:

«Түнде Алла Елшісі (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) үйдің шетінде тұрған саздан жасалған ыдысқа барып, оған зәрін сындырды (жергілікті әдет бойынша, түнде ыдысқа зәр сындырып, азанда төгіп тастайтын болған). Сол түні қатты шөл қысып, ояндым да, ол ыдыстағына (су екен деп) байқамай ішіп қойдым. Таң атқанда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) маған: «Уа, Умм Айман, тұрғын, ана ыдыстағыны төгіп тасташы», - деді. Мен: «Уаллаһи, мен ондағыны ішіп қойдым», — дедім. Сонда Пайғамбарымыз азу тістері көрінердей күліп, былай деді: «Сенің ішіңе енді ешқашан ауру тимейді»1.

Аталмыш хадисті жеткізушілердің тізімінде Абдульмәлік ибн Хусейн деген кісі бар, Имам Нәсәи бұл кісінің жеткізген хадистері алынбайды деген. Өзге де хадисші ғұламалар аталмыш адамды сенімсіз екендігін айтқан. Яғни, риуаятшылар тізімінде бұл кісінің есімі орын алған хадис - әлсіз хадис деген сөз.

Осы риуаяттың тағы бір нұсқасы Хүкәйма бин Үмәймә деген әйел кісіден жеткен, ол анасынан естігенін былай жеткізеді:

حَدَّثَتْنِي حُكَيْمَةُ بنتُ أُمَيْمَةَ بنتِ رُقَيْقَةَ عن أُمِّهَا أنها قالت : كان النبي صلى الله عليه وسلم يَبُولُ في قَدَحِ عِيدَانٍ ثُمَّ يَرْفَعُ تَحْتَ سَرِيرِهِ فَبَالَ فيه ثُمَّ جاء فَأَرَادَهُ فإذا الْقَدَحُ ليس فيه شَيْءٌ فقال لامْرَأَةٍ يُقَالُ لها " بَرَكَةُ " كانت تَخْدُمُ أُمَّ حَبِيبَةَ جَاءَتْ بها من أَرْضِ الْحَبَشَةِ ( أَيْنَ الْبَوْلُ الذي كان في الْقَدَحِ ؟ ) قالت : شَرِبَتُهُ ، فقال ( لَقَدِ احْتَظَرْتِ مِنَ النَّارِ بِحِظَارٍ ) .

«Алла елшісі (с.а.у.) құрма ағашынан жасалған ыдысқа түнде зәрін сындырып, төсегінің астына қойып қоятын. Бірде сол ыдысқа зәр сындырып, кейін оны алу үшін келгенде, ішінде ештеңе болмай шықты. Ол «Бәрәкә» деген әйелге (Ол Алла елшісінің әйелі Үмму Хабибаның қызметшісі еді, эфиопия жерінен келген): «Тостағандағы зәр қайда?» деп сұрады. Сонда Ол: «Оны ішіп қойдым» деп жауап берді. Сонда Алла елшісі оған: «Сен тозақ отынан мықты қорған құрдың» деді»2.

Риуаяттың осы нұсқасын жеткізуші Хүкәйма бин Үмәймә деген адамның қандай адам екені белгісіз. Беймәлім риуатшы. Егер хадисті жеткізушілердің арасында «беймәлім адамның» есімі орын алса, ол хадистің растығында күмән бар деген сөз. Сол себепті, бұл нұсқаны да хадисшілер «әлсіз хадис» деп баға берген. Оның үстіне Алла елшісінің зәрді ішкенге бола: «Сен тозақ отынан мықты қорған құрдың» деп айтуы мүмкін емес, хадистің мәтінінде де келіспеушілік бар, сол себепті хадисші ғұламалар «мудтариб» хадис деген баға берген.

Қорыта айтқанда, Алла елшісінің зәрін ішкен адам жайында келген риуаятты – ескілікті хадисшы ғалымдар мен қазіргі хадисші ғалымдар әлсіз риуаят деп баға берген. Бұл дегеніміз, сондай оқиға болғаны жайында күмән бар деген сөз. Дегенмен, ондай бір оқиға расында да орын алған күннің өзінде, Алла елшісінің айтуымен емес немесе әдейі емес, «абайсызда», «қателікпен» болған жағдай екендігін ұмытпау керек. Біреудің қателесіп зәрін ішіп қойғаны үшін Алла елшісіне кінә артіп, оған тіл тигізу немесе Ислам дінін қаралау әділетсіздік болады.

Алла Тағала тәуфиқ, һидаят берсін!


1Әл-Хәкім: «әл-Мүстәдрак»; Табарани: «әл-Кәбир».
2Бәйһәқи, Табарани кітаптарында келтірген.

Абдусамат Қасым