Адам (а.с.) — аллегориялық тұлға болуы мүмкін бе? Қазіргі ғылым адамзаттың бір ғана ата-анадан тарамағанын дәлелдейтін деректер келтіріп отыр. Осы жағдайда Ислам ілімі мұндай ғылыми тұжырымдарға қалай бейімделуде? Меніңше, Ислам мен ғылым бір-біріне қайшы келмейді. Осыған байланысты дін мамандары бұл мәселеге қалай қарап, қандай тұжырымдар жасауда? Махамбет.
Қазіргі ғылым адамзаттың Адам атадан тарағанын мойындамайды. Ислам мен ғылым қайшы ма?
|

Құрметті сауал жолдаушы! Шынту айтқа келгенде, қазіргі ғылым, соның ішінде жаратылыстану ғылымы атеистік бағытта ұсынылып жатқаны өтірік емес. Сондықтан да, лаж болса, діни тұжырымдамаларды жоққа шығаруға бейім болып тұрады. Мәселен, ғылым «Адам атаның» болғанын жоққа шығарады екен, мақұл. Бірақ «олай болса, адамзат қайдан пайда болған?» деген заңды сауал туындайды. Бұл сұраққа ғылымда нақты бұлтартпас жауап жоқ.
Ғылымды үйретуші білім адамдары «адамзат Адам атадан тараған» деген діни сенімді жоққа шығару үшін, «маймылдан тарадық» деген теорияны ойлап тапты. Адам баласының маймылдан эволюциялық жолмен пайда болды деген теория - ғылыми ортада кең таралғанымен, ол әлі де толық дәлелденбеген, тек жорамал деңгейіндегі тұжырым болып отыр.
Әсілінде, «маймылдан тарадық» дегеннен гөрі, «Адам атадан» тарадық деген сенім ақылға сыйымдырақ емес пе? Бірақ, мақсат діни дүниетанымды, діни сенімді жоққа шығару болғандықтан, түрлі нақты дәлелсіз гепотезалар ойлап тауып жатады.
Негізінде адам баласының денесі негізінен көміртек, сутек, оттек, азот, кальций мен фосфор сынды жер қойнауындағы элементтерден тұрады. Бұл – адамның топырақтан жаратылғанын растайтын маңызды дәлел. Құранда Алла Тағала Адамды «қара балшықтан» немесе «сыңғырлаған болпырлақ топырақтан» жаратқанын баяндайды. Демек, бұл мәліметтер дін мен ғылымның бір-біріне қайшы емес, керісінше, толықтыра алатынын көрсетеді. Тек мәселе – көзқараста, яғни Жаратушыны мойындауда немесе мойындамауда.
Ал бірақ «Адам атадан тараған, Адам ата топырақтан пайда болған» дегенді ғылым мойындаса да, ғылымға келіп-кетер зияны жоқ. Бір ғана теріс жөні бар: Құдайды мойындау керек болады. Және де, әлемнің мәңгі емес, жаратылғандығын мойындау керек болады. Шындығына келгенде, Құдайды мойындаудың ғылымға зияны жоқ. Кезінде мұсылман ғұламалары Құдайдың бар екенін мойындап-ақ «мусульмандық ренессансты» тудырған болатын. Қазіргі европаның орта ғасырлық ғалымдарына ұстаздық еткен мұсылман ғұламалары өздерінің еңбектерін «Бисмилләһир рахманир рахим» деп бастағанын кітаптарынан анық оқи аласыздар. Сондықтан да, ғылымды соның ішінде жаратылыстануды «Құдай сенімімен» байланыстыра зерттеген жөн. Сонда көп сұраққа жауап табылар еді.
Исламда ғылымды – Құдайдың табиғаттағы заңдылығын ашушы құрал деп көреді. Өкінішке орай, орта ғасырдағы Христиан шіркеулерінің білімге және ғалымдарға қарсы күресуінен кейін, дін мен ғылымның арасы алшақтап, атеистік сипат алды да, кейіннен соның салдарынан «христиан шіркеулерінің ғылымға қарсы шығуына» қарап, «Ислам діні де сол сияқты, ғылымға өш» деген пікір қалыптастырды. Шындығында солай ма? Олай емес.
Исламның ғылым, білім үйренуге деген мотивациясының арқасында әлемде ең бірінші рет университетті мұсылмандар ашты. Өлуге айналған ғылымды мұсылман халифаларының қолдауымен қайта тірілтіп, «мусульмандық ренессанс» тудырды. Мұсылман елдеріне ілім оқу үшін Европадан студенттер келіп оқығандығы да тарихи шындық. Сонда қалай Ислам ғылымға өш болуы мүмкін?
Мысалы, 10 ғасырда батыстық Европада көз ауруына шалдыққан адамды өлгенге дейін изоляцияда ұстап жататын, ал, ол кездері мұсылман Кордовасында хирургияның атасы Әбулқасым әз-Зәһрәуи - көздің қасаң қабығына (роговица) өте нәзік, әрі, сәтті оталар жүргізіп жатқан еді. Ойлап қараңызшы 900-1000 жылдары көздің жанарына сәтті ота жасау – таңқаларлық іс емес пе!? Сол ғалым (әз-Зәһрәуи) өзінің кітаптарында Алланың атын жиі еске алады. Кей жерлерінде "Аллаһу аъләм биссауаб - Ең дұрысы Аллаға мәлім" деген сөздерін де кездестіруге болады. Демек, Ислам дінінің ғылымның дамуына үлкен үлес қоспаса, зияны жоқ екен.
Қорыта айтқанда, ғылым мен Ислам діні қайшы болуы мүмкін емес. Уақыт өте келе қазіргі әлемдегі ғылым өзіндегі атеистік кейіпінен айырылып, «Құдай орталықты» сипат алады деген ойдамыз. Соған жаймендеп келе жатқан сынайлы. Өйткені, ғылым ол – Жаратушы Алланың орнатқан табиғат заңдарын ашу құралы. Және де, егер Алла Тағала өзінің қасиетті Құран кітабында «адамзаттың бастауы – Адам ата!» деп ашық әрі анық айтқан болса, демек шындығы сол. Оған иман ету парыз. Оған күмән келтіру күпірлік. Ал оның олай емес екендігін жоққа шығарар нақты ғылыми дәлел жоқ. Құр ғана негізсіз гипотеза ғана. Ең дұрысы – Аллаға аян!
Осы тұрғыда Ислам ғалымдарды қудалаған, оларға қастандық жасаған деген сөздер айтылып жатады. Оған жазған жауабымызды да оқуды кеңес етеміз: «Мұсылмандар - ғылымға қарсы, олар - ғалымдарды өлтірген» дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
Абдусамат Қасым