Темекіні «халал» деген адам діннен шыға ма?
Темекіні «халал» деген адам діннен шыға ма?
2 ай бұрын 1401

Уаағалейкум ассалам! Осы сұраққа қоса кетсем: Сигарет (электронды/қарапайым) халал ма, толықтай харам ба, не, ортасындағы бір статус па? Егер харам болса, адам сигарет шегіп оны халал деп ойласа бұл қаншалықты ауыр? Яғни оған бұл жағдайда харам деп айтылса ол мұны қабылдамаса діннен шыға ма?! Ерасыл.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бүгінде дін ғалымдарының басым көпшілігі темекінің харам екендігіне байлам жасаған. Ертеректе темекіні «мәкруһ» дегендер болды, тіпті «мубах» деушілер де кездесті, алайда «харам» деушілер де жоқ емес еді¹. Бүгінде темекінің жаппай адамзатқа тигізер залалы ғылыми тұрғыдан анықталғаны жасырын емес. Оның зиянды әрі адам өліміне әкеп соғатын әдет екеніне қарап, Ислам ғалымдары оның «харамдығына» пәтуа байласты. Құранда: «Ол жақсы нәрсені халал етіп, жаман нәрсені харам етеді...» – делінеді². Темекінің жақсы нәрсе емес екенін бүкіл адамзат мойындайды.

Алайда, егер бір мұсылман темекіні «халал» деп, оны шегуге болады десе, ол діннен шықпайды. Себебі темекі «ижтиһади мәселе» болып саналады, яғни – үкімі Құран мен хадисте нақты айтылмаған, кейіннен туындаған мәселе.

Рас, «харамды халал деуші адам діннен шығады» деген қағида бар. Алайда, бұл қағида – дінде нақты әрі бұлтартпас дәлелдермен бекітілген харамдарға қатысты ереже. Мысалы, доңыз етінің, шараптың, адам өлтірудің, ұрлықтың, ғайбаттың, намаз оқымаудың харамдығы және т.б. Осындай нақты әрі бұлтартпас дәлелмен бекітілген харам нәрселерді «халал» деген мұсылман діннен шығады.

Ал харамдығына Құран мен хадистен нақты дәлелі жоқ, бірақ діннің жалпы қағидаттарына сүйеніп «харам» деп үкім берілген мәселелерді (сондай-ақ таласты мәселелерді) халал деуші мұсылман діннен шықпайды.

Ендеше, темекінің де харамдығы «ижтиһади» болып табылады. Сондықтан, бір мұсылман темекінің харамдығын жоққа шығарып, «халал» деп айтса, ол діннен шықпайды. Бірақ мойнына күнә алған болады, себебі зиянды нәрсені қолдануға болады дей отырып, елді залалға итермелеп, қаншама кісінің обалына қалуы мүмкін. Мұндай ауырлықтың өзі олай деген адам үшін жеткілікті.

Осы тұрғыда Имам ән-Нәуәуидің (р.а.) мына бір сөзін келтіре кетейік:

«...Аят, хадис немесе ижма арқылы дәлелі бар үкімді қабыл етпеу кісіні кәпір қылады. Олар – ғалымдарға да, қарапайым адамдарға да белгілі діндегі әйгілі амалдар, мысалы: намаз, зекет, қажылық, шараптың харамдығы, зинаның харамдығы және т.б. Ал тек ғалымдарға ғана белгілі, ижма етілген мәселені қабыл етпеу кісіні діннен шығармайды (өйткені оның үкімін білмеген болуы мүмкін)... Сондай-ақ, бір ғасыр ғалымдары жаңа туындаған жағдайдың үкіміне ижма етсе, (оны теріске шығару) үзір себепті күпірлікке жатпайды»³.

Қорытынды 

Қорыта айтқанда, темекінің харам болу үкімі – ижтиһади. Ижтиһади дегеніміз – үкімі дінде ашық әрі кесімді (қатғи) дәлелмен бекітілмеген мәселе. Мұндай үкімді теріске шығарған мұсылман кәпір болмайды, бірақ ғалымдарымыздың шариғат негізінде байлаған үкімін жоққа шығарғаны үшін күнә арқалайды.

Дінімізде бір мұсылманды кәпір деудің өзіндік талаптары мен қатаң шарттары бар. Ондай ауыр айып тағуға негіз болатын мәселе нақты әрі кесімді дәлелмен бекітілуі шарт. Және де, бір істің адамды діннен шығармауы – сол істі істей беруге болады дегенді білдірмейді. 

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

1Ол жайында: «Темекі шегу жайында ертеректе ғалымдар не деген?» атты жазбамызды оқи аласыздар.
2Құран: "Ағраф" сүресі, 157 аят.
3Имам Нәуәуи: «Раузатут Толибин».

Абдусамат Қасым