Білгім келгені, қиямет қайымға жақын уақытта яжуж және мәжуж деген халықтар шығады екен. Солар қай ұлттан болады? Қай ұлтқа жатады? Еркін.
|
Яжүж бен Мәжуж қай ұлтқа жатады?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Орта ғасырда өмір кешке Ислам ғұламасы, энциклопедист ғалым Ибн Кәсир (р.а.) өзінің тарих кітабында «Яжуж» бен «Мәжуж» тайпаларын түркілерге жатқызады:
«Яжүж бен Мәжүж түркі тайпаларына жататын екі үлкен тайпа, көптігін бір Алла біледі... Олар – түркілердің әкесі Яфис ибн Нұхтың ұрпағынан болып табылады» дейді Ибн Касир (р.а.)1.
Және де Ибн Кәсирден отыз бір жасқа кіші тағы бір мұсылман энциклопедист Тунис елінің тумасы Ибн Халдун (р.а.) өзінің "Тарих" кітабында "Яжуж" бен "Мәжуж" халықтарын түркілермен аталас деп танытады:
«(Нұх пайғамбардың ұлы) Яфистің ұрпақтарына – түркілер, қытай, славян халықтары және Яжуж-Мәжуж халықтары жатады, бұл шежірешілердің бірауызды келісім бойынша»2.
Яжуж бен Мәжуж тайпалары жер бетінде бұзғыншылық жасап, адамдарға тыныштық бермей қойғаннан кейін Алла Тағала Зүлқарнайынға бұйырып, оларды бөгеттің ішіне қамап тастады. Алла қалаған күні қайта шығып, жер бетінде қырғын жаратады.
Олардың түр сипаты да өздерінің қандас түркі тайпаларына ұқсайды, дейді Ибн Кәсир. - Көздері моңғолдардың көздері секілді сығарайған, мұрындары пұшық, шаштары жирен – солардың (түркілердің) түр-сипатына ұқсайды» деп сүреттейді Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ)3. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!
1Ибн Кәсир (р.а.): «әл-Бидая уән Ниһая» - Яжуж бен Мәжуждың шығуы бөлімі.
2Тәриху Ибн Халдун (Ибн Халдун жазған тарих р.а.): Екінші томның бірінші кіріспесі.
3Ибн Кәсир (р.а.): «әл-Бидая уән Ниһая» - Яжуж бен Мәжуждың шығуы бөлімі.