Ауруханада тамақтың халал екенін білмейміз, берген асын жей беруге бола ма?
Ауруханада тамақтың халал екенін білмейміз, берген асын жей беруге бола ма?
5 ай бұрын 1859 фото: pikabu.ru

Ассаляму алейкум! Больницада беретін тамақты жеуге бола ма? Еті адал ма белгісіз болғандықтан күмән бар? Дамира.

Уағалейкумуссәләм!

Құрметті сауал жолдаушы! Ауруханаларда тамақ таңдауға мүмкіндік бола бермейтіндіктен, ол жерде зәрулік бар. Бастысы біздің ел мұсылман елі. Мұсылман елі болғандықтан біздегі медициналық мекемелерде доңыз сияқты арам малдың еті берілмейтіндігі анық. Ал ол жерде ұсынылатын ет адал малдың еті болғанымен, шариғат талабы бойынша сойылған ба, жоқ па, деп тәптіштеп сұрауға міндеттелмегенбіз. Сондықтан да, «бисмиллә» деп жеу беру керек. 

«Сахих Бұхариде» келтірілген сахих бір хадисте сахабалар Алланың елшісінен (с.а.у): «Бізге кейде біреулер ет алып келеді. Бірақ ол еттің бисмилләмен сойылғанын, не, сойылмағанын білмейміз?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бисмилләны» айтып жей беріңдер», – деп жауап берген екен1

Ханафи мәзхабы ғалымдары да тым күмәншіл болмауға шақырады. Мәселен, Имам Мұхаммед рахимаһуллаһ алдыға қойылған астың нақты арам екенін білмесе, күмәнға берілмей, жеуді кеңес еткен, әрине егер нақты арам ас екенін білсе, жемейді дейді ғұлама2

Қорыта айтқанда, ауруханаларда ас таңдауға мүмкіндік бола бермейді, оның үстіне біздің ел мұсылман елі, сондықтан да, ауруханадағы ұсынылған асты күмәнданбастан ішудің күнәсі жоқ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Сахих Бұхари, «Китабуз Забаих» – 5188.
2«Осыны ұстанамыз. Оның еш ағаттығы жоқ, әрине, егер ол астың нақты жаман екенін (арам екенін) білмейтін болса (нақты біліп тұрса жемейді). Бұл - Әбу Ханифаның сөзі» - дейді Имам Мұхаммед (р.а.).

Абдусамат Қасым