Құранда «ортаңғы намазға сақ болыңдар» деген аят бар. Осы аяттағы ортаңғы намаз деп қай намаз айтылып тұр?
Аяттағы «ортанғы намаз» дегені қай намаз?
|

Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 238 аятында былай делінген:
«حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ وَالصَّلَاةِ الْوُسْطَىٰ وَقُومُوا لِلَّهِ قَانِتِينَ
«Намаздарға сақ болыңдар және ортанғы намазға сақ болыңдар. Аллаға бойсұнған күйі (намазға) тұрыңдар»1.
Аталмыш намаздағы «Ортанғы намаз» дегенге қатысты ертеректегі сахаба мен тәбиғиндерден әртүрлі тәпсір жеткен. Исламның атақты тәпсірші ғалымы Ибн Кәсир (рахимаһуллаһ) өзінің ауқымды тәпсір кітабында аталмыш мәселеге қатысты көптеген риуаяттарды беріп өткен. «Оның қай намаз екені жайында сәләф (алдыңғы буын ғалымдар) пен хәләф (кейінгі буын ғалымдар) ғалымдары әртүрлі көзқарас білдірген» дейді атақты тәпсірші ғалым. Төменде дін ғұламаларының аталмыш намазға қатысты айтқан жорамалдарын қысқаша бере кетелік:
1. Ортанғы намазды «Таң намазы» деушілер. Бұл көзқарасты Әзіреті Әли, Әзіреті Абдулла ибн Аббас, Жәбір ибн Абдулла және Имам Мәлік пен Имам Шәфиғи (Алла оларды рахымына бөлесін) алға тартқан.
2. Бесін намазы деушілер. Мұны сахабалардан Усама ибн Зәйт, Зәйт ибн Сәбит, Абдулла ибн Омар, ал тәбиғиндерден – Қатәда, Саъид ибн Мүсәйяб, Шұъба және кейбір риуаятқа қарағанда Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Ахмед (Алла оларды рахымына бөлесін): «аяттағы ортаңғы намаз - «бесін» намазы» деп айтқан.
3. Асыр намазы деушілер. Ибн Кәсир рахимаһуллаһтың айтысы бойыншы, бұл – сахабалар мен одан кейінгі буын дін ғалымдарының басым көпшілігінің көзқарасы. Қазы Мәуриди (р.а.): «Бұл – тәбиғиндердің басым көпшілігінің көзқарасы» деген. Әрідесе, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Имам Мұхаммед те осы көзқарасты дұрыс деп қабыл еткен2. Сәйкесінше, Ханафи мәзхабында «Ортаншы намаз», ол - асыр намазы деп қабыл етіледі.3
Қорыта айтқанда, "Ортанғы намаз"ды көпшілік ғалымдар асыр намаз деп жорамалдаған. Алайда, оны "бесін намазы" деп болжайтындардікі де адасушылық емес екендігін білген жөн.
1Құран, «Бақара» 238 аят.
2Ибн Кәсир: «Тәфсируль Құраниль Ъазим» - Бақара сүресі, 238 аят тәпсірі.
3Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 2\17 бет.