Мархұмның қырқын қарызданып болса да беру қаншалықты дұрыс?
Мархұмның қырқын қарызданып болса да беру қаншалықты дұрыс?
1 ай бұрын 1110

Ассаламуалейкум! Бір бауырымыз әкесі қайтыс болып, енді қырқын анадан-мынадан қарызға ақша алып жасамақшы. Осы қаншалықты дұрыс?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қадірменді сауал жолдаушы! Бауырыңыздың елден қалмайын деген талпынысын түсінуге болады. Қырқын қарыз алып өткізем десе де өз еркі, қарыз алудың күнәсі жоқ. Дегенмен, шариғатта қарызданып болса да қырқын өткіз деген үкім жоқ екендігін де айтпай кетуге болмайды. Шариғат қайтыс болған кісіні мұсылман жолымен арулап жер қойнауына тапсыруды бұйырады. Ал одан басқа әдет-ғұрыптан туындаған жол-жоралғыларды «мубах» санап, әркімнің өз ықтиярына қалдырған.

Сондықтан да, қырқын өткізуге жағдайы келмеген мұсылман, жеті шелпегін пісіріп, жергілікті молданы шақырып құран оқытып, екі-үш қарияның батасын алып, осылай ырымын жасаса да жеткілікті болар еді деген ойдамыз.

Жалпы айтқанда, қарапайымдылықты үндейтін дініміз, мұндай жол-жоралғылардың да қарапайым өткенін құп санайды. Егер, өлім-жітім жол-жоралғылары ағыл-тегіл ас беріліп өтіп жатса, бұл - қалтасы таяз, қолы қысқа мұсылмандарды қысылдыратыны өтірік емес. Осы жөнін де назарға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамыз.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

Абдусамат Қасым