Неге мұсылмандарға жылқының етін жеуге болмайды?
Неге мұсылмандарға жылқының етін жеуге болмайды?
1 ай бұрын 1867

Мұсылмандарға неге жылқының етін жеуге болмайды? Нұржан.

Құрметті сауал жолдаушы!

Мұсылмандарға жылқының етін жеуге болады. Ислам дінінде жылқының еті адал тағам саналады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көзі тірісінде сахабалар жылқы етін жейтін. Әбу Бәкірдің қызы Әсмә (Алла олардан разы болсын) былай деген:

«Біз Алла елшісінің (с.а.у.) заманында жылқыны сойып, етін жедік».
(«Сахих Бұхари»)

Сондай-ақ сахаба Жәбір ибн Абдулла (р.а.) былай дейді:

«Алла елшісімен (с.а.у.) сапарда болған кезімізде жылқының етін жеп, сүтін ішетінбіз».
(«Дәруқұтний» риуаяты)

Ал енді «неге кейбір мұсылман елдерінде жылқы етін жемейді?» деген сұраққа келсек, мұның себебін діни пәтуадан гөрі, көбіне жергілікті әдет-ғұрып пен менталитеттен іздеген дұрыс сияқты. Көптеген мұсылман елдерінде жылқы етін тұтынбау дәстүрлі әдетке көбірек байланысты деген ойдамын. Әсіресе ауа райы ыстық өңірлерде жылқы еті ағзаға ауыр тиіп, денеге қолайсыз болуы мүмкін деген көзқарас бар немесе кезінде жылқы жорыққа таптырмас көлік болғаны мәлім, санын сақтап қалу үшін халық сойып жеуден тыйылған болуы мүмкін т.б. Мысалы, ежелден Шәфиғи мәзхабын ұстанатын Мысыр халқы жылқы етін жемейді. Тіпті, ол елде жылқы етін сату заң жүзінде тыйым салынған. Алайда Шәфиғи мәзхабының негізін қалаушы Имам Шәфиғидің өзі жылқы етін адал санағаны баршаға белгілі.

Демек, кейбір мұсылман елдеріндегі жылқы етіне қатысты теріс көзқарас діни үкімнен емес, көбіне салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан туындаған деуге болады.

Біздің қоғамда да еті адал болғанымен, халық арасында жеуге тәбет тартпайтын немесе тұрмыс дәстүрінде тұтынуға қабылданбаған кейбір еті адал хайуандар болуы мүмкін, мысалы, аққу құсы т.б. Бұл да сол сияқты ерекшелік болса керек. Одан бөлек, төрт мәзхабтың төртеуінде де жылқы еті адал саналады. Ал о баста, жылқы етін жеуді «харамға жақын мәкруһ» деп санаған Имам Ағзам Әбу Ханифа (өйткені, аятта «жылқыны міну үшін және зейнет үшін жараттық» делінген, жеу үшін емес), өмірінің соңғы сәттерінде «жеңіл мәкруһ» екендігіне тоқтам жасағандығы кітаптарда айтылады. Ханафи мәзхабында жылқының еті де, сүті де адал. (Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтәр». 9/452 бет). 

Аллаһу аълам! Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

 

Абдусамат Қасым