Қазақта «қонақ өз ризығымен келеді» деген сөз бар, соның дінде негізі бар ма?
Қазақта «қонақ өз ризығымен келеді» деген сөз бар, соның дінде негізі бар ма?
2 күн бұрын 495

Сәлеметсіздер ме! Қонақ келсе өз ризығымен келеді деп жатады, соның діни тұрғыда негізі бар ма? Айсәуле.

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим

Құрметті сауал жолдаушы!

«Қонақ өз ризығымен келеді» деген сөздің дінімізде негізі бар. Бір әлсіз хадисте: «Қонақ ризығын ала келеді (الضيف يأتي برزقه)» делінеді. Яғни, қонақ келген үйге береке кіреді, қонақ келген үйдің азығы кемімейді, қайта артады дегендік.

Хадистің жалғасында: «әрі қайтарда қауымның күнәларын ала кетеді (ويرتحل بذنوب القوم)» делінеді. Мұндағы «қауым» деп қонақ күткен үйдің адамдары меңзелсе, «күнәларын ала кетеді» дегені — қонақ күткен үй иелерінің кейбір (кіші) күнәлары қонақтың құрметіне өшіріледі деген мағына. (Ескерте кетейік: бұл «қонақ олардың күнәларын арқалап кетеді» деген сөз емес). Осыны сол хадистің соңғы бөлігі де нықтап айтады: «Олардан күнәлары өшіріледі (يمحص عنهم ذنوبهم)»Яғни, Алла Тағала қонақты күткені үшін сол үйдің адамдарының кіші күнәларын кешіріп, мейірімін төгеді.

Демек, қонақтың үш пайдасы бар екен:

• Үйге береке кіреді.
• Үйдегі жағымсыз, ауыр энергиялар кетеді.
• Үй иесінің кіші күнәларын Алла Тағала кешіреді.

Осыдан келіп, кейбір мәзһаб ғалымдары: «алыстан келген қонақты күту — уәжіп» деп үкім еткен. Уәжіп дегені — әрбір үй иесіне міндетті амал. Сахих хадистің бірінде Алла елшісі (с.а.у.): «Қонақ күту – үш күн. Одан кейінгісі — садақа» дейді(2). Яғни, үш күннен кейін қонақты күткен әр күні үшін үй иесіне садақа жазылады деген сөз. Осыдан келіп қазақ халқы арасында: «қонақ — үш күн» деген ұғым қалған.

Үш күннің алғашқы күні — алыстан келген құдай қонаққа үй иесі шамасы жетсе, малын сойып, ет асып, барын дастарқанға қоя отырып құрмет көрсетеді. Ал қалған екі күнінде үй иесі бірінші күндегідей аста-төкке бармастан, қолда барымен бөлісіп жеп, күнделікті дастарқанын жайып күтеді. Бұл үй иесіне ауыр болмасын дегендік.

Әлхамдулилләһи Раббиль-ғаләмин!

(1) Имам Суюти: «әл-Жәмиъус Сағир». Имам Сәхәуи «әлсіз хадис» деген.
(2) 
Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым