Біздер (келіндер) махрам емес туыстармен қол алысып, беттен сүйісіп амандасамыз, олай болмайды дейтіндер бар. Сіздер не дейсіздер?
Біздер (келіндер) махрам емес туыстармен қол алысып, беттен сүйісіп амандасамыз, олай болмайды дейтіндер бар. Сіздер не дейсіздер?
18 күн бұрын 1257

Ассалямуалейкум, ұстаз! Туған қайынінім бар. Келін болып түскен кезде ол студент еді. Ол уақытта екеуіміз де намаз оқымайтынбыз. Сол кезде ол маған «жеңге» деп, қолымды ұстап, бетімнен сүйіп амандасатын. Бұл әдет болып қалыптасып кеткен, сондықтан қазір де үйге келген сайын автоматты түрде солай амандасады. Ал шариғатта бұлай амандасу дұрыс емес қой. Оған мұны қалай көркем түрде, даналықпен түсіндірсем болады? Айтып бере аласыз ба?

 

Ассалямуғалейкум!
Дәл осыған ұқсас жағдай менде де бар. Бала күнімнен бірге өсіп, туғанымдай болып кеткен әкемнің әпкесінің баласы бар. Ол менен екі жас кіші. Біз де бір-бірімізбен беттен сүйіп амандасып үйренгенбіз. Алайда оның маған махрам емес екенін жақында білдім. Осындай жағдайда басқа мәзһабтың пікіріне сүйену қаншалықты дұрыс болады?

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғат ғалымдарының басым көпшілігінің байламына сәйкес, махрам емес ер мен әйелдің бір-бірімен қол алысып амандасуына болмайды. (Махрам емес туыстар — араға неке түсе алатын бірге туған емес жақындар: қайын, балдыз, бөле, туған жеңге, жезде және т.б.).

Дегенмен, қазіргі заман дін ғалымдарының бірен-сараны, соның ішінде шейх доктор Юсуф әл-Қардауи (р.а.) сияқты ғалымдар: қажеттілік туса және арада құмарлық сияқты жаман ойлар туындамаса, жақын аралас-құралас боп жүрген (бірге туған емес) ағайын-туыс пен құдандалы туыстар арасында ер мен әйел қол алысып амандаса алады. Мысалы: туған қайыны, балдыз, жеңге, жезде, құда, құдағи және осы тәрізді туыстық байланыстар. Бірақ мұнда да артық еркіндікке жол бермей, әдеп пен арақашықтықты сақтаған дұрыс. Сондай-ақ діндар адамның махрамы емес туысқа бірінші болып қол созбағаны абзал, ал оған қарай созылған қолды алу — рұқсат.

Сонымен қатар, шейхтің өзі ескертеді: егер мұндай әрекет екі тараптың бірінде шайтанның араласуымен бөтен ойлар тудырып, фитнаға себеп болса (мысалы, еркектің дәмеленуі т.б.), онда махрам емес (бірге туған емес) туыстармен қол алысып амандасуы — харам болып есептеледі. Өйткені мақсат - бүлікті болдырмау.

Біздің қоғамда махрамы болмаса да, туған қайын, балдыз, жеңге, жезде, бөле, күйеу бала, немере ағасының балалары сияқты туыстар бір-біріне өте жақын болып кететіні жасырын емес. Сол себепті, көбіне арада фитна туындамайтыны анық, олай болған жағдайда қол алысып амандасудың күнәсі болмайды. Бірақ сіздің жақсы ниетіңізді дұрыс түсінбей, қарсы жыныстың көкейінде бөтен ойлар тууы мүмкін болса, яғни, Құран тілімен айтқанда: «Жүрегінде дерті барлардың дәмеленіп қалу қаупі» байқалса, онда қол созбай, тек ауызша амандаса салған әлдеқайда абзал, себебі неше түрлі адамдар болады. Бұл үкімдердің барлығы — шариғаттың қоғамда сирек болса да кездесіп жататын келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған тағылымы деп түсінген жөн.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым