Әссәләмуғалейкум! Темекі тартуға бола ма? Құран мен сүннетте ол туралы айтылмаған, әрі ғалымдар бұл туралы екіге бөлінген. Бұл жерде өзін таңдасан да болады ғой? Салман.
|
Темекі шегу жайында ертеректе ғалымдар не деген?
|
Уағалейкумсалам! Құрметті Салман, темекі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында болмағандықтан, оның нақты үкімі Құранда немесе хадистерде айтылмағаны рас. Осы себепті 20-ші ғасырға дейін, дәлірек айтқанда темекінің зияны анықталғанға шейін, Ислам ғалымдары үш түрлі тұжырымды алға тартып келді: 1. Мәкрүһ; 2.Мубах (рұқсат); 3.Харам.
Темекіні рұқсат деген ғалымдардың уәжі: Бір нәрсені харам немесе мәкрүһ деген үкімге байлауымыз үшін, міндетті түрде шариғи дәлел керек. Ал, бұл мәселеде шариғи дәлелдің жоғы анық. Оның үстіне темекінің залалдығы немесе мас ететіндігі яки буын-буынды алып қоятындығы анықталмаған. Ендеше темекіні де «Әр нәрсенің үкімі – рұқсатқа байланған» деген қағида аясына жатқызуымыз тиіс (әл-аслу фил әшиә’ – әл-Ибаха).
Мәкрүһ дегендердің уәжі: Пайғамбарымыз (с.а.у.) сарымсақ жеп, мешітке келуді мәкрүһ санаған. Өйткені сарымсақтан жағымсыз иіс шығады. Темекі шеккен кісінің де аузынан жағымсыз иіс шығатындықтан, оған әуестену мәкрүһ.
Харам дегендердің айтуы бойынша: Темекі адамды мас қылмағанымен, оны тартқан кісінің буын-буынын босатып, әлсіздендіреді. Ал Ахмед ибн Ханбәлдің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта: «Алла елшісі барлық мас етуші және буын-буынды алып қоюшы заттардан тыйды», - делінген. Сондықтан темекіні де «харам» деуіміз заңды[1].
Бұл мәселенің тоқетерін ертеректе өмір сүрген Ханафи ғалымдарының бірі былай түйіндейді:
«Темекіні халал немесе харамдығын айқындауымыз үшін, екі негізге сүйенеміз: Біріншісі - «Әр пайдалы нәрсенің үкімі – рұқсатқа байланған» деген қағида. Екіншісі – «Әр зиянды нәрсенің үкімі – харамға байланған» дейтін қағида... Сондықтан да, темекінің еш пайдасы жоқ, зарарлы екендігі анықталып жатса, онда оған «харам» деп пәтуа беруге болады. Ал анықталмаған жағдайда, «халал» деп пәтуа беріледі»[2]
Қорытындылай келе айтарымыз: Қазіргі таңда темекінің адам баласына тигізер зияны шаш-етектен екені дәлелденіп отыр. Бүгінде ешбір медицина маманы мұны жоққа шығармайды. Осыған сәйкес, осы күнгі Ислам ғалымдары да бір ауыздан «темекі шегу–харам» деген тоқтамға келіп отыр. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.
Абдусамат Қасым
[1] Ибн Ғабидин: Раддул Мухтар – 10/43 бет.
[2] Әл-Фәтәуә әл-Хамидия – мәсәилун уә фәуәидун шәтта – шурбуд духан.