Жаңа туылған бала бір айдан соң шетінесе, оны қалай жерлейді?
Жаңа туылған бала бір айдан соң шетінесе, оны қалай жерлейді?
4 күн бұрын 616

Саламатсыздар ма! Алты жарым ай болып туылған кішкентай бөпем бір ай тұрды. Жылап туылған, бірақ шетінеп кетті. Қалай көмеміз? Кімдер жуады? Қанша матаға орау керек?

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы!

Дүниеге шыр етіп дауыс шығарып келген сәби көп ұзамай шетінеген жағдайда, жуылып, кебінделіп, жаназа намазы оқылады. Үлкен адамдарша жер қойнауына тапсырылады.

Қанша кебінге оралалы?

Ғұламаларымыздың пайымдауынша, сөйлемейтін және әлі ақыл-есі кірмеген шағында шетінеген сәбидің кефені (кебіні) екі кефеннен тұрады:

  • Изар. (басынан аяғына дейін орайтын мата).

  • Ридәнемесе лифәфә. (бас жағынан және аяқ жағынан буылады, изардан ұзын болып келеді).

Тек «изардың» өзіне ораса да жеткілікті делінген1.

Ал кім жуады дегенге келсек?

Ұл баланы әйел кісілер жуа алады, мысалы, анасы т.б. Сәбидің тірі кезінде ғаурат жерлерін жабу шарт емес, сондықтан да жуғанда ғаурат жерлеріне қараудың күнәсі жоқ2.

Кебінделіп болғаннан кейін жаназа намазы оқылып, арнайы қазылып әзірленген қабіріне қойылады.

1Имам Мұхаммед: «әл-Асл». Мәйітті жуу бөлімі. (Ғослуль мәит).
2Имам Сәрәхси: «әл-Мәбсут». Мәйітті жуу бөлімі.

Абдусамат Қасым