Кімдерге имамдыққа шығуға болмайды?
Кімдерге имамдыққа шығуға болмайды?
11 күн бұрын 1783

Кімдерге имамдыққа шығуға болмайды?

Намазда имамдыққа шыға алмайтындар келесідегідей:

  1. Үзір иесі намазда имам бола алмайды. Ол тек өзімен үзірлес кісіге ғана имам бола алады. Бірақ, үзірі бөлек адамға имам бола алмайды. Мысалы, жарақатынан қан ағып тұрған үзірлі кісі, зәрін ұстай алмайтынға имам бола алмайды, өйткені екеуінің үзірлері екі түрлі.
  2. Киімі жоқ жалаңаш адам, киімі бар адамға имам бола алмайды. Киерге киімі жоқ адам өзі секілді жалаңаш адамға имам бола алады, бірақ жалғыз, отырып, ишарамен оқығаны абзал.
  3. Құран оқуды білмейтін «үмми» адам Құран оқи алатын адамға имам бола алмайды. Үмми адамдар тек өздері секілді үмми адамдарға имам бола алады.
  4. Мас адам сау адамға имам бола алмайды, мастығы тарқағанша.
  5. Нәпіл оқитын адам парыз оқитын адамға имам бола алмады, ал керісінше парыз оқитын адам нәпіл оқитын адамға имам бала алады.
  6. Балиғатқа толмаған бала балиғатқа толғандарға имам бола алмайды. Бірақ нәпіл намаздарда имам бола алады.
  7. Мылқаудың имамдығы жарамсыз.
  8. Көліктегі адам жердегі адамға имам бола алмайды.
  9. Бесін оқитын адамның, асыр оқитын адамға немесе ақшам оқитын адамның құптан намазын оқитынға имам бола алмайды, өйткені, екеуі екі бөлек намаз.
  10. Бір қаза намазын оқитын кісі, басқа қаза намаз оқитын кісіге имам бола алмайды. Екеуі бір күннің және бір намаздың қазасын өтейтін болулары керек.
  11. Тілі сақау адам тілі сау адамға имам бола алмайды. Олар өздері секілді сақауларға имам бола алады.
  12. Кекеш адамның имамдығы жарамайды.
  13. Әйел кісілердің имамдығы жарамайды. Әйел кісілер әйел кісілерге имам бола алады.
  14. Өзен мен үлкен каналдардың арғы жағындағы адам бергі жақтағы адамға имам бола алмайды. Бірақ ортада көпір блып, көпірдің үстінде жалғасып сап құрылған болса, ол кезде ұюға болады.
  15. Көлік пен арбалар жүретін үлкен көшенің арғы бетіндегі адам, бергі бетіндегі адамға имамдық жасай алмайды. Бірақ ортада сап құрылып, екі жақ жалғасып тұрса, ол кезде жолдың арғы бетіндегіге имам бола алады. Сондай-ақ, көлік жүре алмайтындай жол тар болса да ұюға болады1.

«әл-Фәтәуә әл-Һиндия».

Абдусамат Қасым