Ассаляму алейкум, ұстаз! Егер жолдасым имам болса, бірақ қате оқыса сүрелерді, кириллицамен жаттаған. Оған ұйып оқыған намазым санала ма?
Күйеуі Құранды қате оқыса, оған ұйып оқыған әйелінің намазы санала ма?
|

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Құрметті сауал жолдаушы! Егер сіздің Құран оқи алу деңгейіңіз күйеуіңіздің Құран оқи алу деңгейімен бірдей немесе одан төмен болса, онда оған ұйып оқыған намазыңыз дұрыс саналады. Мәселені ашып айтар болсақ:
Құранды дұрыс оқи білмейтін адамды фиқһ ілімінде «әл-Үмми» деп атайды.
«Үмми» сөзін тілдік мағынада «оқу», «жазу» білмейтін адамға қолданса да, Фиқһ іліміндегі анықтамасы: «Ең аз дегенде үш қысқа аятты қатесіз оқи алмайтын адамды - Үмми» деп атайды1. Бұл дегеніміз, үш аятты қатесіз оқи алса, оған ұюға болады деген сөз, әрине егер олай болған жағдайда сол үш аятты екінші рәкәғатта да қайталаған болуы керек.
Кей ғалымдар «Фәтиха» сүресін дұрыс оқи алмайтын адамды «Үмми» деп атаған. Бұған қарағанда, фатиханы дұрыс оқи алмайтын адамға ұюға болмайды. Өйткені, Үмми үкіміндегі адам құранды жақсы оқитын адамға имам бола алмайды.
Демек, қарапайым тілмен айтқанда Құранның ең жоқ дегенде қысқа бір сүресін қатесіз оқи алмайтын адам – жақсы оқи алатын адамға имам бола алмайды екен. Бірақ, өзі сияқты Құранды дұрыс оқи алмайтындарға имам бола алады.
Сөз соңын фиқһтан кітаптарында келтірілген мынадай мәселемен аяқтайық:
«Үмми адам имам болған жамағаттың арасында құранды жақсы оқитындар да, құранды нашар оқитын үмми үкіміндегілер де бар болса, Әбу Ханифа (р.а.) бәрінің намазы бұзылады деген. Ал оның екі шәкірті: ондай жағдайда имамның және құранды толық оқи алмайтындардың намазы дұрыс дейді»2.
1Бәдруддин әл-Айни: «әл-Биная шәрхуль Һидая»; Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр».
2Имам Мәрғинәни: «әл-Һидая». Имамәтуль Үмми.