Намаз бастау тәкбірінде «Аллаһу әкбар» дегеннің орнына, басқа сөз қолданса бола ма?
Намаз бастау тәкбірінде «Аллаһу әкбар» дегеннің орнына, басқа сөз қолданса бола ма?
23 күн бұрын 913 фото: ЖИ

Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракятух ұстаз! Ифтитах тәкбірі ретінде Аллаһу Акбардың орнына Аллаһу ‘Азза деп айтылу кейбір кітаптарда кездеседі екен. Ханафи мазхабы бойынша оның үкімі қандай? Олжас.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Намазды бастау тәкбірін шариғатта «ифтитәх тәкбірі» деп атайды. Ифтитах тәкбірінде «Аллаһу әкбар» сөзі қолданылады. Одан өзге, Алланы мадақтайтын, оны ұлықтайтын сөздердің бірін қолданса да намазды бастаған болады1.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (рахимаһуллаһ) бойынша, намазды «лә иләһә иллаллаһ» деп бастаса да, әлхәмдулилләһ десе де, сүбханалла, тәбәракәллаһ, Аллаһу аъзам десе де, тіпті жай ғана «Аллаһ», «Рахман» деген Алланың есімін қолданса да намазды бастаған болады, яғни, «ифтитәх тәкбірін» алу парызы орындалады2.

Бірақ, «Аллаһуммағфирли (Аллахым мені кешір)», «Аллаһуммарзуқни (Аллам мені ризықтандыр)» деген сөздер намазды бастауға жарамайды, өйткені бұлар «зікір» емес, тілек сөздер. Тілек сөздер «ифтитах тәкбіріне» қолдануға жарамсыз3

Сауалдағы сөзге келсек, сіздің айтып тұрғаныңыз «Аллаһу аъаззу» сөзі болса керек. Ол «азиз» сөзінің «исму тафдиль» қалыбына жатады. Олай айтып намазды бастауға болады. Дегенмен, өзге мәзхабтардың кейбірінде «Аллаһу әкбар» сөзін қолдану шарт. Сондықтан да, «Аллаһу әкбар» деп бастаған абзал, олай қолдану - хадистерге де, сүннетке де сай. Аллаһу аъләм! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Имам Маусули: «Ихтияр».
2Бұрхануддин ибн Мәза әл-Бұхари: «әл-Мұхитуль Бұрһәни», Намаз бөлімі.
3Бұрхануддин ибн Мәза әл-Бұхари: «әл-Мұхитуль Бұрһәни», Намаз бөлімі.

 

Абдусамат Қасым