Әссәләмуғалейкум! Мен жолға шығуға ниет еткенімде, намаз уақыты кіріп қойған тұғын, қаладан шығып үлгермей тұрып. Енді, осы намазды жолда оқитын болсам, қысқартып оқимын ба, әлде толық па? Зуна.
|
Сапарға шықпай тұрып уақыты кірген намазды жолға шыққаннан кейін оқыса, қалай оқиды?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Тұрақты елді-мекеннен шықпай тұрып намаз уақыты кірген жағдайда оны жолда оқитын болса, қысқартып оқиды. Ал, елді-мекенінен шықпай тұрып оқитын болса, толық оқиды.
Деректерге қарағанда, Әзіреті Әли Басра қаласынан шыға берісте бесін намазын төрт рәкәғат етіп оқиды да артынан қасындағыларға: «Егер біз мына бір қорадан асқанымызда, бесінді қысқартып оқитын едік», - деп түсіндірді[1]. Бұл кезде Әзіреті Әли Куфаға жол тартып бара жатқан-тын.
Ескертпе: Әлдебір мұсылман жолаушы атану үшін, біріншіден - баратын жері кем дегенде 85-90 шақырым ұзақтықта болуы керек. Екіншіден – сапарға ниет еткен болуы керек. Үшіншіден – тұрғылықты елді-мекен аумағынан толық шыққан болуы керек[2]. Жолаушы үкіміндегі кісі төрт рәкәғаттық парыз намаздарын екі рәкәғатқа қысқартып оқиды. Ал, үш рәкәғаттық не екі рәкәғаттық парыздарды қысқартпайды. Сондай-ақ, сүннет намаздары мен үтір намаздарын да оқитын болса, қысқартпай, сол күйінше оқиды.
[1] Ибн Әби Шәйбә: Мусаннаф.
[2] Бәдәиъу – 1/467-468 бет.