Ассаламуағалейкум! Қаза намазым бар болса, ал қазіргі намаздың уақыты шығып қалуға жақын тұрса, алдымен осы намазды оқып, қазаны келесі намаз уақыты кіргеннен кейін оқи аламын ба? Және осы тақырыпқа қатысты тағы бір сұрағым: егер қазіргі намаздың уақыты әлі бар болса, алдымен осы намазды оқып, қаза намазымды осы намаздан кейін оқысам бола ма? Дәулет.
|
Уақыты кірген намаз шығуға таяса, алдымен қаза намазды оқимын ба, әлде уақыты кірген намазды оқимын ба?
|
Бисмилләһир рахманир рахим, уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Уақыты кірген намаз шығуға жақын қалса, міндетті түрде әуелі уақыты кірген намаз оқылады, одан кейін қаза намазын өтейді. Өйткені қаза намазын өтеймін деп, басқа намазды қаза қылудың мәні жоқ.
Тіпті кітаптарда «тәртіп иелері» (сахибут тәртиб) жайында сөз қозғағанда: тәртіп иелері алдымен қаза намазын өтеп, одан кейін уақыты кірген намазды оқиды, осылай кезекті сақтау шарт, алайда уақыты кірген намаздың уақыты мұстахаб уақытынан шығуға таяп, мәкруһ уақытына кіруге жақындаса, әуелі уақыты кірген намаз оқылады, одан кейін қаза өтеледі. Себебі қазаны өтеу үшін, уақыты кірген намазды кемшілікті қылып, мәкруһ уақытта оқыған болмайды деп түсіндіреді1.
Тәртіп иесі деп, мойнында ең көп алты намаз ғана қазасы болған мұсылманды айтамыз. Алтау ғана қазасы бар мұсылман «тәртіп иесі» үкімін алады. Ал алты намаздан көп өтелмеген қазасы бар мұсылман тәртіп иесі саналмайды. Тәртіп иесі саналмайтын мұсылман қаза намазын уақыты кірген намаздан бұрын да, кейін де өтей береді.
1Имам Шүрунбүләли: «Имдәд». 488 бет.