Жылқының зекеті қалай есептеледі?
Жылқының зекеті қалай есептеледі?
10 жыл бұрын 15100

Әссәләмуғалейкум! Жылқыдан зекет қалай береді? Алла разы болсын! Нұрмұхаммед.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а) бойынша, жылдың көбін өніп-өсу­ле­рі үшін қырда өткізетін (сәә'има), еркек-ұрғашысы аралас жылқылардан зекет беріледі. Қаласа әр жылқыға бір динардан (динар шамамен 3-3,5 грамм алтын), қаласа ортақ құнын есептеп, одан 2,5% береді (1/40 немесе әр екі жүз дирхамнан бес дирхам).[1]. расында ұрғашысы жоқ тек еркек жылқылар үшін зекет берілмейді)

Жылқыдан зекет беріледі деуінің себебі, Құран Кәрімде: «Олардың малдарынан зекет ал», - деген аят бар. Мұндағы бұйрық жалпылама айтылғандықтан, жылқыны да қамтып тұр. Оның үстіне, бір «әлсіз хадисте» былай делінген: «Әр сәә’има жылқыдан бір алтын динар немесе он күміс дирхам зекет беріледі. Байлаулы жылқының (сәә’има емес) зекеті жоқ»[2]..

Алайда, Әбу Ханифаның қос шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (р.а.) «жылқының зекеті жоқ» деп есептеген[3]. Өйткені, сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Мұсылман адамның құлынан және жылқысынан зекет берілмейді»[4].

Әйткенмен, Ханафи мәзхабында осыған қатысты пәтуа - көбіне Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің тұжырымы негізінде беріледі[5].

Саудалау үшін бағылған жылқылардың зекеті, сауда тауары ретінде есептеледі.  


[1] Ихтияр – 1/141
[2] Дәруқутни. Әлсіз хадис. 
[3] Сахих Бухари - №1464; Сахих Мүслім - №982. ; 
[4] Любәб – 1/141 
[5]Фәтәуәл Һиндия – 1/196.

Абдусамат Қасым