"Әй, адам баласы!..."
"Әй, адам баласы!..."
2 ай бұрын 2205
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Алла Тағала былай дейді екен:

Әй, адам баласы! Қанағат қылсаң, мұқтаждықтан құтыласың. Іштарлықты тастасаң, рахаттанасың, көңілің жай табады. Харам істен ұзақ тұр, сонда дініңде ықыласты боласың. Кім ғайбат етуді доғарса, ол пендеде менің махаббатым көрініс табады. Кім адамдардан алшақ жүрсе, олардан сау-саламатты болады. Кімнің сөзі азайса, ақылы кемелденеді. Кім азға ризалық танытса, Аллаға деген сенімі артады.

Ей, адам баласы!

Сен білген нәрсеңді іс жүзіне асырмайсың, қалай білмеген нәрсеңді сұрайсың?

Ей, адам баласы!

Осы дүниеде ертең өлмейтіндей істейсің және мәңгі өмір сүретіндей мал-дүние жинайсың. Ей, дүние! Саған ашкөздік танытқандардан өзіңді махрұм ет. Саған қызықпайтын нысапты жанның соңынан қалма. Саған қараушылардың көзіне тәтті боп көрін.

Ей, адам баласы!

Кімде-кім дүниелік іске мұңайып, қайғыланса, онысы Алладан ұзақтауын, дүниеде тек қиындығын, ал ақыретте тек жүдеуін арттырады. Дүние үшін мұңайып, қайғыланатын кісінің жүрегінде Алла Тағала жалғасымды қайғы-мұң, қолы босамайтын мәселелер, ешқашан байлық көрмейтін кедейлік және әрзаман мәшғұл етер дәмелер жаратып қояды.

Ей, адам баласы!

Әркүні өміріңнің бір бөлігі қысқаруда, алайда оны сен сезбейсің. Әркүні ырзығыңды беріп тұрмын, алайда шүкір етпейсің. Азға қанағат қылмайсың, көпке тоймайсың.

Ей, адам баласы!

Менен саған ырзығын келмеген бір күнің жоқ. Ал сенен маған періштелер әр түні жаман іс-амалыңды алып келіп тұрады. Менің берген ырзығымды жейсің, бірақ маған қарсы шығасың. Маған дұға жасап сұрайсың, мен дұғаңа жауап беріп, менің жақсылығым саған түсіп тұрады, алайда оның орнына сенің жаман істерің маған жетуде. Мен сенің неткен керемет қожайыныңмын! Ал сен менің неткен жаман құлымсың! Менің саған берген нәрсемді айтпайсың. Сенің бірінен соң бірін жасайтын жаман істеріңді жасырамын. Мен сенен ұяламын, ал сен менен ұялмайсың. Мені ұмытасың, ал, басқаны еске аласың. Адамдардан қорқасың, ал менен қорықпайсың. Олардың зомбылығынан сескенесің, ал менің ашуымнан қорықпайсың.

Ей, адам баласы!

Мынадай пенделерден болма: үміті зор, бірақ тәубесі қысқа. Амалы жоқ, бірақ ақыретті көксейді. Тақуа діндардың сөзін айтады, бірақ екіжүзді мұнафиқтың ісін істейді. Ырзық берілсе қанағат қылмайды, ырзығы тарылса сабыр етпейді. Жақсылық істеуді бұйырады, бірақ өзі істемейді. Жаман, күнә істерден тыйяды, бірақ өзі тыйылмайды. Салиқалы кісілерді жақсы көреді, бірақ өзі олардан емес. Мұнафиқтарды жеккөреді, бірақ өзі солардан. Өзі амал етпейтін нәрселерді айтады. Бұйырылмаған нәрсені істейді. Басқасынан опалықты күтеді, өзі опасыз.

Ей, адам баласы!

Әр жаңа күнде жер саған тіл қатады. Ол былай дейді: «Ей, адам баласы, бүгін менің үстімде жүресің, ертең менің қойнауымда мұңаясың. Бүгін менің үстімде қалаған нәрселеріңді жейсің, ертең менің қойнауымда сені құрттар жейді. Ей, адам баласы! Мен – қорқынышты үймін. Мен – жауапқа тартар үймін. Жапа-жалғыз қалар үймін. Қап-қараңғы үймін. Мен – жыландар мен шаяндардың мекенімін. Ендеше, мені ізгі істеріңмен тұрғыз, жаман істеріңмен мені қиратпа!» дейді жер...1

А. Қасым

 


1Имам Ғазали: «Әл-Мауаъиз».

0 пікір