Tехнофеодализм қарқын алып келеді
Tехнофеодализм қарқын алып келеді
2 ай бұрын 1228
Янис Варуфакис

АФИНЫ – Капитализм осылай: революциялық жарылыспен емес, эволюциялық жыламсыраумен аяқталады. Кезінде адамдар арасындағы қарым-қатынастың негізгі бөлігі біржола нарықтық сипатқа көшкенше, капитализмнің біртіндеп феодализмді шетке ығыстырғаны сияқты бүгінде капитализмнің орнын техно-феодализм басуға айналды.

Бұл – «капитализмнің дәуірі аяқталды» деген ерте болжамдардан, әсіресе солшыл саясаткерлердің пікірлерінен кейін шыққан атышулы мәлімдеме. Бірақ бұл жолы оның шындыққа айналуы әбден мүмкін. 

Біраз уақыттан бері бұған айқын дәйектер де көріне бастады. Акциялар мен облигациялардың әдетте қарама-қарсы бағытта қозғалатын бағалары қатар өсіп, кейде құлдырап, бірақ үнемі бірдей өзгеріп отырды. Дәл осылай капитал құны да (акцияларға иелік етуге қажетті табыс) өзгеріп, төмендеудің орнына өсіп, болашақ табыс көлемі  нақтылығын жоғалта бастады. 

Алда салмақты бір өзгеріс болатынының анық белгісі былтыр 12 тамызда байқалды. Сол күні 2020 жылдың алғашқы жеті айында Ұлыбританияның ұлттық табысы 20% азайып, ең қорқынышты болжамдардың өзін басып озғанын білдік. Бірнеше минуттан кейін Лондон қаржы биржасында 2% өсім тіркелді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Қаржы саласы шынайы экономикадан ажырап, бөлек әлемге айналды. 

Бірақ тарихта бірінші рет болған бұл оқиға капитализмнің дәуірі аяқталды дегенді білдіре ме? Капитализм бұған дейін де бірқатар терең өзгерістерді бастан өткерді. Мүмкін жай ғана капитализмнің соңғы өзгерісіне дайын болуымыз керек шығар? Жоқ, мен олай ойламаймын. Қазір куә болып отырғанымыз капитализмнің тағы бір метаморфозасы ғана емес. Бұл – әлдеқайда терең әрі алаңдауды қажет ететін жағдай.  

Иә, 19-ғасырдың соңынан бері капитализм екі рет радикалды өзгеріске ұшырады. Бәсеке сипатынан олигополияға айналған бірінші өзгеріс екінші өндірістік революция кезінде болды. Бұл кезде электромагнетизм қаржыландыруға қажетті ірі желілік корпорациялар мен мегабанктердің пайда болуына әсер етті. Форд, Эдисон мен Крупп тарихтағы бірінші жол салушы ретінде наубайшы, сыра дайындаушы және ет сатушы Адам Смиттің орнын басты. Осыдан кейін болған үлкен қарыздар мен ірі табыстар 1929 жылғы дағдарысқа, жаңа бағыт пен екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қаржылық шектеулерге қарамастан, сирек кездесетін тұрақтылық орнатқан Бреттон-Вуд жүйесіне әкелді. 

1971 жылы Бреттон-Вуд жүйесінің жұмысы тоқтаған кезде капитализмнің екінші трансформациясы басталды. Америкада артып келе жатқан сауда тапшылығы әлемдік жиынтық сұранысқа себеп болды. Осылай АҚШ Германия, Жапония, кейінірек Қытайдың экспортын жұтып, жаһанданудың әлдеқайда белсенді кезеңіне жол ашты. Бұл кезде Уолл-стритке неміс, жапон және қытай нарығынан үздіксіз түскен пайда бәрін қаржыландыруға мүмкіндік берді.

Бірақ Wall Street өкілдері өз рөлін атқару үшін жаңа бағыт пен Бреттон-Вуд жүйесінің барлық шектеулерінен босатуды талап етті. Мемлекеттік басқару азайған соң, олигополистикалық капитализм қаржылық капитализмге айналды. Форд, Эдисон мен Крупп наубайшы, сыра дайындаушы және ет сатушы Смиттің орнын басқаны сияқты Goldman Sachs, JP Morgan және Lehman Brothers капитализмнің жаңа өкілдеріне айналды.

Бұл радикалды өзгерістердің маңызды салдары (Ұлы дағдарыс, Екінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы рецессия, 2009 жылдан кейінгі ұзаққа созылған тұралау) болғанымен, олар капитализмнің негізгі сипатын – жеке табыс пен кей нарықтан түсетін пайдаға негізделген жүйені өзгерткен жоқ. 

Иә, Смиттің капитализмінен олигополистикалық капитализмге өту табыс көлемін арттырып, конгломераттарға тұтынушылардан үлкен пайда табу үшін нарықтағы күшін (яғни, бәсекеден босауды) пайдалануға мүмкіндік берді. Иә, Уолл-стрит тонаудың нарықтық формаларының көмегімен қоғамнан пайда көрді. Бірақ олигополия мен  қаржылық капитализм General Electric немесе Coca-Cola компанияларын тығырыққа тіреген, болмаса Goldman Sachs банкі ойлап тапқан нарықтың көмегімен келетін пайда есебінен артатын жеке табысқа басымдық берді. 

2008 жылдан кейін бәрі өзгерді. 2009 жылы сәуірде G7 елдерінің орталық банктері бірауыздан ғаламдық қаржы жүйесін қалпына келтіру үшін ақша басып шығару мүмкіндігін пайдаланамыз деген шешімге келген кезде үлкен ақау байқалды. Бүгінде орталық банктердің жеке табысқа ұмтылуы емес, үздіксіз ақша басып шығаруы әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Қазір бағаны өсіруден пайда табу нарықтан Facebook, Amazon сияқты цифрлық платформаларға ауыса бастады. Бұл компаниялар олигополистикалық фирмаларға ұқсамайды. Олар феодалды княздіктер немесе шаруашылықтар сияқты жұмыс істейді. 

2020 жылы 12 тамызда болған оқиғаны экономикалық жүйелердің қозғаушы күшіне табыс емес, орталық банктердің тепе-теңдігі айналуымен түсіндіруге болады. Жаман хабар естіген қаржыгерлер «Тамаша! Англия банкі уайымға салынып, бұрынғыдан да көп фунт басып шығарып, оны бізге жібереді. Нағыз акция сатып алатын уақыт келді!» деп ойлады. Барлық батыс мемлекетінде орталық банктер ақша басып шығарады. Қаржыгерлер бұл ақшаны корпорацияларға жібереді. Олар өз кезегінде қаржыны өз акцияларын сатып алуға (құнды қағаздар бағасының табысқа қатысы жоқ) жұмсайды. Қазір жеке байлық нарықта емес, цифрлық платформаларда шоғырланған. Тарихта бірінші рет ірі корпорациялардың акционерлік капиталын кез келген адам тегін шығара алады. Facebook желісіне материал салу немесе Google Maps қосымшасын пайдаланудың мәні – осы. 

Әрине, мұның бәрі дәстүрлі капиталистік салалар жойылып кетті дегенді білдірмейді.  XIX ғасырдың басында капиталистік қатынастар басымдыққа ие бола бастағанына қарамастан, көп феодалдық қатынас әлі де бұрынғы қалпында сақталып қалды. Қазір дәл осы жағдай қайталанып, капиталистік қатынастар бұрынғы қалпында қалғанымен, техно-феодализм ескі жүйені біртіндеп ығыстыра бастады. 

Менің пікірім дұрыс болса, кез келген ынталандыру бағдарламасы бір мезетте өте үлкен әрі өте кішкентай бола алады. Ешқандай пайыздық мөлшерлеме корпоративті сектордың банкрот болуына әкеліп соқпай, толық жұмыспен қамтуға сәйкес келмейді. Ал капиталға жақын партиялар еңбекті қолдайтын бәсекелестерімен тартысқа түсетін таптық саясаттың дәуірі өткен. 

Капитализм жыламсыраған қалыпта бітеді десек те, жақында жарылыс болуы мүмкін. Технофеодалды эксплуатация мен теңсіздіктен шаршаған адамдар ұжымдық дауысқа ие болса, олардың үні алысқа жетеді. 

Янис Варуфакис – Грекияның бұрынғы қаржы министрі, MeRA25 партиясының көшбасшысы және Афины университетінің экономика профессоры.

Дереккөз: ekonomist.kz

 

0 пікір