Дінге бет бұруға кедергі келтіретін факторлар
Дінге бет бұруға кедергі келтіретін факторлар
1 жыл бұрын 3772

Мұсылман дінінде «тура жол» деп, Жаратушы Иеміз Құдай Тағаланың сүйікті елшісі ардақты Мұхаммед пайғамбар арқылы (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға жіберген Ислам дінін айтады. Ислам дінінің басты екі қайнаркөзі бар: Құран Кәрім және Хадис шәрифтер. Осы екі қазынаға жабысып, айырылмаған адам тура жолда бола бермек. Қазақша қарапайым тілмен айтқанда: Құдайын танып, мұсылман дініне бет бұрған адам - тура жолға түскен адам. 

Әрине, қазіргі таңда асыл дініміздің қадірін қашыратын түрлі ағымдар пайда болғандығы жасырын емес. Бірақ шайтан жүрген жерде ондай жағдайлардың болатындығы да сөзсіз. Шайтан да өзінің міндетін атқаруы тиіс. Сол себепті, түрлі адасқан ағымдар тарихта аз бой көрсетпеді. Алайда, көбісі жәй-жәй өшіп отырды. Өйткені дініміздің негізгі өзегі әрдайым сақталып, ескілікті дін ғұламаларымыздың көрсеткен үлкен ыждығаттылықтарының арқасында, мұсылман жұртшылығы дұрыс Ислам мен жалған ағымдардың арасын айыра білді. Соның нәтижесінде, көптеген ағымдар тарих сахнасынан жойылып, жоқ болды. Қазіргі таңда Исламда екі үлкен ағым бар. Бірі - шиіттік Ислам (шиизм). Екіншісі - сунниттік Ислам (Әһли сунна уәл жамағат). Әлем мұсылмандарының тоқсан пайызы сунниттік бағытта. Сунниттік Исламның шиізмнен бір ерекшелігі - Пайғамбарымыз бен оның сахабаларының ізімен жүріп, дінді барынша жалған наным-сенімдермен кірлетпей, діннің саф, кіршіксіз күйін сақтап, бәз қалпында ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын діттеуінде. Ал шиизм бағыты көп жерінде Исламның негізгі ұстанымынан ауытқығаны себепті, адасқан жол ретінде есептеледі.

Хош. Алла Тағала кімді жақсы көрсе иман береді, ал кімді тура жолға салғысы келсе, көңілін мұсылман дініне ашып қояды. Дегенмен, адамға ақиқат пен жалғанды айырар түйсік бергендігі де анық. Адам баласы ақылы мен көкейіндегі ар-ожданы арқылы ақиқатты айырып, бойындағы таңдау еркіндігінің көмегімен, не сол ақиқатты мойындайды және соған сай өмірін түзейді, не болмаса, бойсұнбай, жалғанды таңдайды.

Адасып жүргендердің дені өзінің таңдаған жолының жалған екендігін біледі. Іштей мойындайды. Алайда, соған қарамастан таңдауын соған жасайды. Мәселен, ешкім арақ ішуді жақсы іс демейді, бірақ арақ ішуді таңдайды. Ешкім есірткіні жақсы демейді, бірақ сөйте тұра есірткі қабылдайды. Және де көпшілігіміз мұсылман дінінің - тазалық діні, тәлім-тәрбие, әдеп діні, адамды имандылыққа, ибалыққа баулитын мектеп екендігін мойындаймыз, бірақ сөйте тұра бойсұнғымыз келмейді. Немесе, іштей төл дініміздің тәңірлік қайнаркөзден шыққан жақсы дүние екендігін ұқсақ та, бірақ сырттай мойындағымыз келмей, өтіріксінгенді дұрыс көріп тұратындарымыз да кездеседі. Оның себебі неде?

Діннен алшақтауға себеп болатын көптеген жағдайды айтуға болатын шығар. Бірақ төменде дінге бет бұруға кедергі келтірер негізгі факторларды келтіруге тырыстық. Олар келесідегідей:

1) Психологиялық кедергілер:

  • Нәпсінің құлына айналу, нәпсіқұмарлық.
  • Өзімшілдік, өзбіләрмандық. Кісінің өзін жеткілікті санау.
  • Тәкаппарлық. Өркөкіректік.
  • Күмәнді нәрселердің соңына түсу.
  • Ата-баба культы. Өткендердің жолына соқырсенімділікпен байлану. Көп тайпалардың ақыл жүгіртіп, тура нәрсені таңдауға кедергі келтіретін факторлардың бірі осы.
  • Дүниеқоңыздық. Дүниеге жүрекпен байлану.
  • Асығыстық. Байыппен ойланбау. Ақиқатқа ой жүгіртпей, әр нәрсені ақылға салудың орнына, асығыс теріс пікірлер қалыптастырып, соның салдарынан дінді өтіріксіну.
  • Құдайдан үмітін үзу. Құдай күнәмді кешірмейді деген сеніммен, күдер үзіп, Құдайға бет бұруға ықылас танытпай жатады. Негізінде Құдай Тағаланың «кешір» деп тәубе еткен пендесінің күнәларын кешіруге дайын екендігі аяттардан белгілі.

2) Әлеуметтік кедергілер:

  • Қоғамдағы өз мүддесін ойлайтын кейбір жуандардың кедергі жасауы. Мысалы, кезінде Құрайыш ру басшылары Ислам дінінің өздерінің мүдделерімен ұштаспайтындығын көргеннен соң, дінмен күресуге тырысты, дінге бет бұрғысы келгендерді ұрып-соғып, кедергі жасағысы келді.
  • Биліктегілердің кедергі жасауы. Кеңес заманының саясаты осыған мысал бола алады.
  • Байлығына мастанғандар. Байлыққа мастанған адамда тәкаппарлық, менмендік, өзгені қор санау және надандық сипаттары бой көрсете бастайды. Мұндайлар халықты үркітіп, өз мүдделеріне теріс келетін ақиқатты жоққа шығарады. Онымен қоймай, халықтың көкейіне күмән салуға тырысады. Осылайша өздері секілді, халықтың да нәпсіқұмарлық жолында жүруін қалайды. Тіпті бұл жолға ақша да құяды.

Алла Тағала адасып жүргендерге тура жолын көрсетіп, имансыздарға иман берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


Дайындаған Абдусамат Қасым  

0 пікір